Алматыда тұратын ғалым, азаматтық белсенді Есенғазы Қуандық белгісіз біреулер көлігіне от қойып кеткенін айтады. 14 желтоқсанға қараған түні сағат 2-лер шамасында ол көлігінің жанып жатқанын көрген.
- Терезеден қарасам, лапылдап жанып жатыр. Жалма-жан далаға жалаң аяқ атып шықтым. Үлкен шүберек тауып алдым. Сонымен ұрып-ұрып өшірдім. Сосын көршілерім шықты. Өрт сөндірушілер келгенше сөндіріп алдық. Салоны түгел жанып кетті, - дейді ол Азаттық тілшісіне.
Ол көлігіне біреулер өрт қойды деп топшылайды.
- Бензин багының қақпағы ішінен ғана ашылады. Ол ашық тұр. Ал қақпағы жерде жатыр. Ол өзінен өзі "замыкание" болып, секіріп кетпейді ғой. Және ол өрт шығатын жер де емес, "замыкание" әдетте мотордан болады, - дейді белсенді.
Есенғазы Қуандық оқиғаны өзінің азаматтық белсенділігімен, билікті сынаған жазбаларымен байланыстырады. Ғалым соңғы рет әлеуметтік желіде сайлау туралы пост жазып, билікті сынаған.
- Президент "әлеуметтік араздық туғызатын заңға" қол қойды деп жазғанмын. Неге десеңіз, бізде партиялық тізімнің 30 пайызы - жастар мен әйелдерден құралуы керек деген өзгеріс сайлау туралы заңнамаға енгізілді. Ал бізде негізгі заңда ұлтына, жынысына, дініне қарамастан бәрі заң алдында тең деп жазылған. Халықаралық құжаттарға сүйеніп тұрып, талдап, бәрін жоққа шығарғанмын. "Бар кінәм" осы шығар, - дейді Есенғазы Қуандық.
Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының кезекшілігінде отырған қызметкердің айтуынша, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 202-бабы бойынша ("Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру") қылмыстық іс қозғалған. Бірақ кезекші істің жай-жапсарын айтпады. Қылмыстық істермен айналысатын бөлім мамандары да жауап бермеді.
Қазақстанда кейінгі кезде қоғамға пікірін ашық айтып жүрген белсенділердің көлігін өртеу немесе бүлдіру оқиғалары жиілеген. Биыл мамыр айында адвокат Айман Омарованың көлігі өртеген. Былтыр жыл соңында шымкенттік белсенді Нұржан Мұхамедовтің көлігіне біреулер иттің басын тастап, көлігінің сыртына балағат сөздер жазып кеткен. Полиция қылмыстық істердің немен аяқталғанын хабарламады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Көлігінен иттің басы табылған" белсендінің қауіпсіздігіне алаңдаған топ полицияға келдіҚазақстанда саяси партияларды мәжіліс пен мәслихат депутаттарына кандидаттар тізімін жасақтаған кезде әйелдер мен жастарға 30 пайыз квота қарастыруды міндеттейтін заң 25 мамырда қабылданған. Заң жобасының авторлары сол кезде бұл өзгеріс жастар мен әйелдердің "қоғамдық саяси өмірге белсендірек араласуына ықпал етеді" деп айтқан еді. Ал тәуелсіз сарапшылар жаңа заңда тәуелсіз белсенділердің сайлауға түсуіне кедергі жасайтын ережелер көп деп сынаған.