"Роскосмос" агенттігінің хабарлауынша, "30 тамыз күні Байқоңыр ғарыш айлағында Ресейдің «Союз-ФГ» зымыран тасығышы құрастырылған". Бұл зымыран тасығыш арқылы 2 қыркүйек күні «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесі ұшырылады.
Зымыранды Байқоңырдағы №1 ұшыру алаңына 31 тамыз күні орнатуға шешім шығарылған. «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесін Халықаралық ғарыш станциясына ұшыру 2 қыркүйек күні, Мәскеу уақытымен сағат 07:37-ге жоспарланған.
"Роскосмос" агенттігінің хабарлауынша, «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесі экипажы құрамында Қазақстан космонавты Айдын Айымбетов, "Роскосмос" космонавты Сергей Волков және ЕКА астронавты Андреас Могенсен бар. Айдын Айымбетовтың ғарышқа сапарының шығынын Қазақстан тарапы төлейтіні бұған дейін хабарланған еді.