Байқоңырдан кезекті "Протон-М" ұшырылды

"Протон-М" зымыран тасығышының Байқоңырдан ұшқан сәті. 30 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Бүгін Астана уақытымен сағат 05.08 шамасында Байқоңыр ғарыш айлағынан "Протон-М" зымыран тасығышы ұшырылды деп хабарлады ақпарат агенттіктері.

Зымыран бұл жолы ресейлік "Экспресс-АТ1" және "Экспресс-АТ2" байланыс спутниктерін жер орбитасына шығарады.

Бұған дейін Ресей 2014 жылы Байқоңырдан жиырма шақты зымыран тасығыш ұшыруды жоспарлап отыр, олардың жетеуі - «Протон» деп хабарланған.

Былтыр шілденің 2-сінде ресейлік үш «Глонасс» спутнигі тиелген «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді.

Апат орнындағы зиянды заттардың шектік концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі болған. Қазақстандық мамандардың бағалауынша ол 660-тан 330-ға дейін, ал ресейлік мамандардың есептеуінше 130-дан 10-ға дейін төмендеген.

Апаттан кейінгі айларда қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап еткен бірнеше акция өткізді.