Мәскеудің Басман соты оппозициялық саясаткер Борис Немцовты өлтіруге қатысы бар деген айып тағылған Анзор Губашев пен Заур Дадаевты сәуірдің 28-іне дейін тұтқындауға санкция берді.
Сот шешімін оқыған судьяның сөзінше, Дадаев өз айыбын мойындаған, ал Губашев кінәсі жоғын айтқан.
Сот Немцовтың қазасына қатысты тағы үш күдік адамды мамыр айының басына дейін қамауға алуға шешім шығарды.
Қылмыстық іс бойынша бес адам – Шешенстан полициясының «Север» батальоны бөлімшесінің командирі Заур Дадаев, Мәскеудегі жекеменшік күзет фирмасының қызметкері Анзор Губашев, оның інісі Шагид Губашев, сонымен бірге Тамерлан Эскерханов және Хамзат Бахаев қамауға алынған.
Бұған дейін Немцовты өлтіру қылмысы бойынша тағы бір «күдікті» Шешенстан астанасы Горзный қаласында өзін өзі гранатамен жарып өлді деп хабарланған.
Ресей оппозициясының жетекшісі Борис Немцовты ақпанның 27-сі күні кешке Мәскеуде Кремль маңындағы көпірде бірнеше рет атып өлтірген.
Бұл қылмысқа қатысты Ресей тергеу комитеті қарастырып отырғандардың арасында «елдегі саяси жағдайды шайқалтуды көздейтін арандату», «исламшыл экстремистердің қатысы» және «украиналық ішкі оқиғалар» сияқты жорамалдар бар.