Ресей оппозициясы жексенбі күні Борис Немцовты еске алуға арналған акция өткізу жайлы Мәскеу билігінің келісімін алды. Бұл акция оппозиция наурыздың 1-і күні Мәскеудің Марьино ауданында өткізуді жоспарланған «Весна» шеруінің орнына өтетін болады.
Ресейлік оппозиция белсендісі Леонид Волков Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында шеру жексенбі күні жергілікті уақытпен сағат 15.00-де басталады деп хабарлады.
Бұған дейін Мәскеу билігі қарсылық шарасының орнына азалы акция өткізу заң талаптарына қайшы екенін алға тартқан. Мәскеу аймақтық қауіпсіздік департаментінің басшысы Алексей Майоров көпшілік шара туралы өтініш оны өткізерден кемінде он күн бұрын билік орындарына тапсырылуы тиіс деп мәлімдеген.
Сенбі күні таңнан бері жұрт Мәскеудің орталығында Борис Немцов қаза тапқан жерге гүлдер әкеп, шырақ жағып қойып жатыр.
Ресейдің оппозициялық саясаткері Борис Немцовты ақпанның 27-сі күні кешкісін Мәскеудің орталығында белгісіз біреулер ту сыртынан бірнеше рет атып өлтірді. Тергеушілер бұл қылмысқа байланысты жасап отырған бірнеше болжамның арасында «елдегі саяси жағдайдың шырқын бұзуды көздейтін арандату» деген долбар да бар.