Лукашенко батысқа шүйлікті. Оппозиция жұртты наразылыққа шақырды. Беларусьтегі жағдай қалай?

Беларусьтің Лавтиядағы елшілігі алдында жұрт Роман Протасевич пен София Сапеганы босатуды талап етті. Рига, 26 мамыр 2021 жыл.

Еуропа одағы авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) әуе компанияларын Беларусь әуесінен ұшпауға шақырды. Светлана Тихановская бастаған оппозиция жұртты наразылыққа шақырды. Ал авторитар Александр Лукашенко Ryanair ұшағын Минскіге қондырған шешімін ақтауға тырысты. Беларусьтегі қазіргі жағдайды шолып шығалық.

ӘУЕДЕГІ ШЕКТЕУЛЕР

26 мамырда EASA Еуропа одағына мүше елдердің әуе компаниялары мен Еуропаға кіретін басқа елдердің әуе компанияларын Беларусьті айналып ұшуға шақырды. Бұл ұсынысқа 23 мамырда Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенко Афиныдан Вильнюске ұшып бара жатқан Ryanair ұшағын мәжбүрлеп Минскіге қондырып, оппозициялық журналист Роман Протасевич пен оның қалыңдығы София Сапеганы ұстауы себеп болды.

Қазір италиялық Alitalia, франциялық Air France, нидерландық KLM, финляндиялық Finnair, германиялық Lufthansa, скандинавиялық SAS, польшалық LOT, латвиялық AirBaltic және ирландиялық Ryanair және сингапурлық Singapore Airlines Беларусь аумағынан ұшақтарын ұшырмайтынын мәлімдеді.

Швеция, Украина, Франция, Ұлыбритания, Латвия Беларусьпен әуе байланысын уақытша тоқтатты. Канада өз азаматтарын Беларуське ұшпауға шақырды. Финляндия, Чехия беларусьтік Belavia ұшағын өз аумағына кіргізбейтінін айтты. Бұдан бөлек, Еуропа одағы Беларусь билігіне жаңа санкциялар салуға келіскен.

ЛУКАШЕНКО НЕ ДЕЙДІ?

26 мамырда Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенко алғаш рет Ryanair ұшағындағы жағдай жайлы алғаш рет пікір білдіріп, бортта "террорист болды" деді. Беларусь билігі бұл рейсті "ұшақта бомба бар" деп қондырған, бірақ ұшақтан ештеңе табылмаған.

"Бортта бомба болсын я болмасын, маған ұшақта террорист бар десе ойланбастан ұшақты қондыруға бұйрық берер едім" деді ол Үкімет үйіндегі жиында.

Your browser doesn’t support HTML5

Беларусь режимі журналист Протасевичті қалай ұстады?

Лукашенко "ұшақта мина бары Швейцариядан түсті" деді. Осыдан екі күн бұрын транспорт министрлігінің өкілі Артем Сикорский "бортта бомба барын ХАМАС солдаттары" хабарлады деген.

Швейцария билігі Минскіге мәжбүрлі түрде қондырылған ұшақта бомба болғаны жайлы ештеңе білмейтінін мәлімдеді.

Лукашенко "адамдарды халықаралық ережелермен қорғап, заңға сай әрекет еттім" деп санайды және лайнерді МиГ-29 әскери ұшағы қондырды дегенді "жалған" дейді.

Ол бұл жағдайға батыс елдерінің реакциясын сынап, "ұшақ Минскіге қонбай жатып-ақ Батыс айыптап, ұшақтардың ұшуына тыйым сала бастады. Өте жылдам әрекет етті" деді.

Лукашенко сыртқы күштер Беларуське қарсы гибридтік соғыс жүргізіп жатыр деп айыптады. Ол Протасевич пен оның жақтастары Беларусьте "қанды бүлік ұйымдастырмақ болды" дейді.

Лукашенко қатысқан жиын телеарнадан көрсетілмеді, радиодан да берілмеді. Оның сөздерін мемлекеттік басылымдар мәтін түрінде жариялап отырды.

ПРОТАСЕВИЧ ПЕН САПЕГАНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

26 жастағы Протасевичке "жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, қоғамдық тәртіпті бұзды және әлеуметтік алауыздық туғызды" деген айып таққан. Беларусь соты оны 15 жылға соттауы мүмкін. Ол – былтыр даулы президент сайлауынан кейінгі наразылықтан хабар таратқан Nexta-Live телеграм каналының негізін қалаушылардың бірі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Роман Протасевич кім? Беларусь билігі оның соңына неге түсті?

24 мамырда желіде Протасевичтің "билікке қарсы наразылық ұйымдастырғанын мойындай сөйлеген" видеосы тарады. Еуропалық лидерлер ол бұл видеодағ сөзін қысыммен айтты деп санайды. Беларусьтік оппозициялық саясаткер Светлана Тихановская Протасевич азапталған деп есептейді.

ВВС сайты Протасевичтің адвокаты Инесса Оленская қорғауындағы азамат отырған изоляторға кіре алмай отырғанын хабарлады.

Беларусь билігі Ryanair ұшағында болған Протасевичтің қалыңдығы ресейлік 23 жастағы София Сапеганы да ұстаған. Оның адвокатының сөзінше, Сапеганың үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол екі айға тергеу изоляторына қамалған. Sputnik Беларусь сайтының жазуынша, Сапегаға "араздық қоздыру" айыбы тағылған. Беларусьте бұл бап бойынша 12 жыл түрмеге қамау жазасы қарастырылған.

Билікшіл телеграм каналдары таратқан видеода Сапега оппозициялық телеграм арнасының редакторы болғанын, Лукашенко маңындағы орган қызметкерлерінің жеке бас деректерін жариялағанын айтады. Ол видеода жылдам сөйлеп, өзін ыңғайсыз сезінгені байқалады. Оппозиция өкілдері билік Сапеганы күштеп сөйлеткен деп санайды.

"БЕЛАРУСЬ КАРТАДАҒЫ ҚАРА ДАҚҚА АЙНАЛДЫ"

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Беларусь билігінен Протасевич пен Сапеганы босатуды талап етті. Ал былтырғы сайлауда Лукашенконың басты қарсыласы болған Тихановская мен оның жақтастары Беларусь жұртын жаңа наразылық шараларына шығуға шақырды.

Оппозиция 26 мамырдағы мәлімдемесінде "заңсыз режимнің кесірінен Беларусь әлем картасында қара даққа айналды", "бұл билік толық изоляцияның алдында тұр, сондықтан террорды тоқтатуымыз керек, күтетін уақыт жоқ" деген.

Былтыр тамызда өткен президент сайлауында елді 26 жылдай басқарған Лукашенко жеңімпаз деп танылған соң елде жаппай наразылық басталған. Тихановская сайлау нәтижесімен келіспей жұртты наразылыққа шақырған еді. Беларусь режимі тамызда өткен митингілерді басып-жаншып, отыз мыңдай адамды ұстаған.

АҚШ және Батыс елдері Лукашенконы президент деп мойындамаған. Ал оппозиция сайлауда Тихановская жеңіске жетті деп санайды. Тихановская жеке қауіпсіздігі үшін Литваға кетіп қалған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мені мұнда өлім жазасы күтіп тұр". Минскіге қонуға мәжбүр болған ұшақ жолаушылары не дейді?