Азат Еуропа/Азаттық радиосының бас директоры және 23 (тілде жұмыс істейтін) қызметінің жетекшілері АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігінің (USAGM) басшысы Майкл Пэкке хат жолдап, ол хатта оны корпорацияның тәуелсіздігін шектеуге тырысты және саяси тепе-теңдік қағидасын бұзды деп айыптады.
USAGM АҚШ конгресі қаржыландыратын баспасөз құралдарының жұмысын үйлестіреді. Майкл Пэкті бұл қызметке маусым айында АҚШ президенті Дональд Трамп қойған.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) басшылығы жолдаған хатта Пэк жаңа сайланған демократ президент Джо Байден қызметіне кіріскенге дейін корпорацияны бір партияның ығына жығып бермек болды деп айыпталған.
Хат 30 желтоқсан күні жолданған. Оған АЕ/АР редакциялық алқасы мен барлық дерлік қызметтерінің басшылары қол қойған. Пэкке бағытталған хаттың көшірмелері АҚШ конгресі қос палатасының спикерлеріне, Республикалық және Демократиялық партиялардың өкілдеріне және Джо Байденнің өтпелі штабы басшысына жіберілген.
Қараша айында АҚШ-тың Вашингтондағы федералды соты Пэк өз қарауындағы медиа корпорациясына қатысты қисынсыз әрекет етті деп, оның редакциялық процеске араласуына тыйым салды. Кейінгі апталарда Байден мен оның өтпелі штабы USAGM басшысы жұмысын қайта қарайтынын, жұмыстан шығару мәселенің қаралу мүмкін екенін мәлімдеген.
Алайда хатқа қол қоюшылардың пікірінше, Пэктің көптеген шешімін жою қиынға соғуы мүмкін. Хатта Пэк USAGM-ге қарасты медиа ұйымдарды қаржылық тәуелсіздігінен айырып, директорлар кеңесіне "өз адамын" қоюға тырысты деп айтылады. Шағым білдірушілерінің сөзінше, директорлар кеңесіне тағайындалған адамның еңбек шартын екі жылдың ішіне қайта қарауға болмайды.
АЕ/АР редакторлары Пэктің шешімдері түрлі елде Азаттық радиосы қызметкерлеріне қысым күшейген тұста қабылданып жатқанын айтады. Олар мысал ретінде Ресейдің "шетелдік агенттер" туралы заңын келтіреді. Ресей президенті Владимир Путин қол қойған бұл шетел басылымына жұмыс істейтін жергілікті журналистерді "шетел агенті" деп тануға және жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Бұл заң Азаттық радиосына жұмыс істейтін ресейлік журналистердің жұмысына қауіп төндіреді. Сонымен қатар хатта Беларусьтегі наразылық кезінде Азаттық радиосының ондаған қызметкері ұсталғанын, қамауға алынғанын жазған. Корпорация өкілдерінің сөзінше, Ауғанстан, Пәкістан секілді елдерде журналистердің өмірлерін тәуекел етіп жұмыс істейді.
Осындай жағдайда "Пэк ұйымды қорғаудың орнына, керісінше, саналы түрде оны әлсіретуге бағытталған қадамдар жасап отыр" делінген хатта.
Майкл Пэктің өзі CNBC арнасына берген сұхбатында өзіне жолған хатта "олқылықтардың көптігін" айтқан. Оның сөзінше, ол редакцияның саяси ықпалдан тәуелсіздігіне ешқашан қол сұқпаған, өз қызметін Ғаламдық медиа жөніндегі агенттіктің миссиясына сай атқарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азат Еуропа/Азаттық радиосына жаңа президент тағайындалды