Алматы қалалық сайлау комиссиясы 10 қаңтарда журналистердің құқығын бұзғанын мойындамады

Алматыдағы №173 сайлау учаскесіндегі сайлау комиссиясының төрағасы Нұржан Ысқақов Азаттық тілшісінен коронавирус тестін талап етіп тұр. 10 қаңтар 2021 жыл.

Алматы қалалық сайлау комиссиясы парламент сайлауы күні журналистердің құқығын бұзғанын мойындамады. "Құқықтық медиа орталыққа" жіберген жауабында Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау учаскелеріндегі екі оқиғаны атап өтіп, "журналистерден ПТР тест талап ету" фактісі тіркелмеді деп тұжырымдаған.

10 қаңтарда Алматыдағы №173 учаскесінен хабар таратуға барған Азаттық тілшісі Аян Қалмұратты учаскеден шығарып жіберген болатын. Аумақтық сайлау комиссиясы жауабында комиссия төрағасының тілшіден ПТР тест талап еткенін айтпаған. Тілші "сайлау комиссиясының талабымен" учаскеден кетті деп жазған.

Ақпарат құралдарына ПТР тест тапсыру талабы қойылмаса сол күні комиссия төрағасы Азаттық тілшісінен коронавирус жоғын дәлелдейтін анықтама талап етіп, сайлау учаскесінен күшпен шығарып жіберген. Тілші өзіне күш қолданған сәтін видеоға түсіріп алған.

Видео: Алматыда Азаттық тілшісін сайлау учаскесінен күштеп шығарып жіберді (10 қаңтар 2021 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Алматыда Азаттық тілшісін сайлау учаскесінен күштеп шығарып жіберді

Екінші жағдайда да Orda.kz тілшісі Сәуле Сәденовадан №379 сайлау учаскесінде ПТР тест талап еткен. Сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, Сәденова есеп журналында 9:31-де тіркелген. Ол сайлау учаскесінде 5 сағаттан астам уақыт болған.

14 қаңтарда "Құқықтық медиа орталығы" сайлау күні журналистер тіркеген заңсыздықтарға қатысты орталық сайлау комиссиясы мен бас прокурорға шағымданып, кінәлілерге шара қолдануды сұраған.

- Біз ОСК-дан мәселені зерттеп, шара қолдануды сұрағанбыз. ОСК хатты аймақтарға жіберген. Бірақ барлық жауаптар бірдей болады, яғни, "бәрі заң аясында, ешкім ештеңе бұзған жоқ" деген мағынада жалтарма жауап аламыз деп ойлаймын, - деді "Құқықтық медиа орталық" жетекшісі Диана Окремова Азаттық тілшісіне.

Қазақстан бас прокурорына да бағытталған хатта журналистердің аты-жөні мен сайлау учаскесі жазылған шамамен 15 заңсыз факт көрсетілген. Диана Окремова бас прокурордан да жауап күтіп отырғанын айтты.

10 қаңтар мәжіліс және мәслихат сайлауы өткен күні Қазақстанның түрлі аймақтарында тәуелсіз бақылаушылар сайлау учаскелеріне кіре алмай, бірнеше қалада полиция наразыларды ұстаған. Бірнеше қалада Азаттық тілшілері кәсіби міндетін атқару кезінде кедергіге ұшырады.

Бұған дейін жергілікті және халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары сайлау күні журналистерге жасалған кедергіні сынаған. "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстанда парламент сайлауы кезінде "билік ақпарат құралдары өкілдерін қудалап, жұмысына кедергі келтірді" деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ CPJ: Билік сайлау кезінде хабар таратқан журналистерді қудалап, жұмысына кедергі келтірді
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Учаскеге кіргізбеу, аңду, полиция шақыру. Азаттық тілшілері сайлау күні не көрді?