Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтің үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Комитеттің мәліметінше, биыл 18 ақпанда Райымбек Матраимов қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру фактісі бойынша қозғалған іс аясында ұсталып, қамауға алынған.
"Сотқа дейінгі тергеу өндірісін бастауға "Азаттык Медиа" мекемесінің жариялаған журналистік зерттеуі түрткі болғанын атап өту керек. Онда Матраимовтың Дубайда қымбат мүлкі бары айтылған" делінген хабарламада.
Арнайы қызметтің мәліметінше, тергеу органдары ТМД, Еуропа, Қытай, Түркия, Дубайдың құзырлы орындарына сұрау салған. Алайда аталған мемлекеттерде Матраимов пен оның отбасы мүшелеріне тіркелген жылжымайтын мүлік табылмаған.
Арнайы қызметтің мәліметінше, журналистердің материалдарында келтірілген дәйектер расталмаған және тергеу орындары Матраимов және оның отбасы мүшелерінің Қырғызстан аумағынан тыс жерде жылжымайтын мүлік алғанын дәлелдейтін айғақ таба алмаған. Осылайша кеден қызметінің бұрынғы өкіліне қатысты іс тоқтатылып, бостандыққа шыққан.
ҰҚК-ның мәліметінше, Матраимов жалпы аумағы 232,3 шаршы метр, құны 20 млн сом болатын пәтерін өз еркімен мемлекетке қайтарған.
Қырғызстан арнайы қызметі Райымбек Матраимовты биыл 18 ақпанда "қылмыстық жолмен алынған кірісті жасыру" күдігімен ұстаған. Кеден басшысының бұрынғы орынбасарының сол кезде екінші рет ұсталғаны хабарланды. Бірінші іс бойынша оған айыппұл салынған. 20 ақпанда ол ҰҚК тергеу изоляторына ауыстырылған.
2020 жылдың 9 желтоқсанында АҚШ Райымбек Матраимовті ғаламдық Магнитский тізіміне енгізген. Оның әйелі Уулкан Тургуноваға да санкция салынды. Осыдан кейін олардың фамилияларын өзгерткені белгілі болды. Райымбек Матраимов – Исмаилов, әйелі Уулкан Тургунова – Сулайманова болған.
Ол туралы журналистік зерттеулерді төмендегі сілтемелерден оқыңыздар.
Оқи отырыңыз: Райымбек Матраимовтің сән-салтанатқа толы өмірі
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғызстан кеден басшысының бұрынғы орынбасары Матраимов кінәсін мойындап, жазадан құтылды ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ірі жемқорлықты әшкерелеген кәсіпкерді атып өлтірді