Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 15 желтоқсанда сайлауалды дебатқа бюджеттен 47,9 млн теңге жұмсалатынын хабарлады. Бұл - тек мәжіліске ұсынылған кандидаттар арасында өтетін пікірсайысқа бөлінетін қаржы. Ал мәслихат кандидаттарының дебатына қанша бөлінетіні белгісіз. Осыған дейін партиялар арасында пікірсайыстың 30 желтоқсанда өтетіні хабарланған еді.
ОСК мәліметінше, пікірсайыс мемлекеттік "Хабар" арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Үш раундтан тұратын дебат тақырыптары: "Қазақстанның экономикалық дамуы" және "азаматтардың әл-ауқаты". Дебатқа сайлауға түсетін бес партия жетекшілері (тек "Адал" партиясынан саяси кеңес мүшесі) қатысады.
10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихат сайлауына 5 партия қатысады: "Нұр Отан", "Ақжол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы". Олардың арасында оппозициялық партия жоқ. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық саяси күш жоқ деп санайды және шынайы оппозициялық партиялардың ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.
ОСК мәліметінше, бес партия мәжіліс сайлауына - 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам), мәслихатқа 832 кандидат ұсынған.
Қазақстан заңнамасы бойынша, депутат болғысы келетін адам партия арқылы ғана сайлауға түсе алады. Жеке кандидат ретінде тіркелуге мүмкіндік жоқ. Сарапшылар қаңтар айына жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды.
ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың барлығын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Праймериз – жасырын үгіт-насихат". "Нұр Отан" науқаны әлемдік стандартқа сай келе ме?