Accessibility links

"Саяси бомба". Пекиннің Гонконгтегі агрессиясы АҚШ-пен қырғиқабақ соғысқа әкеле ме?


Пекиндегі Халық жиналысы ғимаратының алдында тұрған полицей. 27 мамыр 2020 жыл.
Пекиндегі Халық жиналысы ғимаратының алдында тұрған полицей. 27 мамыр 2020 жыл.

Вашингтонның ескертуіне қарамастан, Пекиннің Гонконгте қауіпсіздікке қатысты шектеулер енгізу ниеті онсыз да оңып тұрмаған АҚШ-Қытай қатынасына жаңа сызат түсірді.

Мамырдың 21-і Бүкілқытайлық конгресс жиынында Қытай "Гонконгте астыртын әрекеттің, сепаратизм мен шетелдің араласуын" болдырмайтын заң жобасын қабылдау керек деген ұсыныс айтып, Гонконгке "саяси бомба" тастады.

Бұл заң Гонконгте былтыр болған демократияны жақтаушылардың наразылығына жауап ретінде әзірленген. Қытайдың Гонконгтің саяси билігіне ықпалын күшейткеніне наразы миллиондаған адам көшеге шығып, соңы полициямен қақтығысқа ұласқан.

Қытай Коммунистік партиясының жаңа ұсыныстары 1997 жылы Гонконгті Ұлыбританиядан Қытайдың басқаруына берген кездегі "аймаққа айрықша еркіндік беру" кепілдігінің сақталмайтынын аңғартады.

Сыншылар мен құқық қорғаушылардың айтуынша, Пекиннің жоспары арнайы басқару аймағы ережелерін өрескел бұзады.

Жаңа ереже ұсынған Пекин Гонконгтің дербес заң шығару құқығын айналып өтіп, "бір ел, екі жүйе" деп аталған аймақты басқарудың ерекше жүйесін бұза бастады. Бұл Гонконгтегі еркіндікті, оның халықаралық қауымдастықтағы орнын түбірімен өзгертпек.

Ең үлкен қауіп – Қытай Гонконгте қауіпсіздікті қорғау институттарын құру құзыретіне қол жеткізбек. Бұл – Гонконгте Қытайдың құқық қорғау органдары болады деген сөз.

Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы. Осы жиында Гонконг қауіпсіздігін бақылайтын заң жобасы ұсынылды. Пекин, 22 мамыр 2020 жыл.
Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы. Осы жиында Гонконг қауіпсіздігін бақылайтын заң жобасы ұсынылды. Пекин, 22 мамыр 2020 жыл.

"Бұл Гонконг пен Қытайдың арасындағы есіктерді ашып, қабырғаларды құлатады. Қытай Гонконгте ұлттық қауіпсіздік мекемелерін құруға ресми рұқсат алатын болса, бұл Пекиннің ойына келгенін кедергісіз жүзеге асыруына мүмкіндік береді" деді Гонконг университетінің ғалымы, аймақтың демократиялық қозғалыстары бойынша сарапшысы Элиза Ли.

Мамырдың 24-інде Гонконг тұрғындары арақашықты сақтау туралы ережеге қарамастан, полицияға қарсы шықты, ал тәртіп сақшылары жас ағызатын газ қолданды. Қытай сыртқы істер министрі Ван И кейінгі уақытта өршіп кеткен үкіметке қарсы наразылықты тоқтату үшін "арандатуға қарсы заңды қабылдау – кезек күттірмес шаруа" деді.

Қытай басшылары ұлттық қауіпсіздік туралы қайшылыққа толы заңды "ойланбастан жедел қабылдау керек" деп біледі.

Бірақ заңның жай-жапсары туралы толық ақпарат жоқ. Өткен аптада Қытай үкіметі "мөр басумен" айналысатын парламентке қарардың жобасын жіберген, депутаттар оған осы аптада дауыс беруі керек. Содан соң заңға қатысты нақты ақпарат жария бола бастайды.

АҚПАРАТ АЗ, УАЙЫМ КӨП

Бүкіл әлем назары коронавирус пандемиясына ауған сәуір-мамыр кезінде Гонконгте белсенділерді тұтқындалып, заң шығарушылар төбелесті. Бұл ел Қытай басшыларының лепірме мәлімдемелеріне куә болды.

Кейбір сарапшылар "Қытай төрағасы Си Цзиньпин АҚШ сияқты басты қарсыластары коронавирустан адам шығынының көбеюімен әлек болып жатқанда, әлемдік пандемияны пайдаланып, ойындағы саясатын жүзеге асыруға тырысып жатыр" деген болжам айтты.

"COVID-19 болса да, болмаса да, бұл жүзеге асар еді, бірақ пандемия үлкен қалқан болып отыр. Қытай бұған пандемия келгенге дейін-ақ, біраздан бері дайындалып жатқан" деді Лондондағы SOAS университеті Қытай институтының директоры Стив Цанг Азаттыққа сұхбатында.

ЖАҢА ДӘУІР

Си Цзиньпиннің Гонконгке қатысты әрекеті Ресей президенті Владимир Путиннің Украинадан Қырымды алып қойған 2014 жылғы әрекетін еске түсіреді. Бірақ мұнда бірнеше маңызды өзгешелік бар.

Біріншіден, Пекин мақсатына жету үшін арнайы күшті емес, заңды қолдануға әрекеттеніп жатыр. Оның үстіне, Қырымнан айырмашылығы – әлем жұртшылығы Гонконгті баяғыда Қытайдың бір бөлігі ретінде мойындаған. Дегенмен, оның айрықша мәртебесі халықаралық келісім арқылы анықталып, БҰҰ-да бекітілген.

Ресей сияқты, Қытайдың Гонконгтегі әрекеті де халықаралық құқық нормалары мен мойнына алған дипломатиялық міндеттемелерін бұзу болып саналады. Цангтің айтуынша, мұның салдары ауыр болмақ.

"Бұл – Қытайдың өзіне жақпаған маңызды халықаралық келісімдерді бұза салатынын я елемей қоятынын көрсететін белгі" дейді сарапшы.

Пекин ұсынған Гонконг қауіпсіздігін бақылау заңына қарсы наразылық. Гонконг, 24 мамыр 2020 жыл.
Пекин ұсынған Гонконг қауіпсіздігін бақылау заңына қарсы наразылық. Гонконг, 24 мамыр 2020 жыл.

1997 жылдан бері Гонконг бөлек құқықтық, саяси және экономикалық жүйесі, баспасөз бен митинг еркіндігі сияқты демократиялық құндылықтарға кепілдік беретін "Негізгі заң" деп аталатын де-факто конституциясы бар жартылай дербес аймақ ретінде өмір сүріп келеді.

Ұлыбритания бұрынғы отарын қайтарғанда Пекин "бір ел, екі жүйе" ережесін 2047 жылға дейін сақтауға уәде берген.

1997 жылғы келісім бойынша, Қытай Гонконгтің қорғанысы мен сыртқы қарым-қатынасына ғана жауап береді, ал аймақ ғаламдық қаржы орталығы ретінде ішкі мәселелерін өзі шешіп, әрі қарай дами береді.

Алайда Си Цзиньпин Қытай Коммунистік партиясының басшылығына келген 2012 жылдан бері Пекин Гонкогтің айрықша мәртебесіне қайта-қайта қол салып келеді. Бұл 2014, 2019 жылдардағыдай жаппай наразылыққа алып келген.

Алдыңғы екі жағдайда да Пекин халықтың наразылығынан және әлемдік қауымдастықтың пікірінен тайсалып, кідіріп қалған еді. Ал қазір Компартия халықаралық қауымдастықтың қарсылығына қарамастан, өз билігіне іштен төнген қауіптің көзін жоюға кіріскен тәрізді.

"Пекин өзіне бүкіл әлемнің тамсана қарағанын, жер-жаһанға жұмсақ күшпен ықпал етуді қалайды-ақ. Бірақ басты уайым – Компартияның тұрақтылығы мен өміршеңдігі болғандықтан, олар тәуекелге бармақшы" дейді Цанг.

"АЖАЛ ҚОҢЫРАУЫ"

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео өткен аптада Пекиннің жоспарын сынға алып, оны Гонконг бостандығына ескерту, яғни, "ажал қоңырауы" деп атады. Британия, Австралия мен Канада да заң жобасына байланысты "ерекше алаңдап отырғандарын" айтты. Дегенмен ең қатты жауап қатқан ел – АҚШ болды, президент Дональд Трамп әкімшілігі Гонконгті сауда және инвестиция бойынша ерекше мәртебесінен айыруды ойластырып жатқанын хабарлады. Бұл шешім Гонконгте жұмыс істеп жатқан Американың жүздеген компаниясының жағдайын қиындатып, АҚШ-Қытай сауда келіссөздерін үзіп тастары анық.

Қытай Вашингтонның кез келген әрекетіне қарсы жауап береміз деп кіжініп отыр.

"АҚШ Қытайдың мүддесіне кесірін тигіземіз десе, Қытай бұған қарсы тұрып, күресу үшін қажетті шараның бәрін қолданады" деді Қытай сыртқы істер министрінің ресми өкілі Чжао Лиянь мамырдың 25-інде.

Трамп "заң қабылданар болса, қатаң жауап қатамыз" дегенімен, әрі қарай толық ашылып айтпады.

"Пекиннің пайымдауынша, АҚШ Гонконгке қатысты қаржылық жеңілдіктерді алып тастамайды. Себебі бұл Американың компанияларына көп кесірін тигізеді" деді Джонс Хопкинс университеті Халықаралық зерттеулер орталығының саяси экономика профессоры Хо Фунг Хунг Азаттыққа берген сұхбатында.

Вашингтонның Гонконгке қатысты пікіріне, АҚШ пен Қытай арасында аяқталмаған сауда соғысына және Американың Тайваньды қолдауына қарсылық білдірген Қытай сыртқы істер министрі екі елді "қырғиқабақ соғысқа итермелеп жатқан" АҚШ-тағы "саяси күштерді" айыптады.

Пекинді үлкен экономикалық және дипломатиялық дүрбелеңдер күтіп тұр.

Мамырдың 24-індегідей наразылық шаралары бола берсе әрі Пекиннің аймақты уысына алу жоспарына қарсылық күшейе түссе, Гонконгтің әлемдік қаржы орталығы ретіндегі мәртебесі мен беделіне нұқсан келеді. Бұл Қытайға экономикалық тұрғыда тиімсіз. ​

"Пекин Гонконгте агрессияшыл әрекетін жүргізіп жатқан тұста Трамп әкімшілігінің ескерту оғын атып, Гонконгтегі кейбір артықшылықтарды алып тастаудан басқа амалы жоқ" дейді профессор Хунг.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған Мұхтар Екей

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG