Халықаралық және қазақстандық ұйымдар елде адам құқығы ахуалының жылдан жылға нашарлап жатқанын айтады. Президент Тоқаевтың "демократиялық реформалары" "косметикалық өзгеріс" деп санайтындар көп. Алайда адамның басты құқықтары бұзылып жатқанда оны қорғауы тиіс омбудсмен билікті жақтап шығады. Мұның себебі неде?
"КЕТТЛИНГ – ҚАУІПСІЗДІК ШАРАСЫ"
2020 жылғы 16 желтоқсанда және 2021 жылғы 10 қаңтарда Алматыда полиция жасағы билікке қарсы ұран айтып, бейбіт шеруге шыққан ондаған адамды қоршап алып, сағаттар бойы суық далада ұстады. 28 ақпанда Алматы мен Нұр-Cұлтанда бір топ белсенді тағы құрсауға алынды.
Халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары бұл шараны адам құқықтарын бұзу деп сынады. БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның құжаттарында орынсыз қолданылған "кеттлинг" - адамның құқығы мен бостандығын бұзу деп көрсетілген.
Ал Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімова оны "қауіпсіздік үшін жасалатын шара" деп атап, полицияның әрекетін жақтады.
– ЕҚЫҰ-ның оған ("кеттлингке" – Ред.) қатысты ұсыныстары бар. Бұл – қауіпсіздікке байланысты бізге жаңадан келген шара. Сондықтан оны қолдану бойынша қоғам белсенділерімен отырып, ашық диалог негізінде осы шараны норматив ретінде бекіту керек, – деді биыл 1 наурызда Азаттық тілшісі сұрағына жауап берген Эльвира Әзімова.
Мұның алдында Қазақстан прокуратурасы да "кеттлинг" әдісін заңға қайшы емес деп санайтынын білдірген. Сарапшылардың сөзінше, Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі мен прокуратура бағасының үндес шығуы "омбудсменнің бейтарап ұстанымы жоқтығын" айғақтайды.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, омбудсменнің "тәуелсіз еместігі" тек "кеттлингтен" кейін пайда болған жоқ, бұрыннан бар мәселе.
Осыдан кейін адам құқықтарын қорғайтын "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Әзімова ханым, елдің бас құқық қорғаушысы статусыңызға қарамастан, қашанғы нұршенеунік бола бересіз, орныңызды босатыңыз, я болмаса адам құқығын қорғаңыз" деп жазды.
ОМБУДСМЕН ДЕГЕН КІМ?
Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі қызметі президент жарлығымен 2002 жылғы қыркүйекте енгізілген. Ол туралы ережеде "адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тәуелсіз болатыны" көрсетілген. Уәкілді Қазақстан президентінің ұсынысымен парламент сенаты тағайындайды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мемлекеттік gov.kz доменінде орналасқан сайтында бұл институт "мемлекеттік лауазымды тұғалардың адам құқықтарына араласуын шектейтін" орган делінген әрі "үкіметтік емес ұйымдармен, ақпарат құралдарымен және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста болатын, жариялық қағидасымен бейтарап жұмыс істейтін" мекеме деп көрсетілген.
Десе де бұл лауазым енгізілгелі ол орынға биліктегі кадрлық қызметкерлер тағайындалып келеді. Алдымен онда Қазақстан президенті әкімшілігі ішкі саясат бөлімінде лауазымды қызмет атқарған Болат Байқадамов барды. Ол кейін биліктегі "Нұр Отан" партиясында қызмет етті. Одан соң Қазақстан сыртқы істер министрлігінде түрлі лауазымды қызмет атқарған, елші болған кәсіби дипломат Асқар Шәкіров ұзақ жыл омбудсмен болды. 2019 жылғы тамызда Шәкіров президент жарлығымен сенат депутаттығына тағайындалды. Қазір ол –сенат төрағасының орынбасары.
2019 жылғы 2 қыркүйекте сенат адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне президент ұсынған Эльвира Әзімованы бекітті. Ашық дереккөздегі мәлімет бойынша, Әзімова Қожа-Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетін "халықаралық құқық" мамандығы бойынша тәмамдаған 1996 жылдан бері Қазақстанның әділет министрлігінде түрлі қызмет атқарған. Омбудсмен қызметіне кірісердің алдында ол әділет министрінің орынбасары болған.
ОМБУДСМЕН НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ?
Омбудсменнің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, мекеме жұмысы бес бағытқа бөлінген. Олар – халықаралық ынтымақтастық, азаматтардың арызын қарау, азаптаудың алдын алу бойынша ұлттық превентивтік механизм, құқықтық ағартушылық және заңнаманы жетілдіру. Сайттағы ақпаратқа сәйкес, омбудсмен "өз құзыретінің аясында түскен арыздар негізінде де, ресми орындардың және ақпарат құралдарының құқық бұзылғаны туралы мәліметі бойынша өз бастамасымен де адам құқықтары мен бостандықтары бұзылу фактілерін тексере алады".
Дегенмен сайтта азаматтардың арыздарын қарау туралы жан-жақты мәлімет байқалмады. Қазақстанның құқық қорғау ұйымдары "саяси тұтқын" деп атағандардың, "түрмеде азапталдым" дегендердің қаншауы бойынша омбудсмен кеңсесі өз бетімен тексеру жүргізгені белгісіз.
Былтыр 30 шілдеде "Ар.Рух.Хақ" ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында 15 жылдан бері түрмеде отырған ақын Арон Атабек коронавируспен ауырып қалған болуы мүмкін деп жазды. Сол жазбадан соң омбудсмен өкілі мен Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро қызметкері Атабек отырған тергеу изоляторына барған. Сол кезде Төреғожина Әзімованы "гуманистік тұрғыда Арон Атабекті босату туралы нақты пікірін айтуға" шақырған. Бірақ омбудсмен кеңсесінің бұдан әрі қандай шешім қабылдағаны белгісіз.
Былтыр 25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында билікке сын айтып жүрген белсенді Дулат Ағаділ жұмбақ жағдайда көз жұмды. Сол күні Нұр-Сұлтанда полиция департаментінде ІІМ өкілдерімен бірге жиынға қатысқан Эльвира Әзімова тергеу изоляторындағы барлық видеокамера жазбалары қаралатынын, зорлық-зомбылық жасалған я жасалмағаны тексерілетінін мәлімдеді. Ішкі істер органдары Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды деген қорытынды жасаған. Ал омбудсменнің соңғы қорытындысы қандай болғаны белгісіз.
2019 жылғы 15-16 шілдеде Австрия астанасы Венада Қазақстандағы президент сайлауы кезіндегі жаппай ұстау мен қамауды талқылаған арнайы жиын өтті. Оған қазақстандық құқық қорғаушылар қатысқанымен, мемлекеттік билік органдары да, адам құқықтары жөніндегі уәкіл де қатыспады. Сол жолы Азаттық сол кездегі омбудсмен Асқар Шәкіровтен мұның себебін біле алмаған.
2018 жылы желтоқсанда Азаттықтың омбудсмен Шәкіровке жіберген сауалдарына Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың сараптамалық жұмыс басқармасының жетекшісі Динара Оспанова жауап беріп, сол жылды "бәсекеге қабілетті азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға қатысты оң әсер қалдырған жыл" деп сипаттаған.
АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстандағы 2017 жылғы адам құқықтарының жағдайы туралы баяндамасында омбудсменнің "президенттің, мемлекеттік ведомство басшыларының, парламент пен үкіметтің, Конституциялық кеңестің, бас прокуратураның, Орталық сайлау комиссиясының және соттардың шешімдеріне қатысты шағымдарды қарау құзыреті жоқ" екенін және "омбудсмен аппараты мен адам құқықтары жөніндегі комиссия адам құқықтарының бұзылуын тоқтатып, заң бұзушыларды жазалай алмағанын" айтқан.
"ОМБУДСМЕНДІ ШЕТЕЛДЕ ҒАНА КӨРЕМІЗ"
Азаттық тілшісі сөйлескен құқық қорғаушылардың сөзінше, омбудсмен Эльвира Әзімова "кеттлингті қауіпсіздік шарасы" деген пікірінен кейін іле-шала құқық қорғаушылармен шағын жиын өткізген. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жиынға өзі сұранып қатысқанын айтады.
– "Сіз неге мемлекеттік шенеунік сияқты сөйлеп, полиция сөзін қайталайсыз? 11 сағатқа ұласқан кеттлингке қарсы мәлімдеме жасауға, болмаса Нұр-Сұлтан қаласынан сол жерге ("кеттлинг" орнына – Ред.) ұшып келіп, адам құқығы қалай бұзылып жатқанын көзбен көруіңізге болар еді" дедім. Әзімова бұдан қатаң ұстанымда болуға тырысатынын айтты. Меніңше, омбудсмен екенін үнемі оның есіне салып тұру керек сияқты, – дейді ол.
Бақытжан Төреғожинаның сөзінше, омбудсмен мемлекеттік шенеунік емес, сондықтан құқық қорғаушы ұйымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен әрқашан ынтымақтаса жұмыс істеуі тиіс.
– Тәуелсіз құқық қорғаушылардың көпшілігінде кеңсе де жоқ. Тек өз ықыласымызбен жұмыс істейміз, адам құқығы бұзылса ол туралы қоғамға жария мәлімдеме таратамыз. Сондықтан омбудсмен ханымның "штатымыз аз, мүмкіндігіміз шектеулі" деген уәжі жарамайды. Омбудсмен де жария тұлға болып, адам құқығының бұзылғаны жайлы қоғамға мәлімдеп отыруы тиіс, – дейді ол.
Тағы бір құқық қорғаушы Айна Шорманбаева омбудсмен "бейбіт жиындар мен сот процестеріндегі адам құқығын бақылаумен көптен айналысып жүрген" өзі басқаратын ұйымды кеттлингтен кейінгі жиынға шақырмағанын айтады.
Алайда тәуелсіз құқық қорғаушылардың Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілінің өзімен немесе өкілімен кездесетін жері бар.
– Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт бойынша Қазақстан ЕҚЫҰ мен БҰҰ-да есеп бергенде біз де оған міндетті түрде қатысып, тәуелсіз баяндама ұсынамыз. Мемлекет берген есепке омбудсмен де қатысады. Омбудсменмен негізінен сол жерде ғана кездесеміз, – дейді Айна Шорманбаева. Оның сөзінше, Қазақстандағы адам құқығы жайлы тәуелсіз баяндама мен мемлекет берген есептерде айырмашылық көп болады.
Басқа құқық қорғаушылар да омбудсменнің қоғамдық ұйымнан алыс жүретінін айтады. "Қазақстандағы жиын бостандығы" жобасы бойынша мобильді құқықтық көмек көрсету тобының үйлестірушісі Ерлан Қалиев "Қазақстан омбудсменінің өкілдері тәуелсіз құқық қорғаушылармен араласқысы келмейді" деп есептейді.
Ерлан Қалиев омбудсменнің өзін көрмегенімен, оның өкілімен кездесудің сәті түскенін айтады.
– 2018-2020 жылдары бейбіт жиындар заңында адам құқығы қаншалық сақталғаны жайлы баяндама жариялағанымызда шетелдіктер келді, омбудсмен өкілі де қатысты, [оларды] басқа уақытта көрмейміз, – дейді Қалиев.
Қалиевтің сөзінше, омбудсменнің өкілеті кең, мүмкіндігі көп, ол құқығы бұзылған белсенділерді қорғауда үлкен рөл атқара алады. Бірақ ол осы өкілетті толық пайдалана бермейді.
– 2019 жылы тәуелсіздік күні қамалған 25 адам аштық жариялады. Оларға адвокат та кіргізбеді. Амалсыз омбудсменге хабарласып, комиссия жіберуді сұрадым. Сонда омбудсмен Эльвира Әзімованың көмегі тиді. Шағым түссе, омбудсмен өкілдері қамау орнына жоспардан тыс кіре алады. Бірақ мемлекеттік органға ұқсайтын омбудсмен институты қысым көрсетіліп жатқаны жайлы шағымданған белсенділердің сотына қатыспайды, – дейді ол.
"ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ҒИМАРАТЫНДА ОТЫР"
Қазақстан билігі елде адам құқықтарын сақтауға барынша жағдай жасалатынын жиі мәлімдейді.
Қазақстандағы адам құқығы және заңды сақтау жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтистің сөзінше, Қазақстан омбудсменінің қазіргі қызметі БҰҰ-ның "Адам құқықтарын қорғау және оны қолдаумен айналысатын ұлттық мекемелердің мәртебесіне қатысты қағидаларына" (Париж қағидалары) сай келмейді.
– Омбудсмен сот та, прокурор да, құқық қорғау органы да емес. Оның негізгі міндеті – адам құқығы жайлы қоғамға, мемлекетке ақпарат құралдары арқылы жария үндеу жасау. Бұл қызметті қоғамға танымал, ашық, беделді адам атқаруы тиіс, – дейді ол.
Евгений Жовтистің айтуынша, "2000 жылдары омбудсмен ЕҚЫҰ жиындарына үкімет делегациясымен бірге барып отыратын, қазір олай емес". Бұған қоса, Қазақстандағы омбудсменнің ресурстары да шектеулі дейді ол. Мысалы Қырғызстан мен Грузияда омбудсмен аппаратында 100-ден астам адам жұмыс істесе, Қазақстан омбусменінің штатында 12-ақ адам бар.
– Менің ойымша, қоғам қазіргі омбудсменге президент әкімшілігінің бір бөлігі деп қарайтын сияқты. Қазіргі омбудсмен расында [әділет] министрлік ғимаратында отыр. Бұл да бір белгі. Ол жеке институт ретінде әрекет етіп, мемлекеттік органдарынан қашықтау болуы керек, – дейді Жовтис.
ОМБУДСМЕН МЕН ҮКІМЕТ КӨЗҚАРАСЫ ҮНДЕС
Азаттық осы мәселелер бойынша Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімовамен хабарласқан. Алайда ол тек жазбаша түрде жауап беретінін айтып, хат жолдауды сұрады, дегенмен мақала жарық көргенге дейін хатқа да жауап болмады.
Сайттағы ақпаратқа қарағанда, Эльвира Әзімова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам құқықтары және Қазақстандағы демократияны нығайту саласындағы "жүйелі саяси реформаларын" қолдайды. Оның айтуынша,"халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы және басқа да шаралар ел басшылығының демократиялық қайта құруға бағытталған саяси ерік-жігерін растайды".
Қазақстан жыл сайын БҰҰ-ға есеп ретінде тапсыратын "Адам құқықтары жөніндегі әмбебап кезеңдік шолу – Ұлттық баяндамасында да" омбудсмен сөзінде айтылған жайттар қайталанған. Онда "2019 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда биліктің бейбіт және ашық транзиті өтті, (...) сайлау және жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңдарға саяси бәсекені, көппартиялықты және пікір плюрализмін дамытуға бағытталған өзгертулер енгізілді" деп көрсетілген.
Омбудсмен сөзі мен Қазақстан билігінің баяндамасында атаған жайттарды Қазақстандағы тәуелсіз бақылаушылар мен сарапшылар өзгеше бағалайды, олар соңғы жылдары заңдарға енгізіліп жатқан толықтыруларды "косметикалық өзгеріс" деп сынайды.
Биыл 15 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев омбудсмен туралы арнайы заң қабылдау жөнінде ұсыныс жасады. "Бізде омбудсмен институты бар. Алайда ол өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отыр. Сондықтан жақын арада омбудсмен туралы арнайы заң қабылдауымыз керек" деді Тоқаев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Қорласа да, берілмейміз". Күш құрылымдарын сотқа берген белсенділер неге сотта жиі жеңіледі? "Кеттлинг", "титушкалар", наразыларды ұстау. Митинг белгіленген күні не болды?"Бұл – азаптау". Қазақ билігі қолдана бастаған "кеттлинг" әдісі қайдан шықты? Түсіндіреміз"Қысым күшейген сайын рухтана түстік". Полиция қоршауында қалған белсенділердің әңгімесі "Адам құқығының жайына алаңдаймыз". Еуропарламент депутаты Хейди Хауталамен сұхбат