АҚШ Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығына қарсы әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін жұмылдырады деп мәлімдеді бүгін Австралияда АҚШ президенті Барак Обама.
«Үлкен жиырмалық» тобының екі күндік саммиті басталатын күні Брисбен қаласындағы Квинсленд университеті студенттері алдында сөйлеген Обама, Украинаға қарсы басқыншылықты бүкіл әлемге төнген қатер деп атап, оның бір айғағы ретінде Украинаның шығысында болған малайзиялық жолаушылар ұшағының жантүршігерлік апатын атады.
Украина билігі мен бірқатар батыс елдерінің жетекшілері ұшақты ресейшіл сепаратистер зымыранмен атып түсірген деген болжам айтады. Биыл шілденің 17-і күні болған апат салдарынан 298 адам қаза тапты, олардың 38-і – Австралия тұрғындары еді.
Брисбенде сөйлеген сөзінде Еуропа кеңесінің басшысы Херман Ван Ромпей сенбіге белгіленген Еуропа Одағы елдері лидерлерінің Барак Обамамен кездесуінде Украинадағы ахуал негізгі тақырып болатынын айтқан. Оның сөзінше, дүйсенбі күні Еуропа Одағының сыртқы істер министрлері Украинаның шығысындағы жағдайға байланысты бұдан ары қарайғы дипломатиялық қадамдар мен Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар енгізу қажеттігі жайлы мәселелерді талқылайды.
«Ресей өз аумағынан Украинаға қару-жарақ пен әскердің ағылуын тоқтатып, көрші елден әскерін алып кетуі керек» деген Херман Ван Ромпей.
Мәскеу Украинадағы қарулы сепаратистерге қолдау көрсетіп отырғаны және Украинаның шығысындағы ұрыстарға орыс әскерилері қатысып жүргені туралы айыптауларды жоққа шығарып келеді.