«Ислам мемлекеті» (ИМ) радикалды исламшылар тобы өздері кепілде ұстаған жапон журналисі Кендзи Готоны өлтіргені туралы видеожазбаны интернетте жариялады. Жапон үкіметі видеоның шынайы екені анықталғанын мәлімдеген. Бұған дейін Жапония билігі Готоны кепілден босату жөнінде ИМ тобымен келіссөздер жүргізу әрекетінің нәтижесіз болғанын хабарлаған еді.
Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ бұл қылмысты айыптап, «мұны жасаған террористерді Жапония ешқашан кешірмейді және халықаралық қауымдастықпен бірлесіп оларды жауапқа тартуға күш салады» деп мәлімдеді.
АҚШ президенті Барак Обама мен британ премьер-министрі Дэвид Кэмерон да Кэндзи Готоны өлтіргендердің ісін айыптады.
Қаңтардың 20-сы күні интернетте жарияланған алғашқы видеода бетперде киіп, қолына пышақ ұстаған бір адам егер Жапония үкіметі 72 сағаттың ішінде 200 миллион АҚШ долларын төлемесе, ИМ тобы кепілде ұстап отырған екі жапон азаматы – Харуна Юкава мен Кендзи Готоны өлтіретіндері туралы мәлімдеген. Бірнеше күннен кейін ИМ кепілдегі Харуна Юкаваны өлтіргенін хабарлап видео таратқан.
47 жастағы Кендзи Гото Жапонияда тәуелсіз видеожурналист ретінде танымал. Ол 1996 жылы Independent Press жеке меншік продюсерлік компаниясын ашқан. Готоны 2014 жылы қазанда Сирияда кепілге алған. Ол содан жарты жыл бұрын содырлардың қолына түскен отандасы Харуна Юкованы босату үшін Сирияға барған.