Немцовтың қастандықтан қаза тапқанын Парнас партиясының мәскеулік бөлімінің жетекшісі Илья Пашин растады. Саясаткерге қастандық жұма күні кешкісін Васильев еңісінде жасалған. Тергеу комитетінің хабарлауынша, Немцовқа ақ түсті жеңіл көліктен алты оқ атылып, төртеуі тиген. Саясаткер 55 жасында жарақаттан көз жұмған.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің сөзінше, Владимир Путин "Борис Немцовқа қастандық жасаушыларды айыптайды, бұл өлімде қастандық және арандату сипаттары бар деп санайды".
Көптеген Батыс саясаткерлері Немцовтың қазасына қатысты көңіл білдіріп үлгерді. АҚШ сенаторы Джон Маккейн Twitter парағында өзінің бұл өлім туралы естіп "қатты қапаланғанын" жеткізді. Украина президенті Петр Порошенко Twitter парақшасында: "Есеңгіреп қалдым. Бористі өлтіріп кетті. Көңілім сенбейді" деп жазды.
Борис Немцов 1991 жылы Нижегород облысының бірінші губернаторы болып тағайындалған еді. Кейін Ресей үкіметіне ауысып, жанармай мен энергетика министрі (1997) үкімет төрағасының бірінші орынбасары (1997—1998) қызметтерін атқарған. 1998 жылы «Россия молодая» либералдық қозғалысын құрған, кейін «Правое дело» коалициясы (1998—2000) мен «Союз правых сил» партиясының негізін қалаған. Борис Немцов Ресей парламентіне де бірнеше мәрте сайланған, 1990 жылы РСФСР халық депутаты атанған, 1993 жылы Федерация кеңесіне өткен, 1999—2003 жылдары мемлекеттік Думаның депутаты, СПС фракциясының жетекшісі атанған. Оппозициялық «Солидарность» қозғалысының құрушысы, «РПР-ПАРНАС» партиясының тең төрағасы, Ресей оппозициясы үйлестіруші кеңесінің мүшесі болып келген. Аймақтық сайлауға да қатысып, 2013 жылы Ярославль облыстық думасына «РПР-Парнас» атынан депутат болып сайланған.
Борис Немцов Ресейдегі саяси ахуалды сипаттайтын «Путин. Итоги. 10 лет» және «Путин. Коррупция» кітаптарын жазған. Ол президент Владимир Путиннің кезіндегі ең ірі оппозициялық наразылық шараларына айналған «Марш несогласных» шеруі мен «За честные выборы» митингілерін ұйымдастырған еді. Кремльдің Батысқа қарсы саясатын ашық сынап келген Немцовтың әлеуметтік желілердегі жазбалары кең тарап, қызу талқылана бастаған болатын.
Борис Немцовтың Азаттықтың Орыс қызметіне берген соңғы сұхбаттарының бірі