АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың улануына байланысты Мәскеуге санкция салуға дайындалып жатыр. Байден әкімшілігіндегі ресми дереккөзге сүйенген CNN арнасы санкцияның Еуроодақпен келісілетінін хабарлады.
CNN арнасының мәліметінше, жаңа президент әкімшілігінің алғашқы санкциясы Американың Мәскеумен әрі қарайғы қатынасына айқындағыш реңк бермек. Яғни, бұл Вашингтонның бұрынғы президент Дональд Трамп әкімшілігінің бағытын жалғастырудан бас тартатындығының белгісі болмақ. Ақ үйді Байденнің алдында басқарғандар Навальныйдың улануына байланысты Мәскеуге қысым жасауға ықылас танытпаған және Ресей билігінің өзге де "өрескел әрекеттеріне" қатысты Кремльмен текетірестен жалтарған.
CNN арнасының жазуынша, Байден әкімшілігі Ресейдегі адам құқығына байланысты Мәскеуге "күшті сигнал" жіберуге оқталып отыр. Вашингтон одақтастарымен бірге Ресейдің адам құқығын бұзғаны үшін оған санкция салу мәселесін бірігіп шешуі керек деп санайды.
Дүйсенбі күні ЕО өкілдері Навальныйдың қудалануына қатысы бар ресейлік шенеуніктерге санкция салуды мақұлдаған. Санкцияға ілінген шенеуніктер тізімі осы аптада белгілі болады. Оған Ресей күштік құрылым жетекшілері енуі мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЕО Навальныйды қудалауға қатысы бар ресейлік шенеуніктерге санкция салуды мақұлдады