Еуропа Одағының қысымымен жұма күні Хорватия Сербиямен шекарасын қайта ашқан соң, жеңіл және жүк көліктері шекарадан шектеусіз өте бастады деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі. Осылайша, Хорватия осы аптада Сербиямен арада босқындарға қатысты келіспеушіліктен шығып, сауда соғысы дәрежесіне дейін жеткен даулы мәселені реттеуге дайын екендігін көрсетті.
Таяу Шығыстан Батыс Еуропаға ағылған босқындар легін тоқтату үшін апта басында олардың жолында орналасқан осы көршілес екі елдің шекарасында шектеу енгізілген еді. Загреб билігі Венгрия өз шекарасынан өткізбей қойған босқындарды Хорватия шекарасына әдейі бағыттап жатыр деп Белградты айыптаған.
Хорватия Сербиядан келетін жүк көліктерін шекарадан өткізбей қойған соң Белград бейсенбі күні хорватиялық өнімдерді ел аумағына кіргізуге тыйым салған.
Енді Хорватия шекарасын қайта ашқан соң жақын уақытта Сербия да өзі енгізген эмбаргоның күшін жою туралы шешім шығаруы мүмкін.
Соңғы күндері екі ел арасындағы негізгі халықаралық сауда жолы саналатын Баяково мен Батровци шекаралық бекеттерінде жүздеген жүк көліктері тұрып қалған еді. Олардың кейбіріне тез бұзылатын өнімдер тиелген.
Көрші екі мемлекет арасындағы даулы мәселеге Еуропа Одағы араласқан. Одаққа мүше Хорватия мен ұйымға енуге кандидат Сербияның өзара шекараны жабуын Брюссель тұрақтылық пен ассоциациялар туралы пактіге қайшы іс-әрекет деп тапқан.
Хорватия ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, осы кезге дейін шекарадан ел аумағына өткен 60 мыңдай мигранттың көпшілігі автобус және поездармен Венгриямен шекараға апарылған.