Астаналық ерлі-зайыпты Досмұқан мен Әсел екі ұл тәрбиелеп отыр. Үйдің кішісі Алдияр аутизм дертіне шалдыққан. Бала кезінен ата-анасы оны әртүрлі орталықтар мен мамандарға апарып, қаратқан.
Сегіз жасқа келген Алдиярды анасы мектепке дайындап жүр. Ол әріп таниды, санай біледі, ептеп жазып та жүр.
- «Болашақ» қоғамдық қорының демеушілігімен ашылған инклюзия бөлмесі мен мамандары бар қаланың №37 мектебіне бармақшымыз. Баламның әлеуметпен араласуы маңызды. Балаларымыз өзге сау балалардың ортасында болуы керек. Баламыз оларға қарап, достасуды, араласуды үйренуі қажет. Баратын сыныбымыз бізді жақсы көріп, жақсы қабылдайды деп үміттенемін, - дейді Әсел.
Алдиярдың баратын мектебі көлікпен 15-20 минуттық жерде. Олар үйдің іргесіндегі инклюзия бөлмесі бар №83 мектепте орын болмаған соң биыл аяқасты табылған осы мүмкіндікке қатты қуанып отыр.
«ТӘРБИЕШІ» ТЬЮТОРЛАР
Астананың №71 мектеп-лицейінде инклюзия бөлмесі «Болашақ» қорының бастамасымен 2016 жылы қазанда ашылған. Мұнда ерекше мұқтаждығы бар 12 бала оқиды. Биыл ата-аналар ақша қосып, тағы бір инклюзия бөлмесін ашып, мектептегі ерекше мұқтаждығы бар балалар санын 20-ға жеткізбек.
Мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Шахеризада Раш инклюзия бөлмесі үш бөліктен: дефектолог, РГ терапевт, психолог баламен жеке жұмыс жасайтын жұмыс аймағы, мамандардың пән мұғалімдерімен бірігіп, әр балаға жеке оқу бағдарламасын ойластыратын методологиялық аймақ және балалар ойнап, сергуіне арналған релакс аймақтарына бөлінетінін айтады. Мұндай бөлмелер ең көбі алты-жеті балаға арналған.
Мектепте ерекше мұқтаждығы бар бала өзге сау қатарластарымен пәндерді бір сыныпта отырып оқиды. Оның жанында тьютор маманы болуы міндетті. Оқушы тез шаршап, сабақты түсінбей қалса, тьютор оны инклюзия бөлмесіне әкеп, қосымша жеке оқытады. №71 мектеп-лицейінде қазір 12 тьютор жұмыс істеп жүр. Олар мекемеге «тәрбиеші» ретінде штатқа тіркелген.
- Бұл ерекше қажеттілігі бар балаларға көмек қана емес, кәдімгі сау оқушылардың жан-дүниесін байыта түседі. Олар бір-біріне төзімдірек болады, мейірімі арта түседі. Алғашында оқушылар мен ата-аналар тарапынан қабылдау қиындау болды. Бірақ қазір балалар бір-бірінің қолынан ұстап, көмектесуге тырысады. Яғни бір сәтте екі түрлі тәрбие береміз,- дейді Шахеризада Раш.
Мектеп меңгерушісі ерекше мұқтаждығы бар балаларды қабылдау мүмкіндіктерін 20 балаға дейін көбейткенмен қалада жалпы инклюзия бөлмелері әлі де жетпейтінін айтады. Оның сөзінше, ата-аналарда балаларын қоғамнан жасырып, үйлерінде оқытқысы келетін мінез басым.
Тамыздың 23-і Педагог жұмысшылардың жиынына қатысқан Астана әкімі Әсет Исекешевтің мәлімдеуінше, Астанада 66 мектеп, 8 колледжде инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Барлығы Астанада 150 мыңнан астам оқушы 84 мемлекеттік және 12 жеке меншік мектепте оқиды.
ЖАЛАҚЫСЫ АЗ МАМАН
«Болашақ» қоры – мектептерде инклюзия бөлмелерін ашумен, тьютор дайындаумен айналысатын санаулы қоғамдық ұйымдардың бірі. Қызметкерлерінің айтуынша, арнайы бөлме ашуға бес миллион теңге шамасында қаржы жұмсалады. Қазір ұйым жәрдеміне зәру 200-ден астам бала кезекте тұр.
Ұйымның мінез-құлық анализі маманы сегіз тьюторға кураторлық ететін Айнұр Нұрова: «мектептерде мамандардың жалақысы аз» дейді.
- Тьютор жалақысы өте аз. Ресми 46 мың теңге, ал аймақтарда, тіпті, 38 мың. Ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтінін ескерсек, бұл өте аз. Сондықтан ата-аналар өз еркімен маманға қосымша тағы 34 мың теңге шамасында ақша қосып отырады. Әр аймақта әртүрлі. Сонымен есептегенде, тьютор 80 мың теңге шамасында жалақы алады, - дейді Нұрова.
Қазақстанда инклюзивті білім беру мәселесі әлі зерттеліп жатыр. Мектептерде инклюзия бөлмелерін ашу, тьютор мамандығы бойынша штат белгілеу секілді жұмыстар заңмен бекітілмеген. Ол жұмысты әзірге жергілікті әкімдіктер мен қоғамдық ұйымдар атқарып отыр.
Білім және ғылым министрлігіне қарасты институттар арнайы методологиялар әзірлеп, оқулықтар мен оқытушыларды дайындау жолдарын қарастырып жатқанын айтады. Астанада өткен педагог мамандардың Тамыз конференциясының 13-гі бір жиыны да осы тақырыпқа арналды.
- Бұл тарапта жергілікті атқарушы органдардың рөлі өте үлкен. Өйткені мектептер, балабақшалар, коллеждер, жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады. Жаңағы пандус қою үшін де, тьютор беру үшін де, тиісті оқулықтар алу үшін де жергілікті бюджеттерден қаржы бөлінуі керек. Осы мәселені қолға алып жергілкті атқарушы органдармен бірге жұмыс істеп жатырмыз, - дейді Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов.
Қазақстанда Білім туралы заңға 2010 жылы енгізілген толықтырулар мен өзгертулер бойынша кез келген мектеп ерекше мұқтаждығы бар кез келген баланы қабылдауға міндетті. Бірақ іске келгенде құрал-жабдық пен арнайы маманның жоқтығынан бұл саясат жүзеге аса бермейді. Ресми дерек бойынша, елдегі кәмелет жасына толмаған балалардың үш пайызы, яғни 148 мыңы инклюзияға зәру. Олардың 40 мыңға жуығына ғана арнайы білім беретін жағдай жасалған.
ПІКІРЛЕР