Шымкентте пикет өткізген белсенді "сайлауға бойкот жариялауға" үндеді

Шымкент орталығында пикет өткізіп тұрған Жамбыл Жүнісбеков. 11 қараша, 2020 жыл.

11 қарашада Шымкенттегі Mega Planet ойын-сауық орталығы алдында азаматтық белсенді 60 жастағы Жамбыл Жүнісбеков бір адамдық пикет өткізді. Белсенді мен оны жақтап келген оннан аса адамды полиция мен әкімдік қызметкерлері бақылап тұрды.

Демократиялық партия құрғысы келетін бастама топты қолдайтын Жүнісбеков қала әкімдігі рұқсат еткен пикетке екі плакатты мойнына іліп келген. Плакаттарға "Жер шетелдіктерге жалға берілмесін!", "Бір реттік несиелік амнистия жариялансын!", "Саяси реформаларсыз сайлауға бойкот!", "Демократиялық партия тіркелуі тиіс!" деген сөздер жазылған.

- 2021 жылдың 10 қаңтарында парламент сайлауы өтеді. Бұл кезекті ойыншық сайлау, өтірік сайлау. Бізге саяси реформа керек. Карантин кезінде жұмыссыз қалып, несиесін өтей алмай отырған адамдарға несиелік амнистия жариялауды талап етемін! - деді белсенді.

Жүнісбеков ойын-сауық орталығына келіп, кетіп жатқан тұрғындарға қарап, дауыстап "Сайлау өткізуге қарсы болайық!", "Жер сатылмасын!" деп ұрандата бастады. Кей тұрғындар "Жерді ешкімге бермейміз! Қолдаймын!" деп оның пикетіне назар аударды. Осы кезде пикетті сырттан бақылап тұрған Әл-Фараби аудандық әкімдігінің өкілі ескерту жасады.

"Сіз заң талабын бұзып тұрсыз. Сұрақтары болса халық өзі келіп сұрайды" деді ол. Әкімдік өкілі Жүнісбековті жақтап келген оннан аса азаматтық белсендінің жиналуы да заңсыз екенін ескертті. Оның сөзіне қарағанда жиналғандар карантин талаптарын бұзып отыр.

Пикет шамамен бір сағатқа созылды. Бұдан соң жиналғандар тарады.

Осыған дейін "Демпартия" өкілдері алда келе жатқан парламент сайлауының бәсекесіз өтетінін айтып, оған пикет, митингілер арқылы қарсылық білдіріп, бойкот жариялайтынын мәлімдеген. Олар 3 қарашадан бастап күн сайын бір адамдық пикет ұйымдастырып, мәселеге көптің назарын аудартуға тырысатынын айтқан. Содан бері "Демпартия" жақтастары күн сайын Алматыда пикет өткізіп келеді. Ал Шымкентте мұндай шара алғаш рет өтіп отыр.

Осыған дейін Алматы әкімдігінің "Демпартияға" 14 қарашада митинг өткізуге рұқсат бергені хабарланған. Митингіде төрт тақырып көтеріледі деп айтылады: парламент сайлауына бойкот, халыққа несиелік амнистия жариялау, шетелдіктерге жердің жалға берілмеуін және саяси тұтқындарға бостандық талап ету.

Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға партиялар ұсынған кандидаттар ғана сайлана алады. Өзін-өзі ұсынған азаматтар мәслихатқа сайлана алмайды.

ОСК белгілеген ережеге сәйкес, 10 қараша мен 30 қараша аралығында мәжіліске партия атынан кандидат ұсыну басталады. Кандидаттарды тіркеу 10 желтоқсанда аяқталады.

Елде ресми тіркелген алты партия бар. Қазақстанда былтырдан бері билікке сын айтып, саяси реформа талап етіп жүрген бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады. Кейбір сарапшылар билік тәуелсіз белсенділерге партия құруға мүмкіндік бермей отыр деп сынаған.

Биыл ақпан айында құрылтай съезін өткізуге талпынған "Демпартия" өкілдері шара қарсаңында биліктің қысымды үдеткенін мәлімдеп, құрылтай өткізуден бас тартқан болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билік демпартияны тіркесін!". Алматыда белсенділердің күн сайынғы пикеті өтіп жатыр