Франция президенті Эммануэль Макрон әзербайжан әскерін Армения шекарасы аумағынан алып кетуді талап етті. Макрон Facebook желісінде Әзербайжан қарулы күштерінің "армян территориясын басып алғанын, ол жақтан дереу кетуі қажет екенін" жазды. Осыған дейін Армения жағы Әзербайжан қарулы күштерінің Сюник облысындағы "шекара сызығынан өтіп кеткені" жайлы хабарлаған еді. Әзербайжан мұны жоққа шығарады.
Макрон Facebook-та жазба жариялардан бұрын Армения премьер-министрі міндетін атқарушы Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлескен. Франция президенті баспасөз қызметінің таратқан мәлімдемесінде Макрон "Франция Арменияның территориялық тұтастығын сақтау міндеттемесін алғанын еске салып, әзербайжан әскері армян теорриториясынан дереу кетуі тиіс деп атап өтті' делінген.
Армения билігінің хабарлауынша, Пашинян мен Макрон әзербайжан әскерінің шекараға келуінен туындаған қайшылықты шешу ұмтылысын талқыға салған.
12 мамырда әзербайжан күштерінің Арменияның Сюник облысына қарасты аумаққа кіргені жайлы ақпарат тараған еді. Армения қорғаныс министрлігі 13 мамырда олардың шекарадағы тағы екі аумаққа жылжығанын айтты.
Әзербайжан жағы Армения аумағына кіргенін жоққа шығарып, сарбаздар бар болғаны қыс айларында жете алмай қалған Әзербайжанның бірқатар ауданына барды деп мәлімдеді. Бакудегі сыртқы істер министрлігі Совет одағы құлағалы бері бұл аумақта демаркация жұмыстары жүргізілмегенін де атап өткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Армения билігі Әзербайжан әскерінің мемлекеттік шекарадан өтіп кеткенін хабарлады