Ресей мен Түркия қазіргі қалыптасқан жағдайдан шығу үшін келіссөзге жүгінуі керек деп мәлімдеді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл туралы ол жексенбі күні кешкісін мемлекеттік телеарнадан көрсетілген сұхбатында айтты.
«Қазақстан Түркиямен де, Ресеймен де жақсы қарым-қатынаста. Мен әу бастан [Ресей мен Түркияның] позицияларын жақындатуға тырыстым. Меніңше бұл [жанжал] ешкімге – Ресейге де, Түркияға да еш пайда әкелмейді. Егер ақылға жеңдірсек, бұдан шығу керек. Ең дұрыс жол – келіссөздер мен консенсус. Менің ойымша, бұл екі елдің мүддесіне сай және Қазақстан да оған мүдделі», - деді Назарбаев.
24 қарашада түркиялық әскери-әуе күштері Сириямен шекарада ресейлік бомбалаушы Су-24 ұшағын атып түсіргеннен соң екі елдің қатынасы нашарлап кетті. Анкара мен онымен одақтас батыс елдері Ресей ұшағы «Түркия әуе кеңістігін бұзып, ескертулерді елемеді» дейді. Бірақ Ресей ұшақтың «Сирия әуе кеңістігінен шықпағанын» айтады.
Қарашаның соңында Ресей президенті Владимир Путин Түркияға қарсы санкциялар салу туралы жарлыққа қол қойды. Мәскеу алдағы қаңтардан бастап Түркиямен визасыз қатынастың күші жойылатынын мәлімдеді. Сонымен бірге Ресейдің Түркиямен бірлескен кейбір жобаларды тоқтататыны туралы хабарланды.
Түркия сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоглу желтоқсанның 11-і күні түркиялық NTV телеарнасына берген сұхбатында Анкара Мәскеумен қарым-қатынасын қалыпқа келтіруге ниетті екенін, алайда «шыдамның да шегі барын» мәлімдеген.