Ақмола облысы Аршалы ауданындағы пай иелері билеуші партиядан сайланған облыстық мәслихат депутатымен соттасып жатыр. Пай иелерінің бір бөлігі жерін пайдалануға бергені үшін төленетін үлеспұл мөлшерін көтеруді сұраса, өзгелері агрофирма иелігіндегі жерін қайтарып алып, дәнді дақыл өсірумен айналысқысы келеді. Екі топтағы азаматтар да "депутат жеріміздің есебінен байып, табысын бөліспей отыр" деп есептейді. Депутат бұл айыптарды жоққа шығарады.
1997 жылы мемлекет азаматтарға Ақмола облысындағы Жібек жолы, Жалтыркөл, Түрген ауылдарынан 95 жылға пай бөліп берген (бір пайда 40 гектар жер бар). Әңгіме 1200 пай иесі мен 24 мың гектар егістік және жайылым жері туралы болып отыр. 2005 жылы жерді пайдалану мерзімі 49 жылға дейін қысқарып, пай иелері заң бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестікке (ЖШС) қосылуға міндеттелген. Пай иелеріне жыл сайын үлеспұл төленеді деп уәде берілген.
Ауыл тұрғындарының жері бірнеше құрылтайшы өзгергеннен кейін аудандағы ауыл шаруашылығымен және мал өсірумен айналысатын, миллиардтаған ақша айналымы бар ең ірі кәсіпорын – "Агрофирма Поиск" ЖШС-ға өткен. Қазір фирманы облыстық мәслихатқа "Нұр Отан" партиясынан сайланған депутат Александр Гусев басқарады.
Пай деген не?
Пай немесе шартты жер үлесі – СССР тарағаннан кейін мемлекеттік және ауылшаруашылық ұйымдарының қызметкерлеріне жұмысы тоқтаған немесе қайта құрылған совхоз және колхоздан берілген жер учаскесі түріндегі үлес.
Пайды куәлік түрінде алған азаматтар мемлекеттің жалға беру мерзімі аяқталғанша ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскесіне иелік етіп, оны сатып алуға немесе заңды тұлғаға мүше болу арқылы пайдалануға құқылы болды. 2005 жылға дейін пайды жоғарыда көрсетілген тәртіппен пайдаланып үлгермеген азаматтардың жері мемлекеттік қорға өтті. Пай мұрагерлік жолмен беріледі.
Биыл көктемде пай иелерінің бірі агрофирма құрамынан шығып, өзі құрған ЖШС аясында егіншілікпен айналысып көргісі келген, бірақ оның жерін қайтару туралы өтініші қанағаттандырылмаған. Пай иелерінің жері он жылдан астам уақыт бойы банктен алынған милллиондаған несие үшін кепілде тұрғаны, сондықтан олардың өз жерін алып, басқа ЖШС-ға мүше болуға мүмкіндігі жоқ екені мәлім болған. Агрофирма пай иелеріне жылына 12600 теңге ғана төлейді.
Түрген ауылының тұрғыны, депутат басқаратын агрофирмадан шығуға тырысып жүрген Сергей Решетилов ЖШС-ны сотқа берген. Ол 2008 жылы өткен ЖШС қатысушылары жиналысы заңсыз болғанын, пай иелерінің бәрі бірдей несие мен оның салдары туралы білмегенін айтады. Ол жиында несие алу үшін жерді кепілге қою туралы шешім қабылданған. Қазір бұл іс Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы ауданаралық экономикалық сотта онлайн-режимде қаралып жатыр.
ПАЙ ИЕЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?
13 мамырда "Агрофирма Поиск" ЖШС-ға жерін пайдалануға берген 20-ға жуық пай иесі астанадан 25 километр жердегі Жібек жолы ауылының (бұрынғы Александровка) орталығына жиналды. Сотқа шағым берген Решетиловтың әйелі әрі "Агрофирма Поиск" ЖШС қатысушысы Марина Воеводина сөз бастады.
– Биыл қаңтардан бастап ЖШС қызметіне зерттеу жүргізе бастадым. Жиналыстардың хаттамасын сұрап, бірнеше ай бойы заңдарды оқыдым. Қаншама заңбұзушылық тапқанымды білмейсіздер ғой! – дейді Воеводина қолындағы көп құжатты көрсетіп.
