15 желтоқсанда құқық қорғаушылар Дана Жанай және Баян Ақбердинова орталық сайлау комиссиясының даулы қаулысына байланысты жоғарғы сотқа шағым түсірді. 4 қарашада қабылданған қаулыны осыған дейін белсенділер мен құқық қорғаушылар байқаушылар әрекетін қатты шектейді деп сынаған.
- Шағымды Egov порталы арқылы жібердім. Бұл қаулы Конституцияға, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті және өзге де заңдарға қайшы. Бұл құжат Қазақстан билігінің жаппай дауыс ұрлауға дайындалып жатқанын көрсетеді. Қазақстан билігі тұтас Конституцияны таптап отыр. Адам құқығы саласында алған міндеттемелерін бұзып отыр. Сол себепті қаулының күшін жоюды талап етіп отырмыз, - деді Qaharman қорының құқық қорғаушысы Дана Жанай Азаттық тілшісіне.
Qaharman қоры Facebook-тағы жазбасында қоғамдың ұйымдардың басым бөлігі осы қаулының кесірінен 10 қаңтарда өтетін сайлауды бақылай алмайды немесе бақылаушыларын жібере алмайды деп жазған.
10 желтоқсанда "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры да бас прокуратура мен жоғарғы сотқа шағымданып, ОСК қаулысын заңсыз деп тануды сұраған еді.
"Бұл қаулы ОСК-ның 2021 жылы парламент сайлауын әділ әрі ашық өткізуге дайын еместігін көрсетеді. Енді әлеуметтік желіге сурет пен видео жариялау үшін заң бұзушылардың рұқсаты керек. Бұл нонсенс, былтырғы заңбұзушылықтар туралы өте көп материалдарға негізделіп шығарылған деп санаймыз" делінген ұйым хабарламасында.
ОСК қабылдаған жаңа қаулыда сайлауды бақылауға құқығы бар ұйымдар ғана сайлау учаскесіндегі дауыс беруді қадағалай алатыны, ал фото-видеоға түсіру үшін сайлау комиссиясының рұқсаты керек екені айтылған. Бұған қоса, сайлау учаскесінен онлайн трансляция жасауға тыйым салынған.
Qaharman тобының мәліметінше, өткен аптадан бері осыған ұқсас шағымды белсенділер Райгүл Садырбаева, Барлық Меңдіғазиев, Аня Шүкеева, Фариза Бесбаева, Назигүл Мақсұтқан, Абайбек Сұлтанов түсірген.
Жоғарғы соттың белсенділер шағымын қабылдағаны-қабылдамағаны белгісіз.
15 желтоқсанда жоғарғы соттың баспасөз қызметінің өкілі Айдос Сәдуақасов Азаттық тілшісінің белсенділер мен ұйымдар шағымы туралы сұраққа "ресми сауал жіберіңіз" деп жауап берді. "Шағымда қай адамның нақты қай күні шағым жібергенін көрсетіңіз. Жеті күн ішінде жауап береміз" деді ол.
10 желтоқсанда даулы қаулыға "түсініктеме" берген орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев құжатқа қатысты айтылған сындарды жоққа шығарып, айыптарды "негізсіз" деп атаған болатын. ОСК басшысы "кейбірі құжатты толық оқып, жете түсінбей, сынауға асығады" деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ОСК басшысы байқаушылар туралы қаулыны сынағандарға шүйлікті5 желтоқсанда қаулыға байланысты мәлімдеме таратқан бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдері, саяси белсенділер мен журналистер "бұл қаулы күшін жоймаса, Қазақстан тарихындағы ең әділетсіз сайлау болмақ" деп айтқан.
Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Оған "Нұр Отан", "Ақжол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" қатысады. Қазақстан заңнамасы бойынша, депутат болғысы келетін адам партия арқылы ғана сайлауға түсе алады. Жеке кандидат ретінде тіркелуге мүмкіндік жоқ. Сарапшылар 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды.
Елде былтырдан бері билікке сын айтып, саяси реформа талап етіп жүрген бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады.
ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған. Былтыр өткен президент сайлауында да ЕҚЫҰ "бюллетеньді топтап салу", "байқаушыға қысым жасау" сияқты заңсыз әрекеттер көп болды деп бағалаған. 2019 жылы президент сайлауы кезінде жұрт жаппай наразылық акциясына шығып, сайлауға қарсылық білдірген. Құқық қорғаушылар сайлау кезінде биліктің бейбіт митингіге шыққан азаматтарды жосықсыз қудалап, жазалағанын айтқан.