OECD орта мектептегі білім деңгейін анықтайтын PISA (Programme for International Student Assessment) рейтингін үш жылда бір рет түзеді. Ұйым әлемнің 79 елінде оқушыларға арнайы тест ұйымдастырып, оқу, математика және жаратылыстану ғылымы бойынша тест алады. PISA тестіне экономикасы орташа және жоғары елдердегі 15 жастағы балалар қатысады. Тест мақсаты – оқушылардың алған білімдерін өмірде қолдану деңгейін, сыни ойлау қабілетін анықтау.
PISA рейтингі Қазақстанның 2025 жылға арналған мемлекеттік стратегиясына енген. Яғни, ел билігі бұл рейтингідегі жағдайын жақсартуды көздейді.
2018 жылғы PISA рейтингінде Қазақстан математика бойынша 423 ұпай (53-орын), оқу бойынша 387 ұпай (69), жаратылыстану ғылымы бойынша 397 ұпай (68) жинаған. Бұл үш жыл бұрынғы рейтингімен салыстырғанда төмен.
Мәселен, Қазақстан 2015 жылғы PISA рейтингінде математика бойынша 460 ұпай (42), оқу бойынша 427 ұпай (53), жаратылыстану ғылымы бойынша 456 ұпай (42) алған еді.
Республикалық "Зияткер - Ұстаз" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы PISA рейтингіндегі нәтижемен келіседі. Ол елде білім саласы бір жүйеге келмей, жағдай жақсармайды деп санайды.
- 2012 жылдан бастап мұғалімдерді Кембридж технологиясы бойынша деңгейлік курстардан өткізді. Көп қаржы кетті. 2016 жылы осы Кембридж жүйесін ысырып тастады да, мектепте үш тілде сабақ беру жүйесін енгізді. Мұғалімдерді ағылшынша курстарға жібере бастады. Кейін оны қойып, жаңартылған бағдарлама деген шықты. Қазір мұғалім білгенін ұмытып қалды. Оның үстіне мұғалімдерді тексеретін біліктілік тесті дегенді шығарды. Ұстаздардың миы ашып кетті. Қазір мектепте мұғалімдер жалақы үшін жүр. Көбі амалы табылса мектептен кеткісі келеді. Рейтингідегі жағдай жақсару үшін білім саласына нақты жүйе қажет, - дейді ол.
"Мұғалім мәртебесі" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдардың біріндегі мектепте сабақ беретін Мейіржан Темірбек рейтингідегі көрсеткіш жақсаруы үшін мектептердің материалдық базасын реттеу керек деп есептейді.
- Білім саласы реформадан көз ашпады. Біріншіден, бұрын балалар баға үшін оқып тырысатын. Қазір формативті бағалау енді. Әр күнгі баға есепке алынбайды. Тек тоқсан соңында жиынтық бағалау бар. Осы шешім балалардың оқуға деген ынтасына әсер етті. Бұл – бір. Екіншіден, мектептердің материалдық базасын жақсарту керек. Біраз мектепте интернет нашар. Бір-екі ғана интернет көзі бар. Оқушыға үй тапсырмасын береді. Тапсырмада "интернеттен көр" деп тұрады. Интернет нашар болса, видеоны көру қиын, - дейді ол.
Қазақстан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында PISA рейтингіндегі көрсеткіш неліктен төмен болғанын өзінше түсіндіріп, аргументтер келтірген. Министрдің сөзінше, қазақстандық оқушылар алғаш рет PISA тестін компьютердің көмегімен тапсырғандықтан нәтиже төмен шыққан.
"Біріншіден, тест тапсырғанда сұрақтарға кері қайтуға мүмкіндік болмағанын да ескерген жөн. Оқушылар қиын сұрақтарға кейін қайта оралып немесе өз жауаптарын қайта қарап үйренген. Мұнда, қағаздағы нұсқамен салыстырғанда, олай жасай алмайды. 2015 жылғы PISA нәтижелеріне қарасақ, 57 елдің оқушылары алғаш рет компьютермен тест тапсырып, көп елдің балы төмендегенін көруге болады. Екіншіден, PISA рейтингіндегі нәтижелерді жақсарта алатын біздің білім беру жүйесіндегі өзгерістер 15 жастағы оқушыларға әлі де әсерін тигізбеді Өйткені тест тапсырғандар – жаңартылған білім беру мазмұнына көшпегендер. Жаңартылған бағдарламалардың әсерін біз PISA-2021 рейтингінен, ең дұрысы PISA-2024 рейтингінен бастап көре аламыз. Үшіншіден, PISA тестіне Қазақстаннан 9 сынып (44%) және 10 сынып (53,4%) оқушылары қатысты. Басқа елдерде мектепке қабылдау жасы нақты бекітілгендіктен көп елде бұл тесті 10-сынып оқушылары тапсырды" деп жазды министр.
Аймағамбетовтің сөзінше, PISA тестіне қатысқан Назарбаев зияткерлік мектебі (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен 2008 жылы ашылған дарынды балаларға арналған мектептер жүйесі – ред.) оқушыларының білім көрсеткіші жоғары болған. Қазір білім және ғылым министрлігі елдегі барлық мектепті Назарбаев мектебінің оқу жүйесіне көшірмек. Ал Өмір Шыныбекұлы елдегі орта мектептер Назарбаев мектебінің білім беру жүйесіне көшуге дайын емес деп санайды.
- Қазір елдегі жай мектептерге Назарбаев зияткерлік мектебінің бағдарламасын күштеп енгізіп жатыр. Бірақ жай мектеп пен Назарбаев мектебінің қаржыландыруы, базасы жер мен көктей. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова "Время" басылымына берген сұхбатында Назарбаев мектебіндегі бір балаға айына 200 мың теңге, жай мектептегі оқушыға 17 мың теңге бөлінетінін айтқан. Қаржы мен база тең болмай орта мектептер Назарбаев мектебінің бағдарламасын алып кете алуы қиын, - дейді ол.
Білім және ғылым министрі Аймағамбетов Қазақстан үшін PISA тесті маңызды болып қала беретінін, алда рейтингідегі жағдайды жақсарту үшін жұмыстар жалғасатынын айтады.
2018 жылға арналған PISA рейтингінде алғашқы ондыққа Қытай (тест тек Пекин, Шанхай, Цзянсу, Гуандун аймағында өткен), Сингапур, Макао, Гонконг, Эстония, Канада, Финляндия, Ирландия, Оңтүстік Корея, Польша енген.
ПІКІРЛЕР