"Қазғарыш": "Протон-М" апатынан Қазақстанға зиян жоқ

Апатқа ұшыраған ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышының ұшырылу сәті. Байқоңыр, 16 мамыр 2014 жыл.

Байқоңырдан ұшырылып, бірнеше минуттан соң апатқа ұшыраған ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышының сынықтары Қазақстан аумағына түспейді және одан ешқандай зиян жоқ деп хабарлады 16 мамырда Қазақстан ұлттық ғарыш агенттігінің ("Қазғарыш") баспасөз қызметі.

16 мамырда Астана уақытымен сағат 03:42-де Байқоңырдан Ресейдің "Экспресс-АМ4Р" байланыс спутнигін тиеген Бриз-М" блокты "Протон-М" зымыран тасығышы ұшырылған еді. Ұшырылғаннан 9 минут өткенде зымыран тасығыштан ақау шығып, спутникті орбитаға шығара алмай апатқа ұшырағаны хабарланған.

Азаттыққа берген жауабында "Қазғарыш" агенттігі баспасөз қызметінің өкілі Ербол Дәулетов "зымыран ұшырылғаннан соң шамамен 4-5 минутта кем дегенде Жердің атмосфера қабатынан 300-350 километр қашықтыққа алыстап, Қазақстан аумағынан шығып кететінін" айтты.

"Зымыран ұшырылғаннан 9 минут өткенде апатқа ұшырады. Бұл ұшырылым процесінің үшінші сатысында зымыран орбитаға жақындап қалады деген сөз. Осындай жағдайда зымыран апатқа ұшырағанның өзінде көбінесе оның қалдықтары атмосфера қабатында жанып кетеді. Тіпті Жерге құлады дегеннің өзінде сынықтары ресейліктердің есебі бойынша Тынық мұхиты аумағына түсуі мүмкін. Апаттан Қазақстанға қандай да бір келіп-кетер зияны жоқ" деді "Қазғарыш" өкілі.

Ресей ақпарат құралдары ғарыш агенттігінің өкілдеріне сілтеме жасап, зымыран тасығыштың сынықтары «Қазақстаннан тыс, жоспарланбаған аумаққа - Тынық мұхиты немесе Алтай маңына құлауы мүмкін» екенін хабарлап жатыр.