Аймағамбетов келесі оқу жылы барлық мектеп дәстүрлі форматқа оралады деп үміттенеді

Шымкент қаласындағы №38 мектептің жоғарғы сынып оқушылары сабақта отыр. 2 наурыз 2021 жыл.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов келесі жылы барлық мектеп дәстүрлі форматқа оралады деп үміттенеді. Жұма күні халыққа есеп беру жиынында министр алдағы оқу жылы туралы айтты.

"Барлығы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға, өзімізді қалай ұстайтынымызға байланысты. Егер халықтың басым бөлігіне вакцина еге алсақ, егер барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен шектеулерді сақтасақ, қыркүйектен бастап барлық білім беру мекемелерін, бірінші кезекте мектептерді аша аламыз деп ойлаймын" деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, биылғы оқу жылының бірінші тоқсанында елде 2,5 млн оқушы қашықтан оқыса, төртінші тоқсанда олардың саны азайып, 1,3 млн оқушы ғана үйде білім алған. Соңғы тоқсанда 1,7 млн оқушы аралас форматта оқыған.

Ресми мәлімет бойынша, елде 20 мың білім беру ұйымы, 6 миллионнан астам оқушы, 540 мыңнан астам педагог бар.

Індет кезінде көптеген ата-аналар білім сапасының нашарлап кеткенін айтып шағымданған еді. Осыған дейін үлгерімі төмендеп кеткен оқушылар үшін 25 мамырдан кейін мектептерден арнайы сыныптар ашылатыны хабарланған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пандемия Қазақстандағы және Орталық Азиядағы білім беру жүйесіне қалай әсер етеді?