28 желтоқсан күні бортында 162 жолаушысы бар малайзиялық AirAsia компаниясының жолаушылар ұшағы радардан жоғалып кеткен. Лайнерді іздестурі жұмыстары басталған.
Ұшақ Индонезиядан Сингапурге ұшып шыққан. Әуеге көтерілгеннен бір сағаттан кейін жолаушылар лайнерінің Джакартамен (Индонезия астанасы - ред.) байланысы үзілген.
AirAsia компаниясының мәлімдемесінде Airbus A320-200 ұшағын іздестіру жоспары жасалғаны айтылған. Бұл оқиға Малайзия әуе компанияларына ауыр тиген 2014 жылдың соңында болып отыр.
Malaysia Airlines ұлттық компаниясы биыл екі ұшағынан айырылып, біреуі табылмады, екіншісінің жолаушылары қаза тапты. Бортында 239 жолаушысы болған MH370 рейсімен Куала-Лумпурден Пекинге ұшқан жолаушылар лайнері наурыз айында ізім-ғайым жоғалып кеткен еді. Ұшақтан сол күйі хабар жоқ.
Ал шілде айында бортында 298 жолаушысы бар MH17 рейсімен ұшқан жолаушылар лайнері сепаратистер мен Украина үкіметі арасында қақтығыс болып жатқан аймаққа құлады. Жолаушылар түгел қаза тапты. Кейіннен ұшақты атып түсірген деген болжам жасалды.