Иран ядролық бағдарламасын "дереу" жабудың шартын айтты

Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф.

Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф егер АҚШ Тегеранға салған санкцияларын жойса, Иран да іле-шала ядролық бағдарламасын "дереу жабады" деп мәлімдеді. Бұл туралы ол жұма айтты деп хабарлады Reuters. Зариф Тегеранның Вашингтонмен келіссөзді жалғастыруға келісетінін растаған.

Ол Иранның ядролық қаруға ие болуға ешқашан ұмтылмайтынын, елдің қорғаныс доктринасында ондай мақсат жоғын айтқан. "Барлық санкцияны жойып, дипломатияға мүмкіндік беріңіздер" деген Иран сыртқы істер министрі.

Осының алдында АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Иранмен 2015 жылы жасалған ядролық келісімге қайта оралуға дайын екенін білдірген. Дональд Трамп президент болып тұрған 2018 жылы АҚШ бұл келісімнен шығып кеткен.

Иран АҚШ-қа 23 ақпанға дейін уақыт беретінін, егер оған дейін АҚШ санкция режимін тоқтатуға кіріспесе, Тегеран өз аумағындағы нысандарға Халықаралық атом энергиясы агенттігі өкілдерін кіргізбейтінін айтып, сес көрсеткен. АҚШ пен Еуропа елдері Иран билігін мұндай қадамға бармауға үндеген. Батыс елдері бұған дейін Тегеран уранды 20 пайызға байытуға қайта көшетінін мәлімдеген кезде алаңдаушылық білдірген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ МАГАТЭ Иранның металл уран өндіре бастағанын хабарлады

Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Зариф жақында берген сұхбатында өткен айда қызметке кіріскен АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігін 2015 жылғы келісімдегі міндеттерді орындаудың орнына, Трамп жүргізген "барынша қысым көрсету" саясатын жалғастырып отыр деп сынаған.

Иран және тағы алты ел (Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция) арасында 2015 жылы ядролық келісімге қол қойылған. Келісім Иранның ядролық бағдарламасы мен қарулануына уақытша шектеу қояды. Келісім-шарт бойынша есесіне Тегеранға салынған халықаралық санкция жұмсаруы тиіс. 2018 жылғы мамырда АҚШ бұл келісімнен шығып, Иранға біржақты санкция салған. Бұл құжатқа қол қойған өзге елдердің наразылығын туғызған. Тегеран жауап ретінде өзінің міндеттерінен біртіндеп бас тарта бастаған.

АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден әкімшілігі ядролық келісімге қайта қосылу мәселесін қарастыруға әзір екенін мәлімдеген.