Павел Дуров Ресейден кетті

Ресейлік "ВКонтакте" әлеуметтік желісінің негізін салушы Павел Дуров.

Ресейлік "ВКонтакте" әлеуметітк желісінің негізін салушы Павел Дуров Ресейден кеткенін мәлімдеді. TechCrunch ақпараттық сайтына берген сұхбатында ол Ресейге қайтып бармайтынын, себебі ол елде қазір "интернет бизнесті жүргізу мүмкін еместігін" айтқан. Дуров қай елге кеткенін жарияламады.

Бұған дейін Павел Дуров өзін "ВКонтакте" компаниясынан жұмыстан шығарып жібергенін және ол туралы ақпарат құралдарынан естіп-білгенін хабарлаған еді. Ол бұған қоса компаниядағы 12 пайыз акциясын Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қысымымен сатқанын, әлеуметтік желі Ресей президенті Владимир Путиннің сенімді адамдары Игорь Сечин мен олигарх Алишер Усмановтың толық бақылауында екенін айтқан.

100 миллионға жуық қолданушысы бар "ВКонтакте" желісі көбінесе Кремльдің ұстанымына қайшы келіп қалатын пікірлер айтылатын платформаға айналған еді. Дуровтың айтуынша, ФСБ өзінен Украинадағы Еуромайдан белсенділерінің жеке бас мәліметтерін беруді сұраған.