Оның айтуынша, ЖШС жерді бұрынғы Цеснабанктен (қазір First Heartland Jysan Bank деп аталады) 1,6 млн доллар несие алу үшін кепілге қойған.
– Жеріміз 13 жылдан бері кепілде тұр. Адамдар жерін қайтарып алмауы үшін оны кепілден шығармай отыр, түсінесіздер ме? ЖШС иелігінде жер жоқ, оның жарғы капиталы – 600 мың теңге ғана. Қалғанының бәрі біздің жеріміздің арқасында. Олар жерімізді қалағанынша пайдаланып, білгенін істеп отыр. Біз тіпті күн тәртібіне мәселе де қоя алмаймыз. Олар қарсылығын негіздеп түсіндіре алмай отыр, – дейді Марина Воеводина.
Ол пай иелерінің атынан банкке тапсырылған сенімхат пен заң бойынша қатысушыларға ЖШС жиналысы өтетінін хабарлау үшін аудандық газетке жарияланған хабарландыру "қолдан жасалғанын" айтады.
– Бастысы, агрофирма қатысушылармен жарғы капиталындағы үлес туралы келісім жасамаған. Бұл келісімде біздің үлесіміздің бағасы көрсетілуі керек еді. ЖШС 24 мың гектар жерді небәрі 100 мың теңгеге бағалап отыр. Олардың бағалауы бойынша, Қазақстанда бір гектар егістік жер 2 теңге 85 тиын тұрады екен. Бұл қазақстандықтардың бетіне түкіргенмен тең. Бұл – ел үшін масқара нәрсе! Шенеуніктер мұндайға қалай жол беріп отыр? Шын мәнінде олар жердің шынайы бағасын білген, өйткені қолында жер-кадастр құжаттары болған. Онда жердің бағасы 405 миллион теңге деп көрсетілген. Жерді бағалау осындай форматта жүргізілгендіктен, 1200 адамға 14,5 пайыз үлес қана тиесілі, сондықтан олардың дауыс беру құқығы жоқ, – дейді полиция мен президентке шағым жіберген Воеводина.
Жиынға қатысқан ауыл тұрғындары да уақтылы берілмейтін аз төлемге наразылық білдірді.
– Гусевке агрофирмадан шығу туралы өтініш бердім. "Шығуға болмайды, жер кепілде тұр, оған менің қатысым жоқ" деген хат алдым. 100 шақты ірі қара малым бар, депутатпен жыл сайын ұрсысамын. Бірде бидай қалдығын, енді бірде шөп пен қамыс бермейді. Мемлекет бізге пай берген кезде бір пайға бір тонна қалдық, екі тонна шөп пен қамыс алуға болатын. Зейнеткерлер "нанға да жетеді" деп мақтанып жүретін. Қазір ондай жоқ. Олар бізді қорлап, алдап отыр. Өздерін қожайын сияқты ұстайды. ЖШС басшылығын ауыстырып, пай иелеріне ақшасын әділ төлеу керек, – дейді "Агрофирма Поиск" ЖШС қатысушысы Андрей Шамсутдинов.
Серіктестіктің тағы бір қатысушысы Ардақ Бұқпабаевтың айтуынша, пай иелерінің мақсаты – басшылықты ауыстыру.
– Гусевке көңіліміз толмайды. Сонша жыл ішінде халық үшін ештеңе істеген жоқ. Тек өзі ғана байыды. Жыл сайын көлік ауыстырып, үй салады. Ол шалқып өмір сүреді, ал халық қиналып отыр. Қарапайым пай үшін төленетін 12 мың теңгенің өзін ешқашан қолма-қол ақшамен берген емес. Бидай қалдығын, қамыс пен ағаш береді… 12 мың теңге алу үшін тоғыз мың теңгеге таксиге жалдаған зейнеткерді білемін. Біресе Гусев, біресе бухгалтерия орнында болмаған. Қысқасы, адамдарды қалағанынша қорлайды. Көбі одан қорқады. "Маған қарсы шықсаңдар, ертең ештеңе де алмайсыңдар. Осы 12 мыңның өзін көрмейсіңдер" дейді. Ал ауыл халқы қарапайым адамдар ғой. Олар сенеді. 70 жыл "Ленин – құдай" деп сенген жұртқа не айтасың, – дейді Бұқпабаев.
Оның сөзіне "Агрофирма Поиск" ЖШС қатысушысы Руслан Ажигов та қосылып, "бәрін заңдастыру керегін" айтады.
– Осы іске қатысқан қолында билігі бар адамдарды жауапқа тарту керек. Бізбен фирманың толық құқылы қатысушысы ретінде санасқанын қалаймыз. Қазір мал сияқты не құқығымыз, не пікір айтуға мүмкіндігіміз жоқ. Ол кезде 12600 теңгеге бірнәрсе сатып алуға болатын еді. Пайда жыл сайынғы үлеспұлдың мөлшері көрсетілген: бір тонна шөп, қамыс, жарты тонна бидай қалдығы берілуі керек. Бірақ қазір 12600 теңгеге ештеңе ала алмайсың.
Елена Горленконың ата-анасы пай иегері болған. Олар өмірден өткеннен кейін бұл пайлар Еленаға өткен. Қазір ол паймен қалай жұмыс істеуге болатынын түсінуге тырысып жүр.
– Біздің жерді пайдаланып, бидай мен нан өсіріп отырса, фирма банкрот болмаса, біз де бұдан пайда көргіміз келеді. Басқа шаруашылықтар жап-жақсы ақша төлейді. Бәрін көріп, естіп отырмыз. Түргенге барып, 12600 теңгені алу үшін маған Жібек жолы ауылынан барып-келуге такси жалдау керек. Оған кем дегенде 5 мың, болмаса, 6-8 мың теңге кетеді. Директорға жылына бір рет ауылымызға келіп, пай иелеріне есеп беріп, осы азын-аулақ ақшаны өз қолымен табыстауға не кедергі? Сонда ешкім сандалып жүрмес еді. Гусевтан сұрағанымда, "Басқа істейтін шаруам жоқ па?" деп жауап берді, – дейді Горленко.
ТҮРГЕН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ШАҒЫМЫ
Нұр-Сұлтан – Қарағанды тас жолының бойында, астанадан 60 километр жерде орналасқан Түрген ауылының (бұрынғы Тургеневка) тұрғындары да агрофирма басшысы әрі депутат Гусевтің ісіне шағымданып отыр. Агрофирма кеңсесі осы ауылда орналасқан.
Любовь Лапоть 40 жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығы мен мал өсіру саласында әртүрлі қызметте істеген. Ол Түргенде көп жыл бойы шошқа шаруашылығының бригадирі болып, 2010 жылы зейнетке шыққан. Қарияға бір пай тиесілі.
– Пайдан мүлде пайда жоқ. 2011 жылы зейнетке жаңа шыққан кезде қалдық беріп жатыр деп естідім. Гусевке қалдық бөлуді сұрап, өтініш жаздым. Ол өтінішіме қол қоймады. Екі жыл бұрын күйеуім қайтыс болған кезде тағы да Гусевке барып, егістік алқабында жатқан қамыстан жарты тонна беруді сұрадым. "Тракторды өзім тауып, алыстан тасымау үшін ақшасын төлеймін. Он жылда ештеңе сұраған жоқпын ғой" дедім. Ол "Жоқ!" деді. "Рақмет!" деп, ашуланып кетіп қалдым. Сонда 43 жылда жарты тонна қамыс алуға еңбегім сіңбепті! Гусев жанашырлық, адамдарды түсіну дегенді білмейді. Зейнетке шыққан кезімде серіктестікте үш мың торай болды. Жанымызды салып, адал еңбек еттік. Қазір бар-жоғы 300-дей торай қалды дейді. Оның өзі болса деңіз. Жаным ашиды, – дейді көзіне жас алып, депутатқа өкпесін айтқан Любовь Лапоть.
Совет одағы тұсындағы Тургеневка совхозында, кейін оның орнына құрылған әртүрлі ЖШС-да бас бухгалтер болып істеген Александра Федоренко барлық қаржы құжаты қолынан өткенін айтады. Федоренко 2012 жылы зейнетке шыққан.
