ЕҚЫҰ Бакуді тәуелсіз баспасөзді қудаламауға шақырды

ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігін қорғау жөніндегі өкілі Дуня Миятович.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігін қорғау жөніндегі өкілі Дуня Миятович Әзербайжан билігін тәуелсіз ақпарат құралдары мен құқық қорғаушыларды қудалауды тоқтатуға шақырды.

Дуня Миятович «іс жүзінде ақпарат құралдары мен баспасөз құқығын қорғау ұйымдарының барлық тәуелсіз қызметкерлері негізсіз, жоспарлы түрде қуғындауға ұшырап отырғанын» мәлімдеді. ЕҚЫҰ өкілі мәлімдемесінде қарашаның 10-ы күні Бакуде ұсталған блогер Мехман Хусейновтың ісіне тоқталған. Тбилисиде ЕҚЫҰ-ның қолдауымен өтетін халықаралық конференцияға қатыспақ болған Хусейновті билік өкілдері Баку әуежайында ұстап, оның елден шығуына рұқсат етпеген.

Хусейновті Тбилисидегі конференцияға шақырған Миятович елден шығуға тыйым салынып, конференцияға бара алмай қалған Азаттықтың Әзербайжан қызметінің журналисі Хадиджа Исмаилованың жайын да айтты.

«Мен Әзербайжан билігін тәуелсіз БАҚ-қа қатысты дұшпандық саясат ұстануды доғаруға тағы да шақырамын» деді Миятович.