20 қарашада түстен кейін 20-ға жуық адам Шымкент қалалық полиция департаментіне барып, белсенді Нұржан Мұхаммедовке "қоқан-лоқы" жасаған адамдарды тауып, жауапкершілікке тартуды талап етті. 19 қарашада белсенді Нұржан Мұхаммедов белгісіз біреулердің көлігінің терезесін шағып, иттің басын тастап кеткенін айтып, мұны "азаматтық белсенділігімен" байланыстырған еді.
Полиция басшысына арнап жазылған үндеуде Мұхаммедов пен оның оның отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, 1 желтоқсанға дейін оқиғаны ұйымдастырғандарды тауып, жауапқа тарту, сот процесін ашық өткізу, кінәлілер табылмаған жағдайда полиция басшыларын отставкаға жіберу сияқты талаптар жазылған. Оған отыз шақты адам қол қойған. Олар бұған қоса, оқиғаны бұзақылық емес, экстремизм бабы бойынша зерттеуді талап етті.
Видео: Белсенді біреулердің көлігіне иттің басын тастап кеткенін айтады (19 қараша 2019 жыл).
Наразы топтың алдына полиция өкілі шығып, оларды ішке кіріп, мәселені талқылауға шақырды. Полиция ғимаратының алдына жиналғандардың бір бөлігі сыртта қалып, бір бөлігі ішке кірді. Әуел баста полиция Азаттық тілшісінің ішке кіруіне қарсы болғанмен жұрт талап еткен соң рұқсат берді.
Оларды іште Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов қабылдады. Ол оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын айтып, наразы топтың пікірін ескеруге уәде берді. Ал белсенділер 1 желтоқсанда тағы келетінін ескертіп, үйлеріне тарасты.
19 қарашада Нұржан Мұхаммедов "иттің басын тастаған" белгісіз біреулердің көлік есігінің сыртына балағат сөздер жазып кеткенін де айтқан. Белсендінің айтуынша, олар көліктің екі дөңгелегін жарып кеткен. Полиция "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғаған.
Нұржан Мұхаммедов бұған дейін Шымкентте билікке қарсы және "Қытайдың Қазақстандағы зауыттарына қарсы" бірнеше рет наразылыққа шыққан (Қыркүйектің басында бірнеше қалада Қытайдың Қазақстандағы 55 жобасына қарсы наразылық шаралары өткен. Кейін билік осы шараға қатысқан ондаған белсендіні әкімшілік жауапқа тартып, бірнеше күнге қамаған). Сот Мұхаммедовті "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп 10 және 5 тәулікке қамаған. Шымкент тұрғыны 2018 жылы шілде айында отбасымен бірге қала әкімдігіне барып, "полицияның қудалауынан шаршағанын" айтып, өзін-өзі өртемек болған. Оны әкімдік қызметкерлері құтқарып қалған еді.
ПІКІРЛЕР