Зерттеу: Қытай тибеттіктерді "әскери әдіспен" оқытып, еркінен тыс жұмысқа жіберіп жатыр

Тибет аймағында жүрген жұрт.

Қытай билігі Тибетте жұртты "әскери стильдегі" орталыққа әкеп оқытып, кейін түрлі жұмыстарға еркінен тыс жіберіп жатыр. Бұл туралы 22 қыркүйекте жарияланған Reuters ақпарат агенттігінің мақаласы мен АҚШ-тағы Jamestown Foundation институтының зерттеушісі Адриан Зенцтің зерттеуінде айтылады. Зерттеушінің Азаттыққа айтуынша, Тибеттегі жұмысшылар бағдарламасы Шыңжаңдағы жұртты еркінен тыс жұмысқа жегу әдісімен ұқсас.

"АУЫЛДА БОС ЖҮРГЕНДЕРДІ ӘСКЕРИ ӘДІСПЕН ОҚЫТУ"

Пекин арнайы квота бөліп, жұмысшыларды Тибеттің ішіне және Қытайдың басқа аймақтарына жұмысқа жіберген. Мұны Reuters мемлекеттік басылымдарда шыққан жүздеген ақпараттардан, Тибет билігінің құжаттарынан және 2016-2020 жылдары жұмыс күшіне сұраныс құжаттарынан (procurement requests) анықтаған.

Тибет өлкесі билігінің сайтында тамызда жарияланған хабарламада жоба бойынша 2020 жылдың алғашқы жеті айында жарты миллионнан астам адам оқығаны жазылған. Reuters агенттігінің жазуынша, 50 мың адам Тибет ішіне жұмысқа жіберілген, мыңдаған адам Қытайдың басқа аймақтарына жұмысқа кеткен. Көбіне аз жалақы беріледі. Олар мата өндірісі, құрылыс және ауыл шаруашылық саласына жұмысқа жіберілген.

Тибет пен Шыңжаңдағы жағдайды зерттеп жүрген тәуелсіз сарапшы Адриан Зенцтің зерттеуінде жазылғандай, Тибет өлкесінде жұмысшылар бағдарламасы 2019 жылы таныстырылып, 2020 жылы "әскери стильдегі" тәрбиелеу орталығына "ауылда бос жүргендерді" әкелу жүзеге аса бастаған. Жұмысшылар бағдарламасына сай, тибеттіктер "әскери стильдегі" орталықта "теріс ойлардан тазарып", "теріс діндердің әсерінен арылып", заң және қытай тілін оқуы тиіс.

Пекинде жүрген тибеттіктер. 2020 жылдың ақпаны.

Reuters агенттігінің жазуынша, орталықта әскердегідей темірдей тәртіп орнап, тәрбиеленушілері жаттығуға қатысып, әскери форма киеді.

"Бұл жерде әскери жаттығудың басқа түрі, яғни сәл жеңілдеу түрі қолданылады. Бұл көбінесе жұмысшыларды бағындыруды көздейді. Тибеттіктерді жалқау, артта қалған, жайбасар, лас деп қабылдайды да, оларды ритмге түсіргісі келеді. Әскери стильдегі білімнің ең үлкен мақсаты – осы" дейді Австралиядағы Ла Троб университетінің профессоры, Шыңжаң және Тибетті зерттеуші Джеймс Лейболд Reuters агентігіне.

Ал Зенц өз зерттеуінде "кейбір құжаттарда бұл бағдарламаға ерікті түрде қабылданады деп сендіргенімен, деректер жүйелі түрде қысым барын көрсетеді. Орталықтағыларға жұмыс бойынша мақсатты орындау үшін қысым жасалған" дейді.

Reuters агенттігінің анықтауынша, квотаны дұрыс игермеген, жоспарды орындамаған шенеуніктерге жаза қарастырылған.

"ШЫҢЖАҢДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА ҰҚСАС"

Биыл наурызда Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) арнайы есеп жариялап, Қытай билігінің Шыңжаңда да ұйғырлар мен басқа да мұсылмандарды арнайы лагерьден соң әлемдік брендтермен серіктес кәсіпорындарға еркінен тыс жұмысқа жібергені туралы жазған. БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда миллионнан астам ұйғыр мен қазақты және басқа да мұсылмандарды арнайы лагерьде қамап, ұстаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытай билігі ұйғырларды мәжбүрлі жұмысқа жеккен"

Зерттеу авторы Зенц Азаттыққа берген сұхбатында Тибетті "Шыңжаң сияқты әлеуметтік бақылау орнату арқылы тәжірибе жасау алаңы" деп атады. Оның сөзінше, бұл – бұрын Компартияның Тибеттегі хатшысы болған, қазір Компартияның Шыңжаңдағы өкілі Чэн Цюаньгоның әдісі.

"Шыңжаңдағы еркінен айыру ғана емес, кәсіби оқыту және еңбекке жегу бойынша "жетістіктер" қазір Тибетке енгізіліп жатыр" деді Зенц Азаттыққа.

Зенцтің зерттеуінше, Тибетте де Шыңжаңдағыдай жоспар жүзеге асып, агенттіктер мен компаниялар тибеттіктерді Қытайдың ішіне жұмысқа жіберсе әрбірі үшін 500 юань (74 доллар), Тибеттің ішіне жөнелтсе 300 юань (40 доллар) ақы алған.

ҚЫТАЙ БИЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Қытай сыртқы істер министрлігі Reuters агенттігіне Тибеттегі жұмысқа жегуді мүлде жоққа шығарған. Министрлік "Қытай заңға сүйенетін ел және жұмыс ерікті түрде жүреді әрі лайықты төлемі бар" деген.

Қытай билігі құқық қорғаушылардың сынына қарамастан Шыңжаңда да, Тибетте де жұмысшылар бағдарламасына қатысу ерікті түрде деумен келеді. Пекин Шыңжаңда саяси тәрбиелеу орталықтарын "терроризммен және экстремизммен күрес" деп атап, мұндай орталықтарда 2014-2019 жылдары шамамен 7,7 млн адам оқығанын айтады.

Шыңжаң мен Тибет – Қытай билігінің назарындағы ерекше аймақтар. Пекин бұл аймақтарда Қытайдан бөлінгісі келетін сепаратистер көп деп, бұл өлкелерде күзетті күшейткен.

Қытай әскері 1950 жылы Тибетті басып алған. Пекин мұны "бейбіт әрекет" деп атаған.

"ШЫҢЖАҢ БИЛІГІ ӨЛКЕДЕ БАЛА ТУУДЫҢ АЗАЙҒАНЫН РАСТАЙДЫ"

Қытайдың Шыңжаң өлкесінің билігі америкалық CNN арнасына жіберген ресми жауабында өлкеде 2018 жылы бала туу үш есеге төмендегені байқалған. CNN сайтында жариялаған 21 қыркүйектегі мақалада Шыңжаң билігі өлкеде бала туу азайғанын растаған, бірақ әйелдерді күштеп жасанды түсік жасату, баласын алдырып тастау сынды қысымды жоққа шығарған.

Биыл маусымда Адриан Зенц арнайы баяндама жариялап, "Қытай билігінің Шыңжаңда мұсылмандардың санын азайту үшін арнайы бағдарламасы болған" деп мәлімдеген. Ол Қытайдың бұл әрекетін "БҰҰ қаулысына сай геноцид деп атауға болады" деген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Демографиялық геноцид". Пекинді ұйғыр мен қазақтың бала тууын шектеді деп айыптады

Баяндамада биліктің бала тууды шектеу саясатын бұзған әйелдерді еркінен тыс, күштеп лагерьге жіберетінін айтып қорқытып отырғаны жазылған. Билік бұйрығына мойынсұнбаған, түсік жасатудан бас тартқан әйелдер жазаланған. Ал мемлекет рұқсат еткен екіден (немесе ауылды жерде үш баладан) кем баласы бар кейбір әйелді жүктіліктен сақтайтын арнайы зат қолдануға мәжбүрлеген. Бұған қоса, Зенц баяндамасында әйелдерді бала көтеру қабілетінен айыратын ота жасатуға мәжбүрлейтіні немесе оларға инъекция салып, соның салдарынан әйелдердің етеккірі тоқтап қалғаны не әдеттен тыс уақытта келгені байқалғаны айтылған.

Зенцтің зерттеуінше, Шыңжаңда Қытаймен салыстырғанда ұрықсыздану және жатыріші спираль орнату әлдеқайда өскені байқалған. Мәселен, ұрықсыздану 2018 жылы Шыңжаңда 100 мың адамға шаққанда 243-ке өссе, Қытайда бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 33-ке дейін төмендеген. Жатыріші спиралін орнату Қытайда 100 адамға шаққанда 21 болса, Шыңжаңда бұл көрсеткіш 963-ке жеткен.

Шыңжаң билігі CNN-ге берген жауабында "геноцид" дегенді жоққа шығарып, Шыңжаңда 2010-2018 жылдары халық саны 3 миллионға өскенін айтқан. Өлке билігі Шыңжаңда туу деңгейі 2017 жылы мың адамға шаққанда 15,88-ге, 2018 жылы жүз адамға шаққанда 10,69-ға төмендегенін жазған. Олар мұны "отбасы жоспарлау саясатының жүзеге асып жатқанымен" түсіндірген.

Зенц Азаттыққа берген пікірінде Шыңжаң билігінің өлкеде 2010-2018 жылдары халық саны өсті деген мәлімдемесін "цифрмен ойнау" және "шатастыратын ақпарат" деді. Оның сөзінше, 2016 жылға дейін басқа ұлттық топтардың саны артқан, бірақ кейін бірден кеміп кеткен.

"2017-2019 жылы арасындағы халықтың өсімін қарау керек" деді ол.

Шыңжаң билігінің CNN берген жауабында 2019 жылғы халық санының өсуі бойынша дерек жоқ.

Этникалық қазақ Гүлзира Мөгдін 2018 жылы берген сұхбатында Азаттыққа "Шыңжаңға барғанда түсік жасауға мәжбүр болдым" деген. Шыңжаңда тұрып, кейін басқа елдерге кетіп қалған ұйғыр әйелдер де халықаралық басылымдарға аборт жасатуға мәжбүр болғанын айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайда "қысыммен түсік жасатқан" әйел