АҚШ Гонконгтегі жағдайға байланысты Қытай шенеуніктеріне санкция салды

Гонконгтегі Қытайға қарсы наразылық. 1 шілде 2021 жыл.

АҚШ Қытайдың жеті шенеунігіне "Гонконгтегі демократиялық құндылықтарға қауіп төндірді" деп санкция салды.

АҚШ қаржы министрлігі жариялаған санкцияға Қытайдың Гонконгтегі байланыс бөлімінің шенеуніктері ілінген. Пекин бұл бөлімді Гонконгте өзінің саясатын жүргізу үшін қолданады.

Қара тізімге байланыс бөлімінде басшылық қызмет атқаратын Чен Дун, Хэ Цзин, Лу Синнин, Цю Хун, Дань Тяньуй, Ян Цзяньпин, Инь Цзунхуа және олардың орынбасарлары енген.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "кейінгі уақытта Қытай шенеуніктері Гонконгте демократиялық құндылықтарды жүйелі түрде бұзып, билікпен келіспеген мыңдаған адамды қамады" деді.

2019 жылдан бері Гонконгте Қытай саясатына қарсы наразылық күшейген.

Қытай "Гонконг территориясында жүрген адам қандай да бір іске күдікті болса, оны Пекинге беру туралы" заңын ұсынған соң Гонконгте жаппай наразылық болған еді.

Бұдан бөлек, Қытай билігі 2020 жылы 30 маусымда Гонконгтің ұлттық қауіпсіздігі туралы заң қабылдаған. Қауіпсіздік туралы заңға сәйкес, Пекин сатқындық, сепаратизм немесе терроризм деп тапқан кез келген әрекетті жасаған адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл заң Гонконгтің өзі ішінде және Батыс елдері тарапынан қатаң сынға ұшыраған. Олар заң Гонконгте саяси қуғынды күшейтеді, тұрғындардың бостандығын шектейді деп санайды.

2019 жылдан бері Гонконгтегі наразылықтың белді мүшелерінің көбі қамалды.

1997 жылы Ұлыбритания Гонконгті Қытайға берген, бірақ бұл шағын елде "бір ел – екі жүйе" саясаты болған. Яғни, Гонконг 2047 жылға дейін ішкі саясатын өзі анықтауға мүмкіндік алған. Әкімшілік аумақ Пекинге тек сыртқы саясат пен қорғаныс мәселесінде бағынатын болған. Бірақ қазір Қытай Гонконгке түрлі заңдар енгізіп, толық бақылау орнатуға тырысып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Си Цзиньпин Қытайға "көз алартқан" сыртқы күштердің "басын жарамыз" деп сес көрсеттіШыңжаңнан АҚШ-қа дейін. Қытайдың басы дипломатиялық даулардан арылмай тұр"Саяси бомба". Пекиннің Гонконгтегі агрессиясы АҚШ-пен қырғиқабақ соғысқа әкеле ме?