2 сәуірде Нұр-Сұлтанда "Абу-Даби Плаза" кешенінің 30-дан астам жұмысшысы үш айдан бері жалақы ала алмай келе жатқанын айтып, наразылыққа шықты. Олардың сөзіне қарағанда, кешен құрылысшыларына тамақтандыру және тазалау бойынша қызмет көрсететін Special Food company ЖШС жұмысшылардың әрқайсысына кемінде 300-400 мың теңгеден қарыз.
- Нәпақа табу үшін 2015 жылы қызымды ертіп, Өзбекстаннан көшіп келдім. Осы асханада аспазшы жұмыс істедім. Бірақ соңғы үш айда айлық алған жоқпыз. Төлейтін несиеміз бар. Қазір жолақыны төлеуге де ақшамыз жоқ. Және мен сияқты кешенде 150 шақты адам бар. Жалақыны берсін, – деді жиналғандардың бірі Тынышкүл Байғозиева.
Жұмысшылар бұған дейін "Нұр Отан" партиясына барып, көмек сұраған. Бірақ нәтиже шықпаған.
– Бәрін, тамағын жеткізіп тұрдық. Ақыры бізді осылай тастап кетті. Осы дұрыс па? Жоғарыда отырған, департаментте отырғандар, депутаттарымыз бізге жәрдем берсін. Төрт айдан бері не істерімізді білмей дағдарып қалдық, – деді Нұр-Сұлтан тұрғыны Серік Момбеков.
Шараны полиция қызметкерлері сырттан бақылап тұрды. Бірақ наразылықтың өтуіне кедергі жасаған жоқ. Сәлден соң оқиға орнына Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінен қала аумағының сапасы мен бақылау басқармасы жетекшісінің орынбасары Ерлан Смағұлов келді. Оның сөзіне қарағанда, жұмысшыларға қарызданған мекеме басшысының қайда жүргені белгісіз.
– Біз құзырлы органдарға осы кісілерге жұмыс істеген Special Food company мекемесі жетекшісінің қайда екенін анықтау үшін сұраныс жолдаймыз. [Абу-Даби Плаза кешенінің иесі] Arabtec Consolidated Contractors Limited компаниясының бұл мекемеге қарызы бар-жоғын білмейміз. Өйткені бұл кісілер Special Food-қа шағымданып тұр, – деді басқарма өкілі.
Кешен иесі Arabtec Consolidated Contractors Limited өкілі ақпарат құралдарына кешенге қызмет көрсететін мекеменің қарызынан хабары жоғын айтты. "Arabtec-тің мекеме алдында қарызы бар ма?" деген сұраққа да нақты жауап бере алмады.
Қазір құрылыс жұмыстарының біртіндеп аяқталуына байланысты жатақханадағы жұмысшылар жан-жаққа тараған. Сәйкесінше аспазшылар мен тазалық қызметкерлерінің жұмысы тоқтаған.
2009 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысуымен құрылысы басталған, Орталық Азиядағы "ең биік ғимарат болады" делінген кешен алғаш рет дауға ілігіп отырған жоқ. Былтыр кешенді салып жатқан құрылысшылар жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, наразылыққа шыққан.
2017 жылы қыркүйекте "Абу-Даби Плазада" жергілікті және шетелдік жұмысшылар төбелескен. Қазақстан билігі төбелесті "тұрмыстық жанжал" деп, екі адамның жарақаттанғанын хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Абу Даби плазаны» салып жатқан жұмысшылар наразылық танытты