АҚШ билігі Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовқа Магнитский актісі негізінде санкция салды. Бұл ақпаратты АҚШ қаржы министрлігінің шетел активтерін бақылау басқармасы хабарлады. Вашингтон адам құқығын өрескел бұзды деп күдікке ілінгендерді жауапқа тарту үшін Магнитский актісінің шарттарын қолданады.
АҚШ Матраимовпен бірге Макао мен Либерияның екі азаматына және Гонконг, Палау, Камбоджаның үш ұйымына санкция салған.
Қырғызстанда Матраимовқа жемқорлықпен шұғылданды деген айып тағылған. Тергеу органдарының мәліметінше, Райымбек Матраимов пен кеден қызметінің өзге де лауазымды тұлғалары ұйымдастырған "жемқорлықтан" мемлекетке үлкен шығын келген.
Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен бостандыққа шыққан Матраимов мемлекетке келтірген шығынды (шамамен 23,6 млн доллар) төлеуге уәде берген.
Қырғызстан қаржы министрлігінің хабарлауынша, Райымбек Матраимов қазіргі дейін осы ведомствоның есепшотына 733 млн сом (8,6 млн АҚШ доллары) аударған. Ол қараша айының соңына дейін 2 млрд сом (23,6 млн доллар) төлеуге міндеттелген.
17 қазанда Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті кеден органдарындағы жемқорлық фактілеріне байланысты тергеу басталғанын хабарлаған.
Азаттықтың Қырғыз қызметі, "Клооп" және Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) жүргізген журналистік зерттеулер топтамасында Райымбек Матраимов аталған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ірі жемқорлықты әшкерелеген кәсіпкерді атып өлтірдіЖурналистік зерттеу жарық көргеннен кейін Райымбек Матраимов, оның бауыры, парламент депутаты Ескендір Матраимов, әйелдері сонымен бірге "Исмаил Ата" қайырымдылық қоры Азаттықты, журналист Әли Токтакунов пен "Клооп" сайтын сотқа берген. Ескендір Матраимов "материалдарды беделімді түсіру үшін жариялады" деп мәлімдеген. Кейінірек 24.kg сайты үстінен түсірген арыздарын қайтып алған.