Иран металл уран өндіре бастады. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік жетекшісі Рафаэль Гросси сөзіне сүйенген Associated Press агенттігі хабарлады.
AP-дің жазуынша, МАГАТЭ-ға мүше елдердің өкілдерімен кездесу кезінде Гросси Исфахандағы зауытта 3,5 грамнан астам металл уран өндірілгенін мәлімдеген.
Металл уран атом бомбасын жасау үшін пайдаланылады. 2015 жылғы ядролық келісім оны өндіру бойынша зерттеу жүргізуге тыйым салған. Осыған дейін Иран уранның бұл түрін өндірумен айналыспаған.
Қаңтар айында Иранның МАГАТЭ-дегі өкілі металл уран Тегерандағы реакторға ғылыми-зерттеу мақсатында қажет екенін мәлімдеген.
Иран және тағы алты ел (Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция) арасында 2015 жылы ядролық келісімге қол қойылған. Келісім Иранның ядролық бағдарламасы мен қарулануына уақытша шектеу қояды. Келісім-шарт бойынша есесіне Тегеранға салынған халықаралық санкция жұмсаруы тиіс. 2018 жылы АҚШ келісімнен шығып, Иранға біржақты санкция салған. Бұл құжатқа қол қойған өзге елдердің наразылығын туғызған. Тегеран жауап ретінде өзінің міндеттерінен біртіндеп бас тарта бастаған.
АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден әкімшілігі ядролық келісімге қайта қосылу мәселесін қарастыруға әзір екенін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР