5 ақпанда Алматыдағы 12 жедел жәрдем станциясында істейтін қызметкерлердің бір тобы - 50 шақты медицина қызметкері індет кезінде дәрігерлерге үстемақы төлеу шартын өзгертуді талап етті.
Медицина қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, қаңтар айынан бастап Covid анықталған пациенттерге қызмет көрсеткен қызметкерлерге ғана үстемақы төлене бастаған. Ал егер жедел жәрдем қызметін шақыртқан адамдардан инфаркт немесе инсульт анықталса, ол үшін үстемақы төленбейді. "Біз барған адамдардан Covid бар-жоғын білмейміз, кейде олардан коронавирус кейін анықталып жатады, біз бәрібір өмірімізді қауіп-қатерге тігіп жүрміз" деген қызметкерлер үстемақы төлеудің бұрынғы жүйесін қалпына келтіруді талап етті.
- Былтыр наурыз айында індет басталған кезде бізге ешқандай шартсыз үстемақы төлеп отырды. Мамыр айында "себеппен (повод) ғана төленеді" деді. Себеп дегеніміз - тек температура, тыныс алу қиындықтары бар пациенттерге барған дәрігерлерге ғана үстемақы төлеу шарты. Біз ол кезде мақұл дедік. Ол кезде 14 себеп бар болатын. Желтоқсанда оның санын 5-ке қысқартып тастады. Енді қазір коронавирус диагнозы қойылған пациенттерге ғана қызмет көрсеткен дәрігерлерге ғана төлейміз деп отыр. Мәселе біз шақырту түскенде адамдарда коронавирус бар-жоғын білмей барамыз. Сүйтіп өмірімізді қауіп-қатерге тігеміз. Біз тек адал еңбегіміздің ақысын алғымыз келеді. Басқа ештеңе керек жоқ, - дейді №7 станцияның Ғалымжан Хасенов.
№11 станцияның қызметкері Нұрдина Бектұрғанова "кейбір пациенттер коронавирус барын өздері де білмейді, олар көбіне басқа диагнозбен шағымданады, ал ол үшін бізге ақша төленбейді" деп шағымданды.
- Бізді мазақтамай әурелемей маңдай термен тапқан лайықты еңбекақыны дұрыстап төлесін. Себептердің барлығын алып тастасын! Біз өзімізді, отбасымыздың өмірін қауіп-қатерге тігіп отырмыз, - дейді ол.
Наразыларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық бөлімшесінің директоры Тілеухан Әбілдаев келді. Оның айтуынша, ай сайын қала бойынша шамамен 58 мыңға тарта шақыру түссе, олардың тек шамамен 10 мыңы ғана коронавируспен байланысты болады. Ол "үстемақыны диагнозға қарай төлеу" механизмін "әділ" деп атады.
- Егер біреу қауіпті топтарға қызмет көрсетсе, сол үшін үстемақы алады. Егер сол күні 10 шақыртудың 9-ы коронавирусқа қатысы болмаса да үстемақы алады. Ал егер шақыртулар қауіпті болмаса, оның үстемақы алуына құқығы жоқ, - деді ол.
Алматыда қаланың әр ауданында орналасқан 12 жедел жәрдем станциясында шамамен 4 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Қазақстанда осыған дейін де бірнеше қалада медицина қызметкерлері үстемақы ала алмай отырғанын айтып шағымданған. Қазақстанда заң бойынша коронавируспен күрескен медицина қызметкерлеріне үш категория бойынша үстемақы төленеді. Бірінші категорияға енген қызметкерлерге - 800 мың, екінші категорияға енгендерге - 400 мың, соңғы категорияға енген медицина қызметкерлеріне 200 мың теңгеден астам үстемақы төленеді.
Ресми мәлімет бойынша, індет кезінде 13 мыңға жуық медицина қызметкеріне коронавирус жұққан, 200-ге жуығы қайтыс болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қалқаман ауруханасының қызметкерлері үстемақының тоқтап қалғанына наразы