17 маусымда Ресейде 17 262 адамнан коронавирус анықталды. Қаңтар айынан бері мұндай жоғары көрсеткіш тіркелмеген. Бір күнде 453 адам қайтыс болған. Мәскеуде 9 056 адамнан вирус шыққан. Бұл індет басталғалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Қала мэрі Сергей Собянин жағдайдың нашарлауына байланысты осы аптада енгізген шектеу шараларының мерзімін ұзартты. Оған сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары түнгі 11 мен таңғы 6 арасында жұмыс істей алмайды. Ойын және спорт алаңдары, фудкорт, зоопарктер жабылды.
Мәскеуде сонымен бірге көпшілік шараларға шектеу қойылды. Қоғамдық шараға қатысатындар мыңнан аспауы тиіс.
"Біз бәріне ескерткенбіз. Стадион, ірі концерт залдарында талаптарды орындап, сақ болыңыздаршы дедік. Ақыры не болды? Би алаңдарында адамдар топ-топ болып, мәз-мейрам билеп жүр. Мен амалсыздан мұны жасауға тиіспін. Бүгіннен бастап қоғамдық шараларға мыңнан астам адам қатыса алмайды. Яғни, театрлар мен кинотеатрлар жұмыс істей береді. Ал көпшілік шараларды уақытша тоқтатамыз. Би алаңдары мен жанкүйерлерге арналған фан-зоналарды жабуға тура келеді" деп жазды Мәскеу мэрі блогында.
19-29 маусым аралығында Мәскеуде сынақ ретінде "вирустан таза" мейрамхана және дәмханалар жұмыс істей бастайды. Мұндай орындарға коронавирустың толық екі дозасын алған сертификаты бар адамдар ғана бара алады. Ғимаратқа адамдарды QR-кодпен кіргізеді. Сынаққа 1500-2000 мейрамхана қатысады.
- Forbes-тің жазуынша, Мәскеу билігі қайтадан локдаун енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, әзірге түпкілікті шешім қабылдамаған. Билік 20 маусымнан бастап вакцина алмағандарға қатаң шектеу енгізуі мүмкін, нақты шешім коронавирус статистикасы мен вакциналанғандар есебіне қарай және бизнес өкілдерімен ақылдасқаннан кейін қабылданады.
- 16 маусымда Мәскеу және қала маңындағы елді мекендерде қызмет көрсету, білім, көлік, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, мемлекеттік қызметкерлердің кемінде 60 пайызы вакцина алуға міндеттелген болатын.
- Денсаулық сақтау министрлігі "Спутник V" вакцинасын жүкті әйелдер арасында пайдалануға қатысты жаңа деректерді зерттеп, оларға да екпе егуге рұқсат етуі мүмкін. Министрлік "мұны аяғы ауыр әйелдер арасында коронавирустың ауыр түріне шалдыққандардың пайда болуымен" байланыстырады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеу мен оның маңайында қызмет көрсету саласындағыларға Covid екпесі міндеттеп салынады