– СССР тараған кезде совхоз директоры Анатолий Клименко маған "Совхозды құтқарып қалайық!" деді. Біз "Красноозерное" ЖШС құрып, совхоздың балансында болған барлық әлеуметтік нысанды соған аудардық. Бізде ғана балабақша жұмыс істеп, ештеңе жоғалған жоқ. Мал, техника, дәнді-дақыл – бәрі болды. Ауылды құтқарып қалуға тікелей атсалысқан адам ретінде қазір бәрі қирап жатқанын көру маған ауыр тиеді. Жеті-сегіз директордың ауысқанын көрдім, бірақ дәл мұндай жағдайға жеткізу… Таңғалдым, кейде уайымнан түнімен көз ілмей шығамын, – дейді Александра Федоренко.
Федоренконың пікірінше, бірнеше рет болған инфляцияны ескерсе, пай иелерінің талабы орынды.
– Пайды қайтарып алуға мүмкіндік болмаса да, өз жерім үшін жақсы ақша алғым келеді. Пайға 100 мың теңгеден көп төленуі керек деп есептеймін. Елестетіп көріңізші, бухгалтер болып істемеген тоғыз жылымда жарты тоннадан екі рет қалдық алдым. Құсқа беретін жем болмады. Ал қазір оның алдына барып, қорланғым келмейді. Намысым жібермейді. Александр Яковлевичпен ашық сөйлесіп, "Не істеп жатырсыз?" деп сұрағым келеді.
ДЕПУТАТТЫ ЖАҚТАУШЫЛАР
"Агрофирма Поиск" ЖШС дүкені фирма кеңсесінің жанында орналасқан. Көрші ғимараттарда нан жабатын және тұшпара шығаратын цех бар.
– Тұшпара 1700 теңгеден, таза сиыр еті, шұжық өзімізден шығады, тұздалған шошқа майы – 1000 теңге, тұздалмағаны – 600, қабырға – 1400, өкпе-бауыр – 450, 650, еті бар, жақсы сүйектер – 250 теңге. Міне, біздің көлде ауланған мөңке балық – 350 теңге. Қант, ұн – бәрі бар, – дейді дүкендегі тауарлармен таныстырып шыққан сатушы Валентина Котельвец.
Сатушы агрофирмада жұмыс істейтініне қарамастан, келісімге келе алмай отырған тараптардың ешқайсысына жақ болмай, "бейтарап" позицияда қалғанын айтады.
– Міне, бірінші карта (ақша есебінде жүретін қағаз – ред.). Бүгін, мысалы, Родниковтан клиенттер келіп, 10 мың теңгеге карта беріп кетті. Біздің өнімдерімізді: тұшпара, манты, ет, шошқа майын алды. Аршалыда (аудан орталығы) қымбат. Басқа жақтан келетін тауар бағасы жеткізушіге байланысты. Совет одағындағыдай, айдың соңында карталарды өткіземін. Қанша астық жиналғанына байланысты, пай үшін берілетін ақыны да көтеру керек шығар, – дейді Валентина Котельвец.
Дүкенде отырған ауыл тұрғыны Валентина Медведева директор Гусевті мақтап, оған азаматтар жала жауып отыр деген пікір айтты. Медведеваның екі баласы мен күйеубаласы агрофирмада жұмыс істейді.
– Біздің директор бәріне көмектесіп жүреді. Ешкімнің меселін қайтарып көрген емес. Малға азық береді, жақсы жалақы төлейді. Азық-түлік пен нанға карта береді. Ол қирауға шақ қалған ауылды қалпына келтірді. Құдай деніне саулық берсін. Мұның бәрі – жала. Ұрлық жасағаны үшін қуылып, қысым көргендер енді оған кек қайтарып жатыр. Дұшпаны көп. Біздің еш шағымымыз жоқ, қарапайым жұмысшымыз. Шу шығарғандардың бір де бірі бұл жақта жұмыс істемейді, – дейді Валентина Медведева.
Зейнеткер Нина Ковалева 24 жылдан бері мүгедек арбасымен жүреді. Бұрын көп жыл сауыншылар бригадирі болып істеген. 2020 жылы өзі мен ұлына тиесілі 40 гектардың пайын 200 мың теңгеге жергілікті кәсіпкер Сергей Решетиловқа сатқан.
– Агрофирма материалдық көмек көрсетіп тұрды. Гусевке айтар шағымым жоқ. Агрофирма 50 мың теңгеден пай сатып алуды ұсынды. Жерді өзім игере алмаймын. Енді үлеспұл берілмейтінін білдім. Ақша керек болды, сондықтан жерімді сатып жібердім, – дейді зейнеткер.
Түрген ауылдық округінің әкімі Азамат Шырғанбаев агрофирма басшысы Александр Гусевті қайырымдылықпен айналысатын жомарт меценат деп сипаттайды.
– Былтыр зейнеткерлер күніне орай (Қазақстанда қарттар күні 1 қазанда аталып өтеді – ред.) 165 зейнеткерге 5 мың теңгеден беріп шықты. 4-сыныпқа дейінгі балаларға асханада тегін тамақ береді, қалғаны түскі асты 50 теңгеден сатып алады, – дейді Шырғанбаев.
Әкім кей пай иесінің наразы екенін біледі. Шенеунік 1012 ауыл тұрғынының төрттен бірі депутаттың қолында жұмыс істейтінін, агрофирманың арқасында ауылда жұмыссыздық жоғын айтады.
– Аудандағы адамдармен сөйлессек, Гусевке қарсы шыққандарға ренжіп жүргендер барын естиміз. Жақсы кәсіпорынды талан-тараж еткелі жатыр дейді. Көбі бұл адам ауылдан кетсе, ары қарай не болары белгісіз екенін айтады. Адамдарды алдап кеткен кездер көп болды, сондай жағдай қайталана ма деп қорқамыз. Агрофирма болмаса, бізде жұмыссыздық басталады, – дейді Азамат Шырғанбаев.
Әкім бір ай бұрын Гусевпен сөйлескенін, кәсіпкер "келер жылдан бастап үлеспұл көлемі артады, қалаған адамдар фирмадан жерін қайтарып алады" деп уәде бергенін айтады.
– Ол ішкі стандарт барын айтты. 2021 жылы бітетін несие бар, келер жылдан бастап фирма үлеспұл мөлшерін көтере алады, қалағандар жерін алып, шығып кетеді. Бұл азаматтық-құқықтық қатынас қой. Сот істі қарап жатыр. Заң бұзылған болса, кінәлі адам жауапқа тартылады. Бұл – жеке кәсіпкерлік, біз оның ішкі ісіне араласа алмаймыз, – дейді ауылдық округ әкімі.
Әкімнің дерегінше, Түрген халқында 810 сиыр, 120 жылқы, 645 қой бар. Агрофирма 500-600 ірі қара мал және ауыл тұрғындарымен бірдей жылқы өсіріп отыр.
ПОРТРЕТ, ИКОНА ЖӘНЕ "АЛЛА ЖАЗСА"
Ауыл тұрғындары агрофирма кеңсесін ескіше "контор" деп атайды. Сырты қызғылт түске боялған екі қабатты ғимарат ауылдың қақ ортасында, мектеп, мәдениет үйі мен балабақшаның жанында орналасқан. Қабылдау бөлмесіне кіреберісте фирма қызметкерлерінің суреті басылған баннер тұр. Қызметкерлердің жоғары жағында елтаңбаның үстінен агрофирма директоры Александр Гусевтің суреті көрінеді.
Директордың кабинеті совет кезіндегі партиялық дәстүрді еске салады: қабырғаға елдегі танымал адамдармен түскен суреттер ілінген. Олардың арасында директордың Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Ақмола облысының бұрынғы әкімі Сергей Кулагинмен (2016 жылы ол 80 мың гектар егістік жері барын ашық мәлімдеген) және облыстың қазіргі әкімі Ермек Маржықпаевпен түскен суреті бар. Бұл "экспозицияны" ары қарай серванттың ішіндегі православ шіркеуінің қасиетті адамдары бейнесі бедерленген иконалар жалғайды.
Облыстық мәслихаттың екі шақырылымының, аудандық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты Александр Гусев 30 жылдан астам өмірін ауыл шаруашылығына арнағанын айтады. Ол агрофирмада 2010 жылдан бері істеп келеді. Биыл зейнетке шығады.
– Адамдар 2008 жылғы [жиналыстың] хаттамасына қарсы соттасып жатыр. Ол кезде агрофирмада істемейтінмін, бұл шаруамен мен айналысқан жоқпын, білмеймін. 2008 жылы хаттама бойынша "Цеснабанктен" несиеге ақша алып, жерді кепілге қойған. Жұрт осыған қарсы болып жатыр. Бізде ақырғы, 2021 жыл ғана қалды. Несиені толық өтеуге аз уақыт қалды, жер кепілден шығады. Алла жазса, аз ғана қарыз ақша қалды, – дейді Александр Гусев.
Оның айтуынша, 2013 жылы билік қарыз алушыларға көмек ретінде 2021 жылға дейін тоғыз жылға несие төлеу шартын өзгертіп, агрофирмаға субсидия берген. Бірақ мемлекет "бізден көмек алсаңдар, үлеспұл төлемейсіңдер" деген шарт қойған.
– Осы шартпен келісуге тура келді, өйткені мұның соңы немен аяқталары белгісіз болды. Кепілде тұрған жерден айырылып қалуымыз мүмкін еді. Енді биыл желтоқсанда банк қарызынан құтыламыз, болды. Жиналыс өткізіп, жұмыстың қалай жүргеніне байланысты үлеспұл төлей бастаймыз. Пай үшін берілетін ақша мөлшері артады. Жалпы жиналыста бәрін келісеміз. Жерін қайтарып, фирмадан шыққысы келетіндер болса, мархабат. Заң бар, жер кодексі бар. Сонда фирма құрамынан шығу тәртібі толық жазылған, адамдар бұған әбден хақылы. Жиналысқа жеткілікті адам жиналуы керек, менің ойымша, жалпы қатысушылардың үштен екісінен кем болмауы тиіс. Яғни, бізде 1200 пай иесі болса, олардың 800-і жиналысқа қатысуы керек. Бірақ бізде әзірге пай сатып алған бір адам ғана шығуға ниет білдіріп отыр, – дейді депутат.
"ЕКІ, МЕЙЛІ ТІПТІ ОН ПАЙ ИЕСІ – КӨРСЕТКІШ ЕМЕС"
Депутат агрофирманың қаржы мәселелері немесе шығыны жоғын айтады. Гусевтің сөзінше, аудандағы ең ірі агрофирма саналатын "Агрофирма Поиск" ЖШС бидай, сұлы, арпа, зығыр, ноқат, жасымық егіп, ет және сүт өнімін шығарумен айналысады.
– Бізде ешқандай мәселе жоқ. Қиындықтардан аман-есен өттік. Қыс бойы халыққа шөп бердік, олардың арасында басқа ауыл тұрғындары да бар. Қалдықты да таратамыз. Егістік алқабынан алуға тыйым салдым. Өйткені егістік алқабын ашсақ, бәрі сол жаққа барады. Егістік алқабынан емес, шөп қорадан алу керек. Өтініш жазып, таразыға тартып, ақшасын төлеп, ала бер. Ал алқаптан алуға рұқсат етпеймін, өйткені берекетсіздік басталады. Екі немесе он пай иесі деген – көрсеткіш емес. Бұл ЖШС болмауы да мүмкін еді. Талан-таражға түсер еді. Біз осы шаруашылықты сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Міндетіміз – адамдар осында өмір сүруі үшін ауылды сақтап қалу. Ешкімнің ақысын жегіміз келмейді, – дейді депутат Гусев.
Азаттық: Пай иелерінің бірі газеттегі хабарландыру мен қатысушылардың атынан берілген сенімхаттағы қолдар шынайы емес деп есептейді.
Александр Гусев: Міне сол себепті сот өтіп жатыр. Мен бұл іске қатысқан жоқпын, олардың жиналысты қалай өткізгенін, сенімхат туралы ештеңе білмеймін. Олардың қалай жасағанынан хабарым жоқ.
Азаттық: Жұрт "бізді биыл наурызда өткен соңғы жиналысқа қатыстырмады" деп шағымданып отыр?
(Марина Воеводина 100-ден астам адам кезекті несие алу мәселесі талқыланатын жиналысқа қатыспақ болғанын, бірақ олардың біразын кіргізбей қойғанын айтады.)
Александр Гусев: Соңғы жиналысқа келсек: ол кезде пандемия болды, адамдарды ішке кіргізуге байланысты шектеу енгізілді. Адамдардың қолында ПТР тестіден өткені туралы анықтама болмады. Көктемгі егістік жұмысына несие алған жоқпыз, ақшаны басқа жерден таптық. Бізге егін салу керек қой.
Азаттық: Ұлыңызға тиесілі "Колос" шаруашылығының агрофирмамен байланысы бары рас па?
(Аршалы ауданындағы жерді пайдаланушылар тізімінде 91-ші болып Владимир Александрович Гучев деген азамат тұр).
Александр Гусев: Жоқ, ұлыма тиесілі емес. Бұл жалған ақпарат. Құжаттар бар. "Колос" деген серіктестік бар, ол жақта да дәл осындай қатысушылар тіркелген, бұл шаруашылықтың агрофирмаға еш қатысы жоқ. Ұлымның өз шаруа қожалығы бар. Екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жалға беру болған, бірақ оған тыйым салынды. Қазір бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімшарт бар. Агрофирма тек өңдеу жұмыстарымен айналысып, содан пайда тауып отырды.
Азаттық: Яғни, агрофирма жерді шаруа қожалығына жалға берді ме?
Александр Гусев: Иә, дәл солай. 10, 15, 20 пайыз төлейтін, ал агрофирма содан пайда көретін.
Азаттық: Агрофирма құрамынан шыққысы келетін пай иелері дәл осыны айтып отыр. Олар ЖШС қызметінен сіз және басқалар пайда көргенімен, қалған қатысушылар табыстан қағылған деп есептейді.
Александр Гусев: Пай үшін берілетін ақшаның аз екенімен келісемін. Бәріне түсіндіріп келемін: қолдан келер қайран жоқ. Міне қазір, осы жыл шыдасақ, болды! Қолымыздағы тұсау шешіледі. Бізді ешкім шектеп, айыппұл сала алмайды, еркін боламыз. Қалағандар жерін қайтарып ала берсін, бірақ ондай адам көп болмайтынына сенімдімін. Бұл анық. Жермен жұмыс істеу үшін техника, білім мен тәжірибе керек. Жерді ала салып, байып кету деген жоқ.
"ЖЕРДІ ДҰРЫС ИГЕРІП, ХАЛЫҚҚА ЖАҚСЫ АҚША ТӨЛЕУГЕ БОЛАДЫ"
"Zernar" ЖШС ("Дән халыққа!" деген атаудың қысқарған түрі) басшысы Сергей Решетиловтың қолында 20-дан астам пай бар. Ол жерді игеріп, табыс тауып, халыққа жақсы ақша төлеуге болады деп есептейді.
– Өз басым пай иесі ретінде жерді банктен несие алу үшін кепілге қоюға рұқсат берген жоқпын. Бұл туралы кімнен сұрасам да, бәрі "бірінші рет естіп тұрмыз" деп жауап береді. Құжаттарды көрсетуді сұрадық. Басында берді, кейін "сотқа барыңдар" деді. Агрофирмадан шыққымыз келеді, өйткені бұл жақта бейберекет жағдай болып жатыр. Мен егін салып, жер өңдеп, елге нан мен жұмыс тауып бергім келеді. Сүйікті ісімен айналысып жүрген бақытты адамдар бар ғой. Мен де сондай бақытты болар едім, бірақ жерімді бермей отыр. Маған жерімді беріңдер де, екі жылдан кейін келіп, нәтижесін көріңдер, – дейді Сергей Решетилов.
Басқа ауыл тұрғындары сияқты Сергей де ЖШС-ның жұмысын тоқтатқысы келмейді, өйткені бұл ауылдың құлдырауына әкеліп соғатынын жақсы түсінеді.
– Бұл жер – балаларымның болашағы. Біз бұл жақтан кетпейміз, жерімізді сатпаймыз. Бар болғаны, Гусевтің бұл жердегі билігін ауыстырсақ дейміз. Жақсы, ақылмен жұмыс істейтін адамдарды сайлағымыз келеді, – дейді "Zernar" ЖШС басшысы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әкімдік өз қаулысынан айныды. Ондаған отбасы салған үйінен айырыла ма?