Венгрия билігі сенбі күні Словениямен шекарада орнатқан сым қоршаудың бір бөлігін алу туралы шешім қабылдағанын жария етті.
Бұған дейін Хорватия мен Сербия арасында шекарада тоқтап қалған қатынас қалпына келтірілген еді. Еуропа Одағы Таяу Шығыстан келіп жатқан босқындар жолына шекарада бөгет орнатуды азаматтардың қозғалыс еркіндігін шектеу деп сынаған болатын.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, шекарадан өтуді жеңілдету жөніндегі шаралар Еуроодақтың мигранттар дағдарысына арналған шұғыл саммитінен соң екі күннен кейін қабылданған. Одаққа мүше 28 мемлекеттің өкілдері ЕО елдері арасында өзара тиімді іс-қимылдың жеткіліксіздігі мен бір-бірін сынаған дау-дамайдың өрістеп отырғанына алаңдаушылық білдірген.
Қыркүйектің 15-інде Венгрия Сербиямен шекарасын жапқан соң Белград өз кезегінде ел аумағына енген 70 мыңға жуық босқынды Хорватиямен шекараға баруға мәжбүр еткен. Сол арқылы босқындар өздерін қабылдауға келіскен Австрия, Германия және басқа кейбір еуропалық мемлекеттерге бет алған еді.