G20 саммитінде Украинадағы жағдай айтылды

«Үлкен жиырмалық» тобы саммитіне қатысушылар. Брисбен, Австралия, 15 қараша 2014 жыл.

Австралияда сенбі күні басталған «Үлкен жиырмалық» (G20) тобы саммитінің ресми күн тәртібіне енгізілмегенімен, Украинаның шығысындағы жағдай жиынға қатысушы лидерлер бейресми кездесулерде талқылаған маңызды тақырыпқа айналды. Ресей президенті Владимир Путиннің Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен, Франция президенті Франсуа Олландпен, Италияның үкімет жетекшісі Маттео Ренцимен және Канада премьері Стивен Харпермен кездесулерінде Украина мәселесі сөз болды.

Саммит кезіндегі оңаша кездесулерде Германия канцлері Ангела Меркель мен британ премьері Кэмерон егер Мәскеу Украинаның шығысынан әскері мен қару-жарағын шығармайтын болса, Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізілуі мүмкін екенінен хабардар еткен. Меркель Еуропа Одағы Украинадағы дағдарысқа қатысы бар Ресейдің жекелеген азаматтарына жаңадан қаржы санкцияларын салуды қарастырып жатқанын жеткізген. Кэмерон журналистерге егер Украинаның шығысындағы жағдай ушығатын болса, Еуропа Одағы, Ұлыбритания, АҚШ пен басқа да елдерге Ресейге «жаңа санкциялар енгізуден өзге еш амал қалмайтынын» айтқан.

Еуропа кеңесінің басшысы Херман Ван Ромпей егер Мәскеу Украинадан әскерін әкетпесе, дүйсенбі күні Еуропа Одағының сыртқы істер министрлері ары қарайғы дипломатиялық қадамдар мен Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар енгізу қажеттігі жайлы мәселелерді талқылайтынын мәлімдеген.

Саммиттің алғашқы күні АҚШ президенті Барак Обама Ресейдің Украинаның шығысындағы іс-әрекетін «әлемге төнген қауіп» деп атаған.