Accessibility links

Интернеті жоқ ауыл студенттері мен оқушылары қашықтан қалай оқиды?


Интернет қолданып отырған оқушылар. Көрнекі сурет.
Интернет қолданып отырған оқушылар. Көрнекі сурет.

Шалғайда жатқан Өрнек ауылының тұрғындары студент балаларының қашықтан оқу процесіне қатыса алмай отырғанын айтады. Аудан басшыларының сөзінше, қашықтан оқуға ауыл мектебіндегі жалғыз компьютердің интернеті де жарайды. Қазақстан үкіметінің жоспары бойынша, шалғайдағы шағын ауылдарға интернет 2-3 жылдан соң жетуі мүмкін.

«ӨКІМЕТ БІЗДІ БІЛЕ МЕ?»

Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жариялап, студенттерді қашықтан оқуға жібергелі интернеті жоқ елдімекендер жаңа проблемаға кезіккенге ұқсайды. Азаттыққа хабарласқан Қостанай облысының Қарабалық ауданы Өрнек ауылы тұрғындардың сөзінше, интернеті, ұялы байланысы жоқ ауыл студенттері оқудан қала бастаған.

Қарабалық кентінен 50-60 шақырым шалғайда, Қазақстанның Ресеймен шекарасында жатқан Өрнек ауылында 20-ға жетер-жетпес үй бар. Тұрғындардың сөзінше, түрлі қалада оқитын Өрнектің сегіз баласы мен аудан орталығындағы мектепте интернатта жатып оқитын сегіз оқушы коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланған соң ауылға қайтқан. Өрнек тұрғыны Төлен Рамазанұлы «қашықтан оқу – қашықта жатқан, интернеті жоқ ауыл студентеріне қиын боп тұрғанын» айтады.

- Біз сияқты осы заманның байланыс құралдарынан мақұрым ауылдар бар екенін өкімет біле ме өзі?- дейді ол.

Өрнек ауылындағы мектеп. Қостанай облысы, Қарабалық ауданы.
Өрнек ауылындағы мектеп. Қостанай облысы, Қарабалық ауданы.

Төлен Рамазанұлының сөзінше, Өрнек ауылында ұялы байланыс жоқ. Интернет тек бастауыш мектептің бір компъютерінде ғана бар. Оның да жылдамдығы әлсіз, электронды поштамен хат жіберуге ғана жарайды. Фотосуреттің өзі әрең жүктеледі. Wi-Fi тартуға, онлайн сабақ өтуге жылдамдығы жетпейді.

Төлен Рамазанұлының Алматы мен Павлодар қалаларына үш студент баласы мен аудан орталығы Қарабалықтағы интернатта жатып оқитын баласы үйге қайтып келген. «Сәуірдің бесіне каникул аяқталған соң мектеп оқушылары да қашықтан оқуы әбден мүмкін» деген білім және ғылым министрлігінің хабарын Өрнек ауылы да естіп отыр.

Сабақ оқып отырған оқушы. Көрнекі сурет.
Сабақ оқып отырған оқушы. Көрнекі сурет.

- Қаладан келген студенттер мен оқушылар, барлығы 16 бала онлайн-сабаққа қатыса алмайтынын былай қойғанда, электронды поштаның кезегін күтіп бір комьютерге телміріп отыра ма? Коронавирус жұқпас үшін адамдар шоғырланбасын дейтін талап не болады сонда? - дейді Төлен Рамазанұлы.

Өрнек ауылының тағы бір тұрғыны Орындық Ержанова студент екі қызының Қостанайдан қайта алмай отырғанын уайымдайды. Қостанайдағы қызы Жанар Ержанова университеттің сайтына кіріп, онлайн сабақтарға, вебинарларға қатысу үшін қалада қалуға мәжбүр болған.

- Онлайн сабаққа тіркелгенімізді оқытушы көріп отырады, сабақтан қалуға болмайды. Өрнектегі интернетпен онлайн сабақтарға қатыса алмаймыз,- дейді Жанар Ержанова.

«ОҚЫТУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?»

Қашықтан оқыту әдісі интернеті жоқ немесе интернет жылдамдығы нашар елдімекендерге кеткен студенттерге қиын тиюі мүмкін екенін жоғары оқу орындары оқытушылары да айтады. Олардың сөзінше, әр оқу орны түрлі бағдарлама пайдаланғанымен, студент пен оқытушы арасын онлайн жақындастыратын тәсілге көбірек жүгінеді.

Оқытушы Қуандық Шамахай жұмыс істейтін Нұр-Сұлтандағы жоғары оқу орындарының бірі онлайн сабақты «Platonus» бағдарламасымен жүргізеді. Сабаққа кімнің қатысқанын мұғалім көріп отырады. Тапсырма бағдарлама чатына жүктелгеннен кейін студентке танысып шығуы үшін 15 минут уақыт беріледі. Содан кейін сабақ жазбаша сұрақ-жауап түрінде өтеді.

Бірақ мұндай мүмкіндікті интернет жылдамдығы жоғары елдімекендердің студенттері ғана пайдалана алады.

Жекеменшік мектеп иесі, химия пәнінің мұғалімі Аятжан Ахметжан жаппай қашықтан оқытуға оқу орындарының барлығы бірдей дайын емес деп есептейді. Оның сөзінше, интернеті болған күннің өзінде бұрыннан қашықтан оқытып тәжірибе жинамаған оқу орындары қиналуы ықтимал.

Аятжан Ахметжан.
Аятжан Ахметжан.

- Кей мектептер мен университеттердің онлайн оқытуға мүмкіндігі бар. Олар бұған дейін де онлайн сабақ өткізіп жүр. Ал, жалпы стандарттағы мектептердің қашықтан білім беруге шамасы келмейді. Ондай бағдарламалардың қыр-сырын білетін мұғалімдер де көп емес, - дейді мұғалім.

Аятжан Ахметжан қашықтан білім беруге Қазақстандағы интернет жылдамдығы да әсер ететінін айтады. Оның сөзінше интернет жылдамдығы аз немесе мүлде интернеті жоқ ауылға кеткен студенттердің онлайн сабаққа қалай қатысатыны түсініксіз.

«ҚАШЫҚТАН ОҚУҒА ДАЙЫНБЫЗ!»

Алайда, Өрнек сияқты шалғайдағы ауыл тұрғындарының жай-күйін білетін басшылар «қашықтан оқуға дайынбыз» деп санайды.

Қарабалық кентіне орналасқан Мұхамеджан Сералин атындағы №3 орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі Гүлнар Сейдуәлиқызының сөзінше «Өрнек ауылының бастауыш мектебіндегі интернет қашықтан оқуға жарайды. Өрнек ауылына қайтқан 7 оқушы соны пайдалана алады».

Қарабалық ауданы әкімінің орынбасары Азамат Аужанов та Өрнек ауылында интернет бар екеніне және қашықтан оқуға жарайтынына сенімді.

Ауыл мектебінің оқушылары. Көрнекі сурет.
Ауыл мектебінің оқушылары. Көрнекі сурет.

- Өрнек мектебінің директорына қашықтан оқитындарға аудитория беруді тапсырдық. Мектепте «Қазақтелекомның» интернеті бар, мүмкіндігі жетеді. Ұялы байланысты биыл орнатамыз, - дейді ол.

Алайда, ауыл тұрғындарының сөзінше бастауыш мектептегі жалғыз комъютерге жалғанған интернет «Astel» компаниясына тиесілі спутник - тәрелке арқылы келіп тұр.

Қазір Өрнек ауылында небәрі төрт оқушы оқитын бастауыш мектеп бар. Бірақ ғимараты үлкен. Бұрын орта мектеп болған. Төрт оқушы бастауышты биыл бітірсе, келер жылы жабылып қалуы ғажап емес. Өйткені 1,2,3 сынып оқушылары жоқ. Мектептің мұғалімі де, меңгерушісі де бір адам. Ағылшын тілінің мұғалімі аптасына екі рет өзге ауылдан келіп сабақ береді.

Өрнек бастауыш мектебі меңгерушісінің сөзінше, мектептегі интернеттің Wi-Fi тарата алмайтыны рас. Бірақ «электронды поштамен қашықтан оқимын» дейтін оқушылар мен студенттер келе беруіне болады».

Қазақстан билігі соңғы он жылдықта интернет жылдамдығын арттыратыны жайлы бірнеше рет мәлімдеген еді. 2011 жылы ақпан айында сол кездегі премьер- министр Кәрім Мәсімов байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевке интернет жылдамдығын 2012 жылы әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіш – секундына 16 Мбит-ке жеткізіп, Оңтүстік Корея деңгейіне жету жөнінде үкіметке тапсырма берген.

Алайда Өрнек ауылының тұрғындары ауылдағы жалғыз интернет нүкте – ауыл мектебінің компьютеріндегі интернет жылдамдығы - Мәсімовтың тапсырмасынан кейін тоғыз жыл өтсе де өзгере қойғанына күмәнмен қарайды.

Бүгінде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарып жүрген Асқар Жұмағалиев осыдан бір ай бұрын ғана «ауылдарға жоғары жылдамдықты мобильді интернет жүргізу кестесін» құрды.

Министрдің сөзінше, «қазіргі уақытта Қазақстанның 117 қаласы мен 250-ден асатын тұрғыны бар 3100-ден астам ауыл кең жолақты мобильді интернетке қосылған. Жыл соңына дейін тұрғындар саны 250-ден асатын мыңнан астам ауылды жылдамдығы жоғары мобильді интернетпен қамту жоспарланған».

Асқар Жұмағалиевтің жоспарына қарағанда, «2021-22 жылдары 250 адамнан аз тұрғыны бар 877 ауыл кең жолақты интернетке 3G/4G теxнологиясымен және қалған 930 ауыл спутник интернетке қосылады».

Жұмағалиевтің бұл жоспары жүзеге асса, Өрнек ауылы сияқты шалғайда жатқан, тұрғыны 100-ден аспайтын ауылдарға интернет енді 2-3 жылдан кейін жетуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG