Украинада заңсыз жүргендерді ұстайтын уақытша қамау орталығында отырған Шыңжаң қазағы Ерсін Еркінұлына депортация қаупі төніп тұрған жоқ. Еркінұлына заңгерлік көмек беріп отырған украиналық "Право на защиту" (Қорғалуға құқығы бар) ұйымы Азаттыққа осылай деп мәлімдеді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, Еркінұлы жақын арада Украинаға босқын мәртебесін беру туралы өтініш тапсырады.
- Қазір оған экстрадициялау, депортациялау қаупі төніп тұрған жоқ. Себебі, осыған дейін оның аты-жөнін анықтау мақсатында ұстау туралы сот шешімі ғана шықты. Еркінұлының мүддесін қорғап отырған Львовтағы адвокатымыз бұл шешімге байланысты сотқа қайта шағым түсірген. Клиент босқын мәртебесін беру туралы өтініш түсіргісі келеді. Әзірге осы нәрсені ғана айта аламын, - деді аты-жөнін айтпаған ұйым өкілі.
Осыған дейін интернетте ақпарат құралдарынан көмек сұраған видеожазбасында Ерсін Еркінұлы өзін Қытайға депортациялау туралы шешім шыққанын айтқан болатын. Бірақ украиналық қор бұл ақпаратты жоққа шығарып, оның аты-жөнін анықтау мақсатында ұстау жөнінде бір ғана шешім шыққанын айтты.
Украина заңгерлерінің болжамынша, алдағы уақытта сот Еркінұлын елден шығару мәселесін қарауы мүмкін. Алайда одан босқын мәртебесін беру туралы өтініш түссе, елден шығару процедурасы тұтас тоқтап, босқын мәртебесі бойынша шешім шыққанға дейін Еркінұлы шетелдіктер уақытша тұратын орталыққа орналастырылады.
"Право на защиту" ұйымы оны Қытайға депортацияламауға "бар күшін салатынын" айтып отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мені Қытайда түрме күтіп тұр". Шыңжаң қазағы Украинада қамауда отырғанын айтадыШыңжаң қазағы 23 жастағы Ерсін Еркінұлы қазір Украинаның Львов қаласындағы заңсыз жүргендерді ұстайтын уақытша қамау орталығында отыр. Осыған дейін келіп түскен ақпарат бойынша, Қазақстаннан азаматтық ала алмай, Түркияға онан әрі Еуропаға өтіп, Киевтің Борисполь әуежайына келгенде құжаттарын жоғалтып алған Еркінұлын украин шекарашылары Львов облысында "шекараны заңсыз кесіп өтпек болғаны үшін" ұстаған. Ол ақпарат құралдарынан көмек сұрап, жариялаған видеосында өзін "Қытайға депортациялауы мүмкін екенін, егер қайтарса, азап пен түрме күтіп тұрғанын" айтқан.
Соңғы бірнеше жылда Қытайдың Шыңжаң аймағынан бірнеше этникалық қазақ қашып келген. Олар сол жақтағы қысымға шыдамай, қашуға мәжбүр болғандарын айтқан. Қазақстан билігі жақында төртеуіне босқын мәртебесін берген. Бір-екі жыл бұрын босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге Швецияға қоныс аударған еді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "қайта саяси тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.
Бұған дейін лагерьлерде отырып шыққан қазақтар Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерімен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Аборт, шошқа етін жегізу һәм лагерь. Қытайда мұсылман болудың машақаты