Қазғарыш: Байқоңырда экология кодексін енгізуге Ресей қарсы

Байқоңыр ғарыш айлағына ұшырылуға дайындалып қойған "Протон-М" зымыран тасығышы. 28 сәуір 2014 жыл.

Байқоңырда Қазақстанның экологиялық кодексін енгізуге Ресей қарсы деп мәлімдеді бүгін мәжілістегі үкімет сағатында "Қазғарыш" агенттігі төрағасы Талғат Мұсабаев.

"Ресей жағынан қатты қарсылық болды. Тек бірер күн бұрын ғана Қазақстан мен Ресей арасында Байқоңыр ғарыш айлағының экологиясы туралы үкіметаралық келісімге қол қоюға шешім қабылданды" деді Мұсабаев. Оның сөзінше, Байқоңырда Қазақстан заңдарын енгізу кезінде бірнеше жыл бойы Ресей қарсы болып келген.

"Қазғарыш" басшысы ресейліктердің "Қазақстан Солтүстік Қазақстанда зымыран құлайтын жаңа аумақты бермейінше қол қоймауға тырысып келе жатқанын" айтады.

2013 жылы 2 шілдеде Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшыраған ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышынан бірнеше жүз тонна улы отын – гептилдің төгілуі Қазақстан қоғамында қарсылық акцияларын туғызған еді. Бұл апаттан кейінгі алғашқы «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ғарышқа 30 қыркүйекте ұшты.