Ақтөбе соты бұрынғы әйелі Айнагүл Бекенованы "өлімші етіп сабап, бетін тіліп тастаған" Сәкен Бекеновті 4 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімі 7 қазан күні шықты.
Айыптау актісіне сай, 38 жастағы Сәкен Бекенов биыл 14 наурызда масаң күйінде бұрынғы әйелінің жұмыс орнына барып, қол көтерген, пышақ жұмсаған.
Күдіктінің үстінен бастапқыда "Денсаулыққа орташа зиян келтіру" бабымен қылмыстық іс қозғалып, қолхатпен босатылған еді. Тұрмыста зорлық көрген әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын "НеМолчиKZ" қоры зәбір көрген әйел туралы желіде жариялаған соң бұл іске қоғам назары ауған.
Кейін Сәкен Бекеновке тағылған айып ауырлап, іс сотқа "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" (Қылмыстық кодексі 106-бабының 1-бөлігі ) бабымен кетті.
6 қазан күнгі сот жарыссөзі кезінде Сәкен Бекенов өзіне тағылған айыпты мойындап, бұрынғы әйелінен кешірім сұрады. Түрме жазасы кесілмеген жағдайда Айнагүл Бекеноваға материалдық тұрғыдан көмек көрсетуге әзір екенін айтты.
Жәбірленуші Айнагүл Бекенова бұрынғы күйеуін кешірген.
- Маған оның қаржылай қолдауы қажет емес. Тек мені жайыма қалдырса болғаны, - дейді Айнагүл Бекенова.
Сотталушы Бекеновтің адвокаты Күләш Манько "сот үкімі қатал болды" деп санайды.
- Қолына пышақ алып, қылмыс жасаған Бекеновті ақтап отырғаным жоқ. Бірақ отбасындағы жанжалға бір адамды ғана кінәлауға болмайды. Кінә екі жақтан да бар. Әрине, Айнагүл Бекенованың бұрынғы күйеуін кешіргеніне ризамыз. Жәбірленушінің кешіріміне қарамастан сот Бекеновке төрт жылдық түрме жазасын кесті. Біз үкімге риза емеспіз. Үкімге қатысты апелляциялық алқаға шағым түсерміз, - дейді адвокат.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бұрынғы күйеуінен зорлық көрген әйелдің мұңыБҰҰ есебінше, Қазақстанда жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан шамамен 400 әйел қаза болады. Ал Қазақстан билігінің дерегінше, 2018 жылы отбасындағы әлімжетік туралы арыз-шағымдар 2015 жылмен салыстырғанда 104 пайызға көбейген.