Азаматтық белсенді Санавар Закирова бас прокурордың отставкасын талап етті

Белсенді Санавар Закирова бас прокурордың оставкасын талап етіп, пикет өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 15 маусым 2021 жыл.

15 маусымда нұрсұлтандық азаматтық белсенді Санавар Закирова бас прокуратура алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің отставкасын талап етті.

Оны полиция өкілдері бақылап, видеоға түсіріп тұрды, бірақ тиіспеді.

Санавар Закирова орыс тілінде жазылған «Требую отставки генерального прокурора Нурдаулетова за ненадлежащий надзор!» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Оның сөзінше, бас прокурор Нұрдәулетов қызметінен кетуі тиіс, себебі ол өзінің қадағалау функциясын мүлдем атқармай отыр.

- Мен әр ай сайын арыз-шағым, өтініш жазумен келемін. Бірақ олар маған «сізбен 2018-ші жылдан бері хат алмасу тоқтатылған» деген жауап жазады. Олар тіпті менің арызыма жауап бермейді. Енді маған «Нұрдәулетовті қызметінен алсын» деп талап етуден өзге жол қалмады. Өйткені, бұл жерге жұмыс істейтін адам керек! - дейді Санавар Закирова.

Ол жеке пикетке шығу туралы арызын 7 маусымда Есіл аудандық әкімдігіне тапсырған, бірақ бір аптадан соң «уақыты көрсетілмегендіктен өткізуге рұқсат жоқ» деген жауап алған. Белсенді сол күні әкімдіктің ескертуін бірден орындап, пикет уақытын жазған, оған әкімдіктен кері жауап болмаған.

Санавар Закирова өзіне әкімдік өкілі келіп ескерту жасап кеткенін айтып, айыппұл салатын болар деп жобалайды.

53 жастағы Санавар Закирова өздері әділетсіз деп санайтын сот шешімдерінің күшін жоюды талап етіп, 2019 жылдан бері наразылық акцияларына шығып жүрген топтың жетекшісі. Олардың наразылығы екі жыл бұрын маусым айында басталған.

2019 жылы 4 маусымда Нұр-Сұлтанда "Нұр Отан" партиясының орталық ғимараты алдына жиналған топ "әділетсіз сот жүйесіне" наразылық білдіріп, мәселелерін шешетін арнайы комиссия құруды, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді сұраған. Кейбірі партияның ғимаратында қонып та қалған еді. Ол кезде президенттікке сайлауға түсіп жатқан Тоқаевтың басқа өңірде жүргені хабарланып, наразылармен "Нұр Отан" партиясы төрағасының cол кездегі бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кездескен. Ол жиналғандардың мәселесін қарау үшін арнайы комиссия құрылады деп уәде еткенмен наразылар ол уәденің орындалмағанын айтады.

Закирова Facebook-те "Нұр Отан" партиясын жиі сынайды. Партия мүшелерімен конфликтіден соң былтыр шілдеде "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы бойынша бір жылға абақтыға қамалған. Биыл қаңтарда қалған жазаны айыппұлмен алмастырып, бостандыққа шықты. Санавар Закированың тағылған айыпты мойындамай, "істің саяси астары бар" деп айтқан. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

Бұған дейін билік оның "Наше право" партиясын тіркеуден бас тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенді Санавар Закирова түрмеден босатылды