Accessibility links

Пандемия Қазақстандағы және Орталық Азиядағы білім беру жүйесіне қалай әсер етеді?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Дүниежүзілік банктің пандемияның ғаламдық білім жүйесіне әсері жайлы болжамы көңіл көншітпейді. Азаттық осы ұйымның Орталық Азиядағы білім мәселесі жөніндегі жетекші маманы Айша Ваудадан індеттің Қазақстан мен Орталық Азияға қандай салдары болуы мүмкін екенін сұрады.

Дүниежүзілік банктің болжамынша, коронавирус инфекциясы пандемиясы білім беру жүйесіне "қирата соққы береді", ал оның салдары "алдағы ондаған жыл бойы байқалатын болады". Банктің есебіне сәйкес, індет кесірінен Орталық Азияға кемі 44 миллиард доллар көлемінде экономикалық шығын келеді.

Неге пандемия кезінде өтпеген дәрістер болашақта уыстан кеткен мүмкіндікке айналуы мүмкін? Сауаттылық пен функционалды сауаттылықтың арасында қандай айырмашылық бар? Қазақстанда функционалды сауаттылықтың проблемаға айналуына не себеп? Білім жүйесін қалай жақсартуға болады, Қазақстанның білім министрлігі пандемия кезінде қандай жақсы шешім қабылдады? Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы білім мәселесі жөніндегі жетекші маманы Айша Вауда Азаттыққа берген эксклюзивті сұхбатында осы және өзге сұрақтарға жауап берді.

ЖАБЫҚ МЕКТЕПТЕР = УЫСТАН КЕТКЕН МҮМКІНДІК ПЕН ТАБЫС

Азаттық: Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, мектептер ең аз дегенде бес айға жабылғанның өзінде бұл оқушылардың болашақтағы табысына едәуір әсер етуі мүмкін. Мектепте оқуға мүмкіндіктің болмауы Қазақстан мен Орталық Азиядағы басқа мемлекеттердегі балаларға қалай әсер етеді?

Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы білім мәселесі жөніндегі маманы Айша Вауда.
Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы білім мәселесі жөніндегі маманы Айша Вауда.

Айша Вауда: Кез келген адамның жұмысы, еңбек өтілі, жетістігі, табыс деңгейі, қызмет бойынша жоғары өрлеуі көбіне білімі мен өмірлік дағдыларына байланысты. Осының бәрінің негізі оқудың алғашқы жылдары қалыптасады. Болашақта қандай жұмыс пен табысқа ие болатыныңыз мектепке қанша жыл барғаныңызға тікелей байланысты.

Білім берудегі шығындарды есептеу барысында 157 мемлекеттегі бастауыш және орта мектеп оқушылары мен олардың мектепке бармаған күндерін зерттеп көрдік. "Мектеп үш, бес және жеті айға жабылса не болады?" деген үш сценарийді қарастырдық.

Әр бала мектеп жабылмаған жағдайда болашақта табуы мүмкін жылдық табысының орташа есеппен 900 долларынан қағылады.

Біздің есебіміз бойынша, мектеп бес айға жабылып, халықтың бір бөлігі қашықтан оқудың әртүрлі формаларын пайдаланса, онда әр бала мектеп жабылмаған жағдайда болашақта табуы мүмкін жылдық табысының орташа есеппен 900 долларынан қағылады. Кейін бұл сома балалардың өмір сүру ұзақтығын ескеріп, қайта есептелді. Сонда әр баланың шығыны 16 мың долларды құрады. 16 мың доллар, 900 доллар деген көп ақша емес те шығар. Бірақ ғаламдық деңгейде қарасақ, 10 триллион [долларды] құрайтын салмақты сома шығады. Бұл – әлемдік жалпы ішкі өнімнің оннан бір бөлігіне тең.

Азаттық: Қазір Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдеріндегі жағдай қалай?

Айша Вауда: Орталық Азияның барлық елінде, оның ішінде Қазақстанда [коронавирустық дағдарыс кезінде] қашықтан оқыту жүрген жоқ, оның орнына жедел түрде білім алу мүмкіндігін қалыптастыру амалы жасалды. Екеуінің айырмашылығы мынада: қашықтан оқыту үшін оқу материалдарын дайындап, арнаулы модульдердің пилоттық нұсқасын бастау қажет. Мұғалімдер мен тәлімгерлер сабақ ұзақтығын есептеп, белгіленген уақыт ішінде қандай көлемде ақпарат ұсынып, балаларды неге үйретуге болатынын жоспарлауы керек. Орталық Азия мен әлемде Covid-19 дағдарысы басталған кезде мұндай жоспарлауға уақыт болған жоқ.

Өңір мемлекеттерінің үкіметтері бұл мәселемен өте агрессивті күрес жүргізіп, білім беру қызметтерін тез жеткізуге тырысқанын атап өту керек. Бұл әсіресе, Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанда байқалды. Телеарналар [оқытудың] негізгі әдісіне айналды. Сондай-ақ радио мен күндізгі оқыту шаралары да қолданылды.

Қазақстанда үйде интернеті, ноутбугы бар оқушылардың үлесі – 70 пайыз, Тәжікстанда бұл бір пайызға тең.

Орталық Азияда бір үлкен мәселе бар: қашықтан қолданылатын жедел механизмдер арқылы оқытуда мұғаліммен кері байланыс жетіспейді. Бала 15 минуттық телесабақты бастан-аяқ көрсе де, жаңа білімді меңгеруге көмектесетін мұғалімнен қолдау ала алмайды. Осылай тақырыпты түсінбеген оқушы математикадан берілген үй тапсырмасын орындай алмауы да мүмкін.

[Одан бөлек], жедел қашықтан оқытуға бәрі бірдей қол жеткізе алған жоқ. Қазақстанда үйде интернеті, ноутбугы бар оқушылардың үлесі – 70 пайыз, Тәжікстанда бұл бір пайызға тең. Цифрлық сауаттылық пен арнаулы дағдылар да шектеулі. Тіпті интернетпен қамту деңгейі жоғары Қазақстанның өзінде 2018 жылғы зерттеуге сәйкес, оқушылардың 54 пайызында оқу жүйесінде цифрлық технологияларды қолдануға қажетті дағды жоқ.

ФУНКЦИОНАЛДЫ САУАТСЫЗДЫҚ

Азаттық: 2018 жылы PISA бағдарламасының (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы оқушыларын бағалау бағдарламасы – ред.) нәтижелеріне зерттеу жүргізілді. Қорытындыға сәйкес, қазақстандық оқушылардың үштен екісінің функционалды сауаты бойынша нәтижесі төмен болған. Әдеттегі сауаттылық пен функционалды сауаттылықтың арасында қандай айырмашылық бар? Ол неге маңызды және бұл көрсеткіш Қазақстандағы білім сапасы жөнінде қандай ақпарат береді?

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Айша Вауда: Әдеттегі сауаттылық – сіздің оқу және жазу қабілетіңіз. Орталық Азиядағы адамдардың 99,5 пайызы жазып, оқи алады. Өйткені Орталық Азияда стандартты білім беру жүйесі бар және бәрі мектепке барады. Функционалды сауаттылық – мүлде басқа нәрсе. Бұл – адамдарға заманауи әлемде тиімді өмір сүруге көмектесетін өз денсаулығына қатысты саналы таңдау жасау, азамат әрі тұтынушы ретінде өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білу, сыни ойлау, фактіні жарнамадан ажырата алу, жеке және кәсіби дамуын бақылауда ұстау сияқты дағды мен қабілет жиынтығы. Заманауи әлемде жетістікке жету үшін мұндай дағды мен қабілеттің болуы – өте маңызды.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) бүкіл әлем бойынша 15 жастағы [оқушыларды] бағалаудан өткізеді. Ол PISA бағалау жүйесі деп аталады. Ұйым осылай оқу, жазу және ғылым саласындағы функционалды сауаттылықты анықтайды.

Функционалды сауат деңгейі өте төмен, әсіресе ғылым саласында, бұл – алаңдатарлық жағдай.

Қазақстандық оқушылар [пәндік білім] бойынша тапсырылған тестілерден жақсы нәтиже көрсетті. Мысалы, 2018 жылғы топтың нәтижесіне сәйкес, математика мен жаратылыстану ғылымдары саласында оқушылардың басым көпшілігі оқи алу, бастауыш кластағы математика негіздерін меңгеру дағдысы бойынша (98 пайызы оқудан, 80 пайызы математикадан) ең төменгі шектік деңгейден асқан. Демек олар оқу бағдарламасын түсінеді және алған білімін көрсете алады. Алайда балалардың үштен екісі, әсіресе 15 жастағы [оқушылар], көлемі орташа мәтінді түсініп, онымен жұмыс істеуді білмейді. Топта бұл функционалды сауатсыздық деп аталады. Оның деңгейі өте төмен, әсіресе ғылым саласында, бұл алаңдатарлық мәселе дер едім. 2012-2018 жылдары [функционалды сауаттылық] көрсеткіштері едәуір төмендеді. Бұл әсіресе ғылым саласында байқалды.

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАР

Азаттық: Пандемия оқуда қиындықтарға кездесетін мүмкіндігі шектеулі балаларға және құжаты жоқ босқын немесе мигрант адамдарға қалай әсер етті?

[Білім беру] платформаларында мүмкіндігі шектеулі, әсіресе көзі көрмейтін, құлағы естімейтін оқушылардың жағдайы ескерілмеген.

Айша Вауда: Орталық Азиядағы оқыту Covid пандемиясына дейін де тең дәрежеде болмаған. Орталық Азияда тұрмысы төмен отбасынан шыққан және оқуда мүмкіндігі шектеулі балалар – ең әлжуаз топтардың бірі. Олар білім, денсаулық, жыныс, теңдік пен әлеуметтік интеграция сияқты себептерге байланысты [оқу процесінен] шеттетілудің әртүрлі формасына кезікті. Covid кезінде [Орталық Азия елдерінің] министрліктері мен үкіметтері бұл балалардың оқу қажеттіліктерін қанағаттандырды деп ойламаймын. [Білім беру] платформаларында мүмкіндігі шектеулі, әсіресе көзі көрмейтін, құлағы естімейтін оқушылардың жағдайы ескерілмеген.

Мұғалімдер тарапынан қолдау аз көрсетілді, өйткені оларға да әлеуметтік қашықтық сақтауға тура келді. Орталық Азиядағы инклюзивті білім беруді қолдаудың негізгі әдісі телеарнадағы ым-ишара тілі болды. Арнайы қадағалап, [мүмкіндігі шектеулі] балаға жеке әдіс қолданбаса, ол шынайы білім алу тұрғысынан жаңа ештеңе үйренбеуі мүмкін.

Орталық Азияда білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемін көбейтіп, оны әлдеқайда мақсатты түрде үлестіру керек деп ойлаймын. Көп елде қаржы бірінші кезекте мұғалім жалақысына жұмсалады. Сәйкесінше, ауқымдылық болмайды. Бұл дұрыс емес демеймін. Бірақ бүгінгі бюджетте қосымша бағдарламаларға, қиын жағдайда қалған студенттерді қолдауға мүмкіндік жоқ.

Оңалту тобындағы мүмкіндігі шектеулі балалар. Орал, 4 сәуір 2016 жыл. Көрнекі сурет.
Оңалту тобындағы мүмкіндігі шектеулі балалар. Орал, 4 сәуір 2016 жыл. Көрнекі сурет.

БІЛІМ ДЕҢГЕЙІНІҢ ТӨМЕНДЕУІ

Азаттық: Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, пандемия кесірінен әлемде кемінде жеті миллион бала мектепті тастап кетуі мүмкін. Орталық Азияға арналған қандай болжам бар? Тәуекел тобына кімдер кіреді?

Айша Вауда: Орталық Азия халқының басым бөлігі – мектеп жасындағы балалар. Халықтың 40-50 пайызын 24 жасқа толмаған адамдар құрайды. Сондықтан халықтың көп бөлігіне осы қауіп төніп тұр. Азаматтардың басым көпшілігі жоғары білім алмауы мүмкін.

Ата-ана табысына, әл-ауқатына, өміріне кері әсер еткен кез келген нәрсе олардың балаларының болашағына екі есе артық соққы болып тиеді.

Біріншіден, бізде дұрыс оқи алмай, болашақтағы табысының бір бөлігінен қағылып отырған Covid буыны саналатын жастар бар. Орталық Азия халқының пирамидасындағы келесі топқа қазір жұмыс істеп жүрген ата-аналар кіреді. Олардың табысына, әл-ауқатына, өміріне кері әсер еткен кез келген нәрсе олардың мектепте оқитын немесе кәсіби, жоғары білім алуға дайындалып жүрген балаларының болашағына екі есе артық соққы болып тиеді.

Орталық Азияда бастауыш және орта мектепте әмбебап білім беріледі. Бірақ мектептегі 11 жылдық білімнен кейін, көп түлектің оқу процесінен шет қалғанына куә болуымыз мүмкін. Өйткені олар қаржы жоқтығына байланысты отбасына көмектесу үшін кәсіби, жоғары білім алу жоспарын кейінге ысырады не одан мүлде бас тартады. Мектепте нашар оқыған оқушының да білімге ынтасы кеміп, оқуды тастап кетуі ықтимал. Қазір бес ай мектепке бармай, екі ай демалыста болған оқушыларды білім жүйесіне қайта тарту қиынға соғады.

Ташкент облысындағы №28 мектеп оқушылары класқа кірген адаммен амандасып тұр. Өзбекстан, 9 қыркүйек 2015 жыл. Көрнекі сурет.
Ташкент облысындағы №28 мектеп оқушылары класқа кірген адаммен амандасып тұр. Өзбекстан, 9 қыркүйек 2015 жыл. Көрнекі сурет.

Азаттық: Қазақстанның білім беру жүйесінде қандай да бір оң өзгеріс, жетістік бар ма?

Айша Вауда: Қазақстанның жедел қашықтан оқыту процесін тез ұйымдастырғаны өз алдына жетістік саналады. Бұл қиын міндет, бірақ үкімет бұл мәселені өз мойнына алды. Сондықтан білім министрлігі мен білім министріне кері шегінбегені үшін алғыс айтқым келеді. Білім министрлігі ата-аналармен сөйлесіп, олардың сөзіне құлақ асты деп ойлаймын. Мұны жиірек жасауға, байланыс арналарын әлдеқайда ашық етуге болар еді, бірақ олардың көктемгі демалыстан кейін "қалыпты жағдайдың" кейпін сақтап қалуының өзі – жетістік.

Олар телеарна мен радионың көмегіне жүгініп, түсіндіру жұмысын жүргізді. Қашықтан оқытуды ұйымдастырып, жекеменшік қызмет көрсетушілермен сөйлесіп, балалардың барынша көп бөлігінің интернетке қолжетімділігін жақсарту үшін не істеуге болатынын білуге тырысты. Сондықтан Қазақстандағы министрліктің жүрегі өз орнында деп ойлаймын.

Азаттық: Жоғарыда айтылғандарға алып-қосарыңыз бар ма?

Айша Вауда: Бұл бүкіл әлемдегі күрделі әрі қорқынышты жағдай. Білім саласындағы ғаламдық шок. Пандемияның әсері Орталық Азияда Еуропамен салыстырғанда, әлдеқайда терең әрі ұзаққа созылатын сияқты.

Білім беру саласында жұмыс істейтін адамдар үшін қазір маңызды заман туды, олар шын мәнінде тарихи бетбұрыс жасай алады.

Кез келген мемлекетті экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қалпына келтіру үшін білімге басымдық беру өте маңызды. Білім беру саласының бюджеті қысқармайды, [керісінше] оның көлемі артады деп үміттенемін. Өйткені қазіргі дағдарыстың кері әсерін азайтқымыз келсе, бұған оқушыларды жеке оқыту, мұғалімдердің дайындығын жақсарту, инклюзивті білім беруге қолдау көрсету, балалар кездесетін теңсіздікті азайту сияқты шаралар арқылы қол жеткізуге болады.

Білім беру саласында жұмыс істейтін адамдар үшін қазір маңызды заман туды деп ойлаймын. Олар шын мәнінде тарихи бетбұрыс жасай алады. Қазір біз іске асырып жатқан шаралар осы балалар мен халықтардың тағдырына ұзақ уақыт бойы әсер ететін болады. Орталық Азияда адам капиталын дамытуға көбірек көңіл бөлінсе деймін. Бұл – ең маңызды инвестиция.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Әйгерім ТӨЛЕУХАНОВА

    Азаттықтың Прага кеңсесінің тілшісі. Esquire Kazakhstan, EurasiaNet, The Conway Bulletin, Foreign Policy, The Independent  сынды қазақстандық және шетелдік басылымдарға жазған. Associated Press және Agence France-Presse агенттіктеріне видео түсірген. KIMEP университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Лондон экономика мектебінде "медианы басқару" мамандығы бойынша магистратура оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG