Алдағы оқу жылында оқушыларға мектеп формасыз сабаққа баруға рұқсат беріледі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағаметов Фейсбуктағы парақшасында осылай деп хабарлады. Оқушылар сабаққа классикалық үлгідегі киіммен қатыса алады.
Министрлік шешімді карантин шаралары мен індет кезінде сауда орындарында ұзын-сонар кезекті қалыптастырмау ниетімен байланыстырады. Бұған қоса, экономикалық жағдайға байланысты форма сатып алу кейбір отбасының бюджетіне салмақ түсіруі мүмкін.
"Мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық" деп жазды министр.
Былтыр оқу жылы қарсаңында министрлік осыған ұқсас шешім қабылдаған. Бірақ қазақстандық оқушылардың басым бөлігі қыркүйек пен мамыр аралығында қашықтан оқыды. 2021 жылы мамыр айында республикалық педагогикалық кеңесте Қазақстанның білім жүйесі "бұдан әрі қашықтан оқуға шыдай алмайды" деген пікір айтылды.
Шілде айында президент үкіметке жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттердің дәстүрлі форматқа оралуына жағдай жасауды тапсырған. Вирус күшейген тұста 2 тамызда білім және ғылым министрлігі оқу форматы жөнінде шешімді ведомствоаралық комиссия қабылдайды деп мәлімдеген.
Бұған дейін министрлік індет кезінде мектепте сабақ өткізу бойынша нұсқаулық әзірлеген. Онда балалар мен қызметкерлердің дене қызуын өлшеу, кварц сәулесін пайдалану, ғимаратты залалсыздандыру, әлеуметтік қашықтық сақтау, оқитын балалар санына қарай кезекшілікті ұйымдастыру сияқты ережелер бар.
Маусым айының соңынан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар көбейіп жатыр. Кейінгі апталарда күніне тіркелген науқастар 7 мыңнан асты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
ЮНИСЕФ 1 қыркүйектен бастап Қазақстандағы мектептерді ашуға кеңес бердіАймағамбетов келесі оқу жылы барлық мектеп дәстүрлі форматқа оралады деп үміттенеді"Баланы демалтып, өзіне деген сенімін көтерген жөн". Мамандар жазғы демалысқа қандай кеңес береді?"Үкімет мүгедектерді ұмытты". Зағип балалар қашықтан қалай оқып жүр?"Қаңтардан бері қылмыскер болғаным". Баласы шетелдік онлайн-мектепте оқитын ата-аналар неге наразы?