АҚШ-тың республикашыл және демократ конгресмендері Кремль Азат Еуропа/Азаттық радиосының Ресейдегі қызметін шектеуді, журналистерін жазалауды күшейтсе, Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар салуға шақырды.
Конгресмендер бұл туралы АҚШ президенті Джо Байден мен оның әкімшілігіне жолдаған хатында жазған. 22 қаңтар күнгі бұл хатта Өкілдер палатасының мүшелері сондай-ақ Азаттық радиосының Беларусь қызметіне қолдау білдіруге де шақырған.
Азаттықтың Беларусь қызметі өткен жылдың тамызында басталған наразылық толқуы кезінде тәуелсіз басылым ретіндде белсенді жұмыс істеп, биліктің қарсылығы мен кедергілеріне тап болды. 2020 жылғы 9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өтіп, Александр Лукашенко жеңімпаз жарияланған соң, дауыс беру нәтижесі бұрмаланды деген халық көшеге шықты. Халық наразылығы бірнеше айға ұласты.
Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын реттейтін Роскомнадзор мекемесі осы айда Азаттықтың Орыс қызметіне жүздеген мың доллар айыппұл салатынын мәлімдеген. Мекеме Азаттық қызметін Ресейдің "шетел агенті" туралы жаңа заңының талаптарын орындамады деп айыптап отыр.
Заңның көптеген талаптарының бірі – қаржысын шетелден алатын басылымдардың "шетел агенті" деген белгімен хабар таратуға міндеттелуі. Бұл заң Азаттықтың Орыс қызметі тілшілеріне қылмыстық қудалау қаупін төндіреді.
АҚШ Конгресі қаржыландыратын Азат Еуропа/Азаттық радоисы үкіметтік емес ұйымы Ресей билігінің талабын орындамады. Кремль салған ауыр айыппұл Азаттық радиосының Ресейдегі қызметінің жабылуына әкелуі мүмкін.
"Егер Мәскеу осы әрекеттерін бұдан әрі жалғастырса, біз сіздің әкімшілігіңізбен бірлесе жұмыс істеп" Ресейді жазалау үшін қолда бар заңдарды пайдалануға "дайынбыз" делінген хатта. Хатқа Өкілдер палатасының өкілі Грег Микс пен мүшесі Майкл Маккол қол қойған. Бірі демократ, бірі республикашыл бұл екеуі Өкілдер палатасы Сыртқы істер жөніндегі комитетінің белді мүшелері. Хатқа бұлардан бөлек үш конгресмен қол қойған.
АҚШ заң шығарушылары қолда бар заңдар деп Магнитский заңын, Ғаламдық Магнитский заңын және Америка қарсыластарына санкция арқылы төтеп беру туралы заңды меңзеп отыр. Бұл заңдар кейінгі тоғыз жылда Ресей шенеуніктеріне қарсы жиі қолданылды. Санкция тізіміне ілінгендердің АҚШ-тағы мүлкі бұғатталып, оларға АҚШ-қа келуге виза берілмейді.
Байден әкімшілігі АҚШ-тың Ресеймен қарым-қатынасы бұрынғыдан өзгеше сипатта болатынын білдірді. Әкімшілік Кремль сыншысы Алексей Навальныйға қолдау білдіріп, қару-жарақ өндірісін шектеу жөніндегі келісімдерді кеңейтуге бекініп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЕ/АР Ресей билігінің бес азаматты "шетел агенттері" қатарына енгізгенін айыптады