Accessibility links

Мәскеу мен оның маңайында қызмет көрсету саласындағыларға Covid екпесі міндеттеп салынады


Мәскеудегі "Арена Плаза" сауда орталығындағы екпе пункінде вакцина салдырғалы отырған адам. 24 мамыр, 2021 жыл.
Мәскеудегі "Арена Плаза" сауда орталығындағы екпе пункінде вакцина салдырғалы отырған адам. 24 мамыр, 2021 жыл.

Мәскеу қаласы мен облысында қызмет көрсету, транспорт, білім, денсаулық, мәдениет саласы қызметкерлері мен шенеуніктерге коронавирусқа қарсы вакцинаны міндеттеп салмақ. Ресей астанасында коронавирус жұқтырғандар күрт көбеюіне байланысты жергілікті санитарлық мекемелер осындай қаулы қабылдады.

Қаулыға сәйкес, жұмыс берушілер 15 шілдеге дейін қызметкерлеріне вакцинаның бірінші компонентін, ал 15 тамызға дейін екіншісін салғызуы тиіс.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин қалада Covid індетінің қайта өршігенін мойындады.

Қазір Мәскеу ауруханаларында коронавирус инфекциясын жұқтырған 12 мыңнан астам науқас жатыр. Ауырғандар саны жөнінен Мәскеу "былтырғы жоғары көрсеткіштер деңгейінде тұр" деп жазды Собянин. Індетті тежеудің жалғыз жолы – екпе деген ол жақын уақытта жаппай вакцина салуды жеделдету керегін айтты. "Бізді дұрыс түсініп, осы тым ауыр, күрделі, қажетті де жауапты шешімді орындауға көмектесуді сұраймын" деді Мәскеу мэрі.

Ресей астанасындағы Коммунарка ауруханасының бас дәрігері Денис Проценконың айтуынша, қазір бұл емдеу мекемесінде 400-ден астам адам өкпе желдету аппаратында жатыр. Бұл – бұрын-соңды болмаған антирекорд.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бүкіл ел аумағында міндеттеп вакцина салдыру жоспары жоқ екенін айтты. Мұның алдында президент Владимир Путин міндеттеп вакцина салдыруға болмайтынын ескерткен.

Ресейдің көп ауданында соңғы апталарда коронавируспен ауырғандар күрт көбейді. Билік жұрттың жиналуына тыйым салатын шектеу шараларын қайта енгізіп жатыр.

16 маусымда Ресейде бір тәулікте вирус жұқтырған 13 397 адам тіркелсе, 396 адам осы дерттен көз жұмған.

Ресейдегі вакциналау қарқыны Еуропадағыдан шамамен төрт есе баяу. Ел азаматтарының оннан бірі ғана вакцинаның кемінде бірінші дозасын салғызған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG