Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Ауғанстанда соғыс кезінде қайтыс болған не жарақат алған балалар санының көбейіп жатқанына алаңдайды.
Ұйымның 22 маусымда жариялаған "Балалар және қарулы жанжалдар" атты баяндамасында 2020 жылы Ауғанстанда 760 бала қаза тауып, 1859-ы жарақат алғаны жазылған. Олардың ішінен 1 098 жеткіншек тәліптердің не басқа көтерілісшілердің қолынан оққа ұшып немесе жараланған болса, 962 бала үкімет әскеріненің қолынан ажал құшқан не зардап шеккен.
"Жасы кәмелетке толмаған балалар соғыста пайдаланылып, жыныстық зорлық көріп келеді" деп жазылған баяндамада.
Былтыр желтоқсанның аяғында 164 ер бала және бір қыз реабилитация орталығына жіберілген. Бұдан бөлек 318 бала (көбі ауған азаматы емес) соғысқа қатысып жатқан топтарға байланысы бар деген айыппен қамалған аналарымен бірге түрмеде отыр.
Баяндамадағы мәліметке сәйкес, 2020 жылы әлемдегі 21 қарулы жанжалда 19 мыңнан астам бала түрлі зорлық-зомбылық құрбаны болған. Мұндай жағдайлардың көбі Ауғанстан, Конго демократиялық республикасы, Сомали, Сирия және Йеменде тіркелген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Талибан ауған-тәжік шекарасының маңындағы аймақты басып